Жастарға кәсіптік білім беру, оларды жұмысшы мамандықтарына даярлау, мамандарды қайта оқыту және олардың біліктілігін көтеру – мемлекетіміздің білім беру саясатының негізгі бағыттарының бірі. Ел экономикасының қуаты кәсіптік білім беру жүйесінің өндіріс орындарын білікті жұмысшылармен жеткілікті қамтамасыз етуіне тікелей тәуелді. Маман даярлау жалпы білім беру базасы негізінде кәсіптік колледждерде жүзеге асырылады. Ал кәсіптік колледждерде жұмыс жасайтын жоғары білімді оқытушы-педагогтерді даярлау ісі қандай жағдайда?
Жаһандану мен индустрияландыру жағдайында сапалы жұмысшы кадрларды даярлау – кез келген мемлекеттің саясатындағы негізгі міндеттің бірі. Дамыған елдерде өндіріс үшін кадрларды даярлауды сол мемлекеттің басқару құрылымында ерекше орны бар «Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі» атты мекеме іске асырады. БҰҰ декларациясы бұл жүйені мыңжылдық даму мақсатына жатқызды. ЮНЕСКО сарапшылары маман жұмысшылардың әлемнің көптеген елінде тапшы болып отырғанына және сол елдер осы себепті экономикалық-әлеуметтік қиындықтардан шыға алмай жатқанына назар аударып отыр. Маман жұмысшы – қолданбалы кәсіптік білімді толық меңгерген, таңдаған мамандығына сәйкес инновациялық және IT-технологияларды меңгерген жұмыскер. Өндіріс орындары, ауыл шаруашылығы және басқа құрылымдар маман жұмысшылармен толық қамтылған елдерде экономика қарыштап дамитыны және олардың саяси жүйесінде әрқашан тұрақтылық болатыны белгілі.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының зерттеуі бойынша қазіргі уақытта еліміздің кәсіпорындарында 80 мыңдай білікті маман жетіспейді. Құрылысшылардың, машина және құрал-жабдықтар технологиясы жұмысшыларының, орта кәсіби білімі бар ауылшаруашылық мамандарының, қызмет көрсету саласы қызметкерлерінің және басқа да өндіріс саласында орта кәсіби білімі бар мамандардың тапшылығынан экономикамыздың кейбір бағыттары дами алмай отыр. Инновациялық технологияларды пайдаланатын жаңа ашылған кәсіпорындарға мамандар қажет. Бүгінгі таңда осындай жұмыс орындарында тек инженерлік-техникалық қызметкерлер ғана емес, білікті жұмысшылар да жетіспейді. Бұл жағдай ел экономикасының тежеуші факторына айналуы мүмкін.
Елімізде маман жұмысшылар мен қызметкерлерді даярлау жұмысы қалай іске асуда? Мемлекетімізде халықаралық талаптар мен цифрлы құзыреттіліктерді ескере отырып, колледж бағдарламаларын жаңартуға, «Баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасын жүзеге асыруға көңіл бөлінуде. Техникалық, ауылшаруашылық және халыққа қызмет көрсету бағытында мамандар даярлайтын колледждер саны жыл сайын артып келеді. Орта кәсіптік білім оқушыларға колледждерде беріледі, мұнда кәсіптік білім беру ісі арнаулы орта білім берумен ұштастырыла жүргізіледі және бұл орта кәсіптік білімі бар мамандарды даярлауға бағытталған. Колледжде оқу мерзімі – 3-4 жыл. Жалпы орта білімі бар, сондай-ақ сабақтас мамандықтар бойынша бастауыш кәсіптік білімі бар азаматтар колледждерде қысқартылған және жеделдетілген бағдарламалар бойынша орта кәсіптік білім алады.
Колледждерде білім алушыларды жұмысшы мамандығына үйрететін, кәсіби білім мен құзыреттіліктер жүйесін қалыптастыратын тұлға жоғары білімді оқытушы-педагог екені анық. Осы жерде мынандай сұрақ туады: жоғары оқу орындарында колледждерде жұмыс істейтін оқытушы-педагогтерді даярлау жұмысы қалай ұйымдастырылған?
Еліміздің бірнеше жоғары оқу орнында колледждерге оқытушы-педагог даярлайтын кафедралар жұмыс істейді. Колледждердің бейіні әртүрлі болғандықтан, әрбір кафедра белгілі бір мамандық бағытында жоғары білімді оқытушылар даярлайды. Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан байырғы жоғары оқу орындарының бірі С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің Кәсіптік білім беру кафедрасы колледждерде білім беру және тәрбие жұмысын іске асыра алатын білікті оқытушы-педагогтерді 6В014 – «Автокөліктерге техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» (баклавариат), 7М014 – «Кәсіптік білім берудегі көшбасшылық» (магистратура), 8D014 – «Техникалық және кәсіптік білім берудегі менеджмент» (докторантура) білім беру бағдарламалары бойынша даярлап келеді. Қазіргі кезде кафедрада 5 ғылым докторы, 7 ғылым кандидаты, 1 PhD және 4 магистр қызмет атқарады. Жалпы, ғылыми дәрежелік 69,2 пайызды құрайды. Кафедраның профессор-оқытушылар құрамы ғылыми-педагогикалық сала бойынша мол тәжірибе жинаған мамандардан тұрады.
Кәсіптік білім беру кафедрасында «Техникалық және кәсіби білім берудегі менеджмент» докторлық диссертация қорғау кеңесі жұмыс істейді. Диссертациялық қорғау кеңесінде бірнеше ізденуші докторлық диссертация қорғады және олар университетімізде, басқа жоғары оқу орындарында еңбек етуде. Кафедра құрылымында «Кәсіптік оқыту» мамандығы бойынша оқу үрдісінде ғылыми-тәжірибелік психологиялық зертхана және мамандарды озық дайындаудың ғылыми-зерттеу орталығы жемісті жұмыс істеп келеді. Көп жылғы тәжірибеден түйгеніміз, маман жұмысшыны даярлау үдерісі көптеген педагогикалық және психологиялық мәселені шешуді қажет етеді. Кафедрада осы міндеттерді шешуге бағытталған бірнеше студенттік үйірме жұмыс істейді. Кәсіптік білім беру кафедрасы Беларусьтің Гродно қаласындағы Я.Купала атындағы мемлекеттік университетімен және К.И.Скрябин атындағы Қырғыз мемлекеттік аграрлық университетімен тығыз әріптестік байланыс орнатқан. Қазақстанда Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясымен, Техникалық және кәсіптік білім беру және кәсіби біліктілікті беруді дамытудың республикалық ғылыми-әдістемелік орталығымен ынтымақтастықта жұмыс істейді.
Кәсіптік білім беру кафедрасы мен Нұр-Сұлтан қаласындағы және еліміздің басқа қалаларында орналасқан орта арнаулы білім беретін колледждер арасында ғылыми және практикалық бағытта тығыз байланыс орнаған. «Кәсіптік оқыту» мамандығы бойынша білім алатын студенттер техникалық, құрылыс және ауылшаруашылық бағытында жұмысшы даярлайтын колледждерде педагогикалық және дипломдық практикадан өтеді. Магистранттар мен докторанттардың ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері колледж студенттерінің оқу-тәрбие үрдісінде қолданыс табуда. Сонымен қатар аталған мамандықпен білім алатын студенттер мен магистранттарға университеттің техникалық және ауылшаруашылық ғылымдары негізін құрайтын бірнеше кафедраның профессорлары және оқытушылары дәріс оқиды, практикалық сабақ жүргізеді. «Кәсіптік оқыту» мамандығы бойынша білім алатын студенттерде зерттеу қабілеті және құзыреттілік жоғары деңгейде қалыптасқан. Аталған мамандық студенттері мен магистранттары әртүрлі халықаралық және республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарға қатысып, үнемі жүлдемен оралады. Кафедра қабырғасынан түлеп ұшқан жоғары білімді оқытушы-педагогтер еліміздің түкпір-түкпірінде колледждерде және арнаулы орта оқу орындарында мемлекетіміздің өндіріс орындарына білікті жұмысшы мамандарын даярлау бағытында жемісті еңбек етуде.
