• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Спорт 18 Ақпан, 2021

Дүбірге толы Дүниежүзілік Универсиада

151 рет
көрсетілді

Осыдан төрт жыл бұрын, нақт­ылап айтсақ 2017 жыл­дың 28 қаңтары мен 8 ақпаны аралығында Алматыда XXVIII қысқы Дүниежүзілік Универсиада дүркіреп тұрып өткен еді. Алатау баурайын дүбірге бөлеген додада 57 мемлекеттен келген 2 мыңнан аса студент жарыс жолына шықты. 11 күн бойы олар спорттың 12 түрі бойынша сайысқа түсіп, барлығы 85 жүлде жиынтығын сарапқа салды. Бақ сынауға бел буғандар арасында Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарында атой салған саңлақтардың болуы айтулы жарыстың беделі мен мәртебесін одан әрі арттыра түсті.

Дүниежүзілік Универ­сиа­даның Ал­матыда ұйым­дастырылуы тәуелсіз Қазақ­станның тарихындағы елеулі оқиғалардың бірі екені еш күмән туғыз­баса керек. Олай деуге негіз, төрткүл дүниенің ең таң­даулы студенттерінің басын қосқан қысқы ғаламдық доданы бұған дейін кезінде КСРО-ның құрамында болған бірде-бір мемлекет қабылдаған емес. Сол көшті Қазақ елі бастады. Және де жер-жа­һан­ның әр қиырынан жи­налған жалын­ды жастардың жарысына күллі әлем жұртшылығы көз тігетіні анық. Сол себепті де Қазақстан жағы осы байрақты бәсекені аса жоғары деңгейде ұйымдастырып, мыңдаған ше­телдік мейман мен жергілікті жанкүйерлердің көңілінен шығу үшін барынша күш салды.

Дүбірлі доданы өткізуге ал­ғашында Алматыдан бөлек, Италияның Трен­тиносы да ерекше құлшыныс білдірді. Әрине, олардың мүмкіндігі бізге қа­ра­ғанда әлдеқайда зор еді. Өйт­кені Апеннин түбегінің солтүстік ба­ғытында, Альп тауының дәл етегінде орналасқан осы шағын ғана шаһарда осыған дейін Дүниежүзілік Универсиаданың алауы тоғыз мәрте тұтанған. Нақтылап айтсақ, бес рет қысқы және төрт рет жазғы ойындар өтті. Десек те Қазақстан жағы да табандылық танытып, Ха­лықаралық студенттер спорты феде­рациясының (FISU) лауазымды тұлғаларынан жасақталған комиссия мүшелеріне қандай да ірі бәсекелерді жоғары дең­гей­де ұйым­дастыра алатынын дәлел­деуге тырысты. Бұл еңбегі­міз еш кеткен жоқ. Арада біраз уақыт өткеннен соң ита­лия­лықтар ел­дегі экономикалық дағда­рысты желеу етіп, ба­с­тапқы ниетінен бас тартты. Осы­лайша, 2011 жылдың 29 қара­шасында Бельгияның Брюс­сель қаласындағы жиында XXVIII қысқы Дүниежүзілік Уни­версиаданы Алматыда өт­кізу жөнінде нақты шешім шы­ғарылды.

Күллі әлем қауымдастығы көз тіккен спорттық шараның Алатау баурайында өтуіне орай Қа­зақстан жағы дайындық жұ­мыстарына бел шеше кірісті. Соның нәтижесінде 2016 жылы әсем шаһарда екі бірдей керемет спорттық нысан бой көтерді. Үл­кен аренасы 12 мың және кі­шісі 3 мың адамды сыйдыра алатын «Алматы Аренаның» құ­рылыс жұмыстарына 38,5 ми­ллиард теңге жұмсалды. «Халық Аренаны» тұрғызуға қажетті қаражат 23,4 миллиард теңгені құрады. Бұл кешен 3 200 көрерменге есептелген. Қысқа ғана мерзімде «Алматы Аренаның» дәл іргесінде Атле­тикалық қалашық салынды. 21,5 гектар жерді алып жатқан аумақта 14 көп қабатты үй (1748 пәтер) және 3 қызмет көрсету блогы орналасты. Оған 42,6 миллиард теңге жұмсалды. Сонымен қатар мақтанышымызға айналған «Медеу», «Шымбұлақ» және Ба­луан Шолақ атындағы спорт сарайы дүбірге толып, олардың екінші тынысы ашылды. Өзге де нысандарда жөндеу-жабдықтау жұмыстары жүргізіліп, қазіргі кезде бұл кешендердің барлығы да қала тұрғындары мен меймандар үшін қызмет етуде. Ең бастысы, осы нысандарда тәрбиеленген жеткіншектер келешекте қысқы спорт түрлерінен өтетін дүбірлі додаларда Қазақстанның даң­қын арттыруға сүбелі үлес қосаты­нына сеніміміз зор.

