Өткен жылы Ақтөбе облыстық музейінің археологиялық экспедициясы Ойыл, Шалқар, Ырғыз аудандарында қазба жұмыстарын жүргізіп, бұрын тізімге енгізілмеген бірқатар этнографиялық ескерткіштерді анықтады. Мұның қатарында ежелгі адамдар тұрағы, қорғандар, орта ғасырлық кесене орны, мешіт, қоршаулар сияқты этнографиялық ескерткіштермен бірге ежелгі өркениеттің материалдық дүниелері де бар.
Олар негізінен тас ғасыры адамдарының тұрақтары, қола және ерте темір дәуіріндегі құрылыстардың қалдықтары, орта ғасыр адамдарының қолымен жасалған материалдық мәдениет үлгілері.
Ойыл өзенінің сол жақ жағалауындағы Самбай, Шөптікөл, Ақшатау, Көптоғай қорымдарындағы обаларға қазба жұмыстары жүргізілді. Көптоғай ауылынан 25 шақырым ежелгі қорымға қазба жұмыстарын жүргізу кезінде ер адам жерленген обадан шіріген темір семсер, ат әбзелдері табылса, оның жанындағы әйел обасынан қыш ыдыстар, қола айна, түйреуіш, тікпе айылбас шықты. Бұл қорымдағы жерлеу дәстүрі және ол жерден табылған ер адамның қаруы мен әйелдің әшекей бұйымдары кейінгі сармат кезеңінің адамдары тұтынған заттармен өте ұқсастығын көрсетті. Сонымен қатар ғарыштан түсірілген фотосуреттер мен аэрофотосуреттер және қорымдарға жүргізілген қазба жұмыстары нәтижесі осы жерде біздің заманымыздың II-IV ғасырында кейінгі сармат мәдениетінің ірі тайпалық одақтары тіршілік еткенін анықтады.
Осыдан екі жыл бұрын Ырғыз ауданындағы Шеңбертал ауылының тұрғыны Сыдық Молдабеков облыстық тарихи-өлкетану музейіне хабарласып, адам сүйектері мен заттар жартылай жер бетіне шығып жатқан Ырғыз бен Шетырғыз өзендерінің қиылысындағы ескі оба туралы хабарлады. Археологтер екі жыл бойы зерттеу нәтижесінде Ор мен Ырғыз өзендері аралығын мекендеген ежелгі бақташылар мен ерте темір дәуірінде металл қорытумен айналысқан адамдар тұрағын анықтады. Осылайша, Әйтеке би мен Ырғыз аудандарының аумағында жаңа тас ғасыры адамдарының тұрағы, қола дәуірі мен ерте темір ғасырының қорымдары табылды.
Ойыл өзенінің сол жағалауында, Қаратал ауылынан екі шақырым Қаздыарал деген жерде де ежелгі адамдар тұрағы анықталды. 2012 жылы Қаратал ауылының тұрғындары Ойыл өзенінің аңғарындағы Қаздыарал құмынан адам сүйектері мен құмыра, қанжар сынықтары табылғанын айтып, Ойыл аудандық музейіне хабарласқан болатын. Сол жылдың сәуір айында облыстық тарих, этнография және археология орталығы мен Ш.Берсиев атындағы аудандық музей қызметкерлері Қаздыаралдан табылған заттарды жинастырып, облыстық музей қорына тапсырды.
Өткен жылы Қаздыаралда жүргізілген қазба жұмыстары кезінде тағы да қыш құмыралар, сәндік сырға, білезік, пышақ, найза ұшы табылды. Биыл музей археологтері Ойыл, Мәртөк, Әйтеке би және Байғанин аудандарына экспедицияға шығып, тарихи және этнографиялық ескерткіштердің тізімін түгендеуді жоспарлап отыр.
Баян ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»