Алайда соңғы жылдары аталған кафедраның жұмысында қиындық туындады. Бұл жағдай тек бір мәселеге ғана байланысты болып отыр. Жыл сайын «Кәсіптік оқыту» мамандығына бөлінетін мемлекеттік гранттардың саны азаюда. Мысалы, 2015 жылы «Кәсіптік білім беру» мамандығы бойынша республика көлемінде 479 грант бакалавариатқа бөлінсе, 2019 жылы бакалавриат пен магистратураға 50 және 42 грант бөлінді. Ал докторантураға республика бойынша 3 грант қана берілді.
Биылғы оқу жылы «Кәсіптік білім беру» мамандығын даярлау өте қиын жағдайға тап болды. Бұл жылдары жоғары оқу орындары даярлайтын мамандықтарға мемлекет тарапынан 51 164 грант бөлінді (2015 жылы 32 168 грант бөлінген еді). Сонымен қатар әрбір грантқа тиесілі қаржы көлемі де 2019 жылға қарағанда 2-2,5 есе жоғары болды. Жергілікті әкімдіктерден бөлінетін гранттар саны да артты. Бірақ мемлекеттің жоғары білімді мамандарды даярлауға бағытталған көмегі «Кәсіптік оқыту» мамандығын айналып өтуде. Дәлірек айтқанда, 2020 жылы осы мамандық бойынша бакалаврлық және магистрлік орындарға республика бойынша 20-дан ғана грант берілді. Ал докторантураға бірде-бір грант берілмеді. Аталған мамандықтарды оқытудың жабылу қаупі төнді.
Дегенмен «Кәсіптік оқыту» мамандығы бойынша оқытушы-педагогтер даярлайтын еліміздің жоғары оқу орындарындағы кафедралар күрмеулі мәселені шешуге тырысуда. Мысалы, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің Кәсіптік білім беру кафедрасының профессорлық-оқытушылар құрамының күшімен жыл сайын республиканың көптеген қаласы мен облысында кәсіптік бағдар жұмыстары жасалады, «Кәсіптік оқыту» мамандығының қыр-сырын ашатын ақпараттар таратылады, кафедраның профессорлық-оқытушылар құрамы электрондық байланыс құралдары көмегімен мектеп бітірушілермен байланысқа шығады және әртүрлі кездесулер өткізеді. Осындай жүйелі және ауқымды жұмыстар нәтижесінде «Кәсіптік оқыту» мамандығын таңдаған мектеп бітірушілердің саны аз болған жоқ. Алайда аталған мамандыққа грант өте аз бөлінгендіктен, олардың 90 пайызға жуығы ақылы түрде оқиды. Ал докторанттар ақылы түрде білім алып, ғылыми жұмыстарын да өз қаражаттарымен жүргізуде.
Еліміздің кәсіпорындарына және ауыл шаруашылығына қажетті маман жұмысшыны даярлау мемлекетіміздің басты экономикалық мақсаттарының бірі болса, онда осы мақсатқа нәтижелі жету үшін кәсіптік білім беру мәселесін мемлекеттік саясат деңгейіне жеткізу қажет. Сонда ғана мемлекетіміз дамыған 30 ел қатарынан орын алады. Өйткені кәсіптік біліммен және еңбек тәрбиесімен сусындаған білікті жұмысшы жастары бар мемлекеттің ғана іргетасы берік болады.
Айтжан АБДЫРОВ,
Базарбек МҰҚЫШЕВ,
С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің
профессорлары, педагогика ғылымдарының докторлары,
Марал ЕСЕКЕШОВА,
С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты,
Кәсіптік білім беру кафедрасының меңгерушісі