Алауды алып жүру эстафетасы да керемет ұйымдастырылды. 2017 жылдың 25 қаңтарында ел астанасында бастау алған шара Петропавл, Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Қарағанды, Өске­мен, Орал, Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Қы­зыл­орда, Тараз, Шымкент және Тал­ды­қорған арқылы Алматыға жетті. Ал­қызыл алау Алатау баурайындағы әсем шаһардың бірқатар ірі даңғылдары мен көшелерін аралады.

Шиеленіске толы бәсе­келер «Алматы Арена» (Универ­сиа­даның ашылу және жабылу салтанаты, мәнерлеп сырғанау, керлинг) мен «Халық Аренадан» (шайбалы хоккей) бөлек, Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы (шорт-трек, шайбалы хоккей), «Медеу» (коньки спорты), «Шымбұлақ» (тау шаңғысы, сноуборд, фристайл), «Алатау» (шаңғы жарысы, биатлон, шаңғы қоссайысы), «Сұңқар» (шаңғымен трамплиннен секіру) және «Табаған» (сноуборд, фрис­тайл) кешендерінде өтті.

Жарыстың өзіне келсек, жалпы командалық есепте Ресей құрамасы жеке-дара көш бас­тады. Олар 71 (29 алтын+27 күміс+15 қола) жүлдені қор­жынға салды. Біздің өрендер екінші орын­ды иеленді. Қазақстандық студенттер 36 (11+8+17) медальді мо­йын­дарында жарқыратты. Үшінші сатыға Оңтүстік Кореяның спортшылары жайғасты. Корейлердің еншісінде 21 (11+5+5) жүл­де. Сондай-ақ үздік ондықтың қа­тарына Жапония (6+12+10), Польша (5+2+5), Италия (4+0+0), Қытай (3+2+2), Франция (3+2+2), Беларусь (3+2+1) және Украина (2+3+4) сынды командалар енді.

Қазақстан құрамасының Ал­матыда алауы тұтанған Дүние­жүзілік Универ­сиададағы өнері бас бармақпен бағалан­ды. Сол кезге дейінгі нәтижелерді са­ра­ласақ, ең зор көрсеткішке біз­дің студенттер 2015 жылы қол жеткізген-ді. Испания мен Сло­вакияда өткен Дүниежүзілік Уни­версиадада 11 өреніміз (5 алтын+6 күміс) жеңіс тұғырына көтерілді. Нәти­жесінде, жалпы командалық есепте үшінші сатыға жайғастық. Ал Алатау баурайындағы табысымыз тіптен толағай болды. Алматыда 11 мәрте Ән­ұранымыз шырқалып, 25 рет Туымыз көкте желбіреді. Біздер үшін бұл – рекордтық көрсеткіш! Сонымен қатар өз тарихымызда тұңғыш рет коман­далық есепте екінші орынға көтерілдік. Осы жайттың өзі-ақ елімізде қысқы спорт түрлерінің даму барысы дұрыс бағытта екенін аңғартып тұр­ғандай. Сөз орайы келгенде жер-жаһанның спортшы студенттері бас қосқан байрақты бәсекеде олжаға кенелген отандастарымыздың есімдерін атап өтсек еш айыбы жоқ.

Жерлес­тері­міздің арасынан ең көп бас жүлдеге фристайлшылар қол жеткізді. Юлия Галышева мен Дмитрий Рейхерд қос алтыннан олжаласа, аралас эстафетада да біздің команда қарсылас шақ кел-тірген жоқ. Биатлоншыларымыз үш мәрте жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Екі бірдей сайыста Галина Вишневская бас жүлдені қоржынға салса, Алина Райкова дәл сондай құрметке бөленді. Шаңғышыларымыз екі рет теңдессіз деп танылды. Жекелеген сайыста Иван Люфттің бағы жанса, аралас командалық спринтте де қарсылас шақ кел­тірмедік. Сондай-ақ осы жарысты тамашалауға келгендер Денис Теннің де асқан шеберлігіне тәнті болды. Мәнерлеп сырғанаушылар бәсекесінде даңқты отандасымызға тең келер ешкім табылмады. Жал­пы Универсиаданың қоры­тындысы бойынша Қазақстан құрамасы спорттың жеті түрінен жүлде алды. Шорт-тректен 1 күміс пен 5 қола олжалады. Шайбалы хоккейден ерлер командасы тек Ресейді ғана алға жіберіп, екінші орын иеленді. Конькишілеріміз екі мәрте үшінші сатыға жайғасты. Одан бөлек, биатлон, шаңғы және фристайлдан еншілеген күміс пен қола жүлделеріміз бар. Ал керлинг, тау шаңғысы, шаңғы қоссайысы, шаңғымен трамплиннен секіру және сноубордтан сәтсіз өнер көрсеттік. Сол секілді шайбалы хоккейден еліміздің әйелдер құрамасы да өз жанкүйерлерін қуанта алмады.