Қазақстандық жас ғалым, биолог Болат Сұлтанқұлов жарты жыл бұрын әлеуметтік желідегі парақшасында ағзадағы вирусқа қарсы антиденені емес, синтетикалық нанодененің негізінде нақ коронавирустың өзін анықтайтын экспресс тест-жүйесін жасауға болатынын мәлімдеді. Оның осы мәлімдемесі жан-жақты қолдауға ие болды. Кейіпкеріміз 6 ай тынымсыз еңбек етіп, нәтижесінде қандай да бір құрал-жабдықсыз-ақ COVID-19-ды 15 минуттың ішінде анықтайтын тест-жүйені әзірлеп шықты.
Болат Сұлтанқұлов – Англиядағы Ноттингем университетінде генетик мамандығының бакалавриатын, Биомедициналық инженерия бағытында Назарбаев Университеттің докторантурасын бітірген генетик-биолог, Cellular Therapeutics компаниясының негізін қалаушы, сондай-ақ 2018 жылғы «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы.
Ол осы өнімін жасауда Young Researchers Alliance ұйымының қолдауына, яғни гранттық қаржыландыруына ие болды. Бұл жөнінде жақында жариялаған хабарламасында: «Мені Young Researchers Alliance, Назарбаев Университеттің әлеуметтік даму қоры және Ұлттық биотехнология орталығы қолдады. Бұл маған соңғы 6 айда Швейцариядан келген зерттеу тобы сыйға тартқан синтетикалық наноденелер негізінде тест-жүйесін жасау бойынша үлкен жұмыс атқаруға мүмкіндік берді. Міне, қысқа уақытта мұны дайындап үлгергенімді жеткізгім келеді.
Коронавирус инфекциясын 15 минут ішінде ешқандай жабдықты қажет етпестен анықтай алатын тест-жүйесін жасадым. Дайындалған тест алтын стандарт емес, бірақ Abbott (антиденелерді қолданып) тестінің қолда бар мәліметтеріне сүйене отырып әзірленді», деп жазды.Егер алдағы уақытта тағы коронавирус күшейсе және тестілерге қажеттілік туындаған жағдайда отандық медицинаны қолдау мақсатында өз өнімін беруге ниетті екенін айтты. Ғалым тест-жүйені Израиль, АҚШ, Иран, Швейцария ғалымдарының кеңесімен толықтай өзі жасап шығарды. Тек швейцариялық ғалымдардан коронавирусқа қарсы нанодене технологиясын сұрап, алдыртты. Сол технологияның негізінде өнімді ойлап тапты.
Ал тестінің тиімділігіне келсек, оны кез келген жастағы адамдарға қолдануға болады. Өйткені қауіпсіз. Ғалым жасаған тест-жүйемен вирусты анықтау үшін адамның сілекейі керек. Инфекцияның бірінші белгілері байқалғаннан кейінгі алғашқы 7 күнде вирусты анықтай алады. Егер адам коронавирустың симптомсыз түрімен ауырған жағдайда тестінің адам ағзасына қалай әсер ететіні әзірше белгісіз. Ғалымның айтуынша, бұл жайт алдағы зерттеу барысында белгілі болады. Экспресс тест коронавирусты зертханалық жағдайда нақты әрі жылдам анықтайды.
Қазіргі таңда ПТР-тестінің бағасы 8-9 мың теңгені құрайды. Мұның өзі – шыны керек, арзандағаннан кейінгі сома. Ал кейіпкеріміз өзінің тест-жүйесін әзірлеуді қолға алғанда ең алдымен отандастарына қолжетімді бағада болғанын қалапты. Осы мақсаты жөнінде Б.Сұлтанқұлов: «Әзірге өнімнің бағасы қанша болатынын дәл айтып бере алмаймын. Өйткені бұл әлі есептеліп жатыр. Алайда бір анығы экспресс тест-жүйенің құны қазір қолданыста жүрген ПТР және антидене тестілерімен салыстырғанда арзан болады. Негізі ПТР-тестінің бағасынан 2 есеге дейін арзандатып шығаруға мүмкіндік бар», дейді.
Кейіпкеріміз ойлап тапқан отандық экспресс тест-жүйесін жаппай нарыққа шығару үшін өнімді сараптамадан және сапасын дәлелдейтін тексерістен өткізу керек. Тестіні клиникалық сынақтан өткізуге әлбетте Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауы қажет. Бірақ ғалым қол қусырып қарап отырған жоқ, Назарбаев Университеті жанындағы Әлеуметтік даму қорының қолдауымен зертханада клиникалық сынақтан өткізуді бастады.
«Біз алдымен өзіміз жеке зертханада сынақтан өткізіп алуды көздеп отырмыз. Осыдан соң мемлекеттік органдармен байланыс орнатамыз. Бастысы, бұл тәуелсіз сынақ болмақ. Соның нәтижесін Денсаулық сақтау министрлігіне ұсынамыз», деді бізге берген сұхбатында.Болат өзінің ғылымға келу жолы жөнінде айтқан бір сөзінде: «...Вирустарға қарсы ем іздеуді армандайтынмын», депті. Сол бала арманына жартылай жетіп үлгергендей көрінді. Өйткені ол әлі емі табылмаған қауіпті вирусты анықтайтын тестіні тапты. Бұл – қазір ауадай қажет дүние. Себебі вирусты емдеу үшін алдымен оның бар-жоғын анықтау керек. Ал отандық өнім қолдау таба ма, оны келешек көрсетеді.