• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 18 Ақпан, 2021

Шукшин шығармаларының шырайы – шынайылығында

328 рет
көрсетілді

Жақында елордалық М.Горький атындағы ака­демиялық орыс драма театрында орыс жазушысы В.Шукшин шығармалары негі­зінде қойылған «Светлые думы» («Жарқын ойлар») қойылымының премьерасы өтті. Көрерменін тән­ті еткен көркем туындының сах­налық нұс­қасын жасаушы әрі қою­шы режиссері Ресейдің Челябі қала­сынан арнайы шақырылған театр маманы Евгений ГЕЛЬФОНД.

­­­­­­­­­Шукшиннің ауыл хикаялары циклі қарапайым адамдардың ішкі жан дүниесін шынайы жет­кізуімен оқырман көңілінен айрықша орын алады. Яғни мұнда сыртқы әрекеттен бұрын ішкі сезім толқыныстарының терең ашылуы маңызды. Осы міндетті терең түсінген ресейлік режиссер әйгілі жазушының бірнеше туындысынан құралған қойы­лымды барынша өмірдің өзімен сабақ­тастыруға ұмтылыпты. Спектакль жайлы режиссердің өзі былай дейді.

– Әлемді дендеген карантинге қа­ра­­мастан, өзге елге келіп қойылым ­қо­юы­ңыздың өзі ерлікпен пара-пар дүние. Жалпы, Шукшинге қалай кел­діңіз? Неге таңдауыңыз дәл осы жазу­шыға түсті?

– Рахмет! Менің Василий Шукшин шығар­машылығын зерттеп жүргеніме біраз болды. Оның әңгімелері мен повес­тері, «Любавиндер» романы заманауи орыс әдебиетінің жауһары са­на­­лады. Яғни Шукшин – классик қа­лам­гер. Оның шығармалары өзінің шы­на­­йылығымен-ақ көңілге жақын. Сон­дықтан да мынадай қиын жағдайда көрермен көңіліне жылылық ұялатып, жақындарын бағалауға үндегім келді. Жазушының бірнеше туындысын топтастырып, «Светлые думы» деген атаумен жаңа спектакльдің премьерасын өткіздік. Қойылым ата­уын қаламгердің «Светлые души» және «Думы» деген атақты қос шығармасының атауын біріктіре отырып өзім қойдым. Аталған туындылардан бөлек, спектакль өн бойына «Етік», «Күйеу балам бір көлік отын ұрлады», «Степкиннің махаббаты», «Монша мен бау-бақшаның қожасы» сынды әңгімелері де топтастырылды. Бұлардың арасында ғаламат бір рухани байланыс бар. Ол – адамдар арасындағы қарапайым да шынайы қарым-қатынас һәм мейірім.

– Мәселен?

– Қаламгер көпшілік әңгімелерінде ауыл жағдайын, ондағы адