Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Онда депутаттардың бастамасымен әзірленген сот жүйелері мен судьялардың мәртебесіне қатысты бірқатар заң жобасы мақұлданды.
Атап айтқанда, сот жүйесі мен судьялардың мәртебесіне қатысты Конституциялық заңға түзетулер енгізу туралы заң жобасында Жоғарғы соттағы әкімшілік істер жөніндегі сот алқасын құру және қазіргі мамандандырылған сот алқасын тарату қарастырылған.
«Заң жобасына енгізілетін түзетулер екі блоктан тұрады. Біріншісі, Жоғарғы сотта әкімшілік істер бойынша сот алқасын құру ұсынылады. Қазіргі мамандандырылған сот алқасы таратылады. Облыстық соттарда да тиісті сот алқалары құрылады. Бұл шара сот жүйесіне өңірлерде істердің бөлінуіне байланысты үнемі өзгеріп отыратын жағдайға жедел ден қоюға мүмкіндік береді.
Заң жобасында Мемлекет басшысы тағайындауға ұсынатын Жоғарғы сот Төрағасы және Жоғарғы сот судьялары лауазымына кандидаттарға қойылатын талаптарға қатысты өзгерістер енгізіледі. Аталған түзетулер елдің Жоғарғы сот органына құқықтың мамандандырылған салаларында, мысалы, салық құқығында немесе жер қойнауын пайдалану құқығында көп тәжірибесі бар заңгерлерді тартуға бағытталған.
Бұл неғұрлым даулы істер бойынша сот төрелігінің сапасын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді және бүкіл сот жүйесіне оң әсерін тигізеді. Аталған түзетулер Мемлекет басшысы ұсынған кандидаттарға ғана қатысты екенін ерекше атап өткен жөн. Олар басқа судьяларға қатысты болмайды», деді заң жобасы туралы баяндама жасаған Мәжіліс депутаты Қанат Мусин.
Бұл түзету әкімшілік әділет енгізудің бастапқы кезеңінде жүктемені тең бөлуге, сондай-ақ деликтер (азаматтың құқын бұзу) мен қоғамдық дауларды қарау бойынша сот практикасының аражігін ажыратуға мүмкіндік береді.
Өңірлерде істерді бөлуге байланысты үнемі өзгеріп отыратын жағдайға уақтылы ден қою мақсатында облыстық соттардың сот алқалары Жоғарғы сот Төрағасының ұсынуы бойынша Жоғарғы соттың жалпы отырысының шешімімен құрылады және таратылады.
Заң жобасы Жоғарғы сот Төрағасы және Жоғарғы сот судьясы лауазымына үміткерлерге қойылатын талаптарға қатысты өзгерістер енгізеді, оларды Мемлекет басшысы ұсынады.
Көрсетілген судья лауазымдарына сайлау үшін Президент ұсынған адамдардың негізінен жеткілікті тәжірибесі бар мамандар болып табылатындығын ескере отырып, заң жобасында олардың біліктілік емтиханынан өтуі туралы қолданыстағы ережені алып тастау және заң мамандығы бойынша кемінде жиырма жыл жұмыс өтілінің болуы туралы талаптың күшін жою ұсынылады.
Сонымен қатар отырыста депутаттар сот жүйесін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлдады. Құжатқа қатысты баяндама жасаған депутат Қанат Мусиннің айтуынша, аталған заң жобасының негізгі мақсаты – инвесторлар қатысатын дауларды қарау сатылығын қайта қарастыру. Осыған байланысты, заң жобасында Азаматтық процестік кодекске, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік-процестік заңнамасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға түзетулер енгізілмек.
«Біркелкі жүктемені бөлу және бірыңғай практиканы әзірлеу мақсатында аталған екі кодекске инвестор қатысқан даулардың инстанцияларын қайта қарастыру бойынша тиісті түзетулер енгізілген. Атап айтсақ, инвесторлар қатысатын дауларды қарау Нұр-Сұлтан қаласының мамандырылған ауданаралық экономикалық сотына беріледі.
Аталған сот инвестициялық даулар бойынша азаматтық істерді, сондай-ақ инвестордың инвестициялық қызметіне байланысты мемлекеттік органдардың инвесторларға қоятын талаптарын қарайды.
Бұл даулардың қатысушылары мыналар. Бірінші, Қазақстан Республикасының аумағында кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын шетелдік заңды тұлғалар (олардың филиалдары, өкілдіктері). Екінші, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шетелдіктің қатысуымен құрылған, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлесі) елу және одан көп пайызы шетелдік инвесторға тиесілі заңды тұлғалар. Үшінші, инвестицияларды жүзеге асыруға мемлекетпен жасалған келісімшарты бар инвесторлар.
Заң жобасында мамандандырылған соттардың, толыққанды үш сатылы сот қорғау жүйесінің сақталуын және Жоғарғы соттың кассациялық іс жүргізуді жүзеге асыруын ескере отырып, инвесторлар қатысқан даулардың нақты сатылылығын айқындау ұсынылады. Инвесторлар қатысқан дауларды қараудың ұсынылған тәсілін ескере отырып, заң жобасын қабылдау еліміздің ұлттық инвестициялық климатына оң әсер ететіні белгілі. Сонымен қатар осы жылдың 1 шілдесінен бастап жаңа әкімшілік соттардың жұмыс істеуіне байланысты Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске нақтылаушы сипаттағы түзетулер енгізіледі», деді Қанат Мусин.
Жалпы отырыста депутаттар «Әкім- шілік құқық бұзушылық туралы» Кодекске түзетулер енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Аталған заң жобасы депутаттардың бастамасы бойынша әзірленген.
«Әкімшілік сот төрелігін енгізу аясында ұсынылған түзетулер сот жүйесіне жүктемені біркелкі бөлуге, деликтер мен қоғамдық дауларды қараудағы сот тәжірибесінің аражігін ажыратуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ адамның, азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды көздейтін, сотта қорғалуға конституциялық құқықтарын қамтамасыз етуге ықпал етеді. Заң жобасын іске асыру мемлекеттік кірістерді қысқартуды немесе бюджеттен мемлекеттік шығыстарды ұлғайтуды талап етпейді», деді аталған құжат жөнінде баяндама жасаған депутат Қ.Мусин.
Отырыс барысында Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин мақұлданған бірнеше заң жобасы сот жүйесін жаңғыртудың жалғасы екенін алға тартты.
«Жақында ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сот жұмысының ашық, әділ және заман талабына сай болуына ерекше назар аударды. Сондықтан, бүгінгі құжаттарда осы талаптарды заң жағынан қамтамасыз етуге арналған маңызды нормалар қабылданды. Енді осы нормалар сот саласына білікті, кәсіби, тәжірибелі, жаңа мамандарды тартуға, сот процесіне жоғары технологиялық мүмкіндіктерді енгізуге жол ашатын болады», деді.
Сондай-ақ Палата Төрағасы сот жүйесіндегі реформаларды заң жағынан қамтамасыз ету жұмыстары одан әрі жалғастырылатынын атап өтті.
Отырыс барысында депутаттар туристік қызмет мәселелеріне қатысты заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, Дипломатиялық қызмет туралы заң жобасына Сенат енгізген өзгерістермен келісті.
Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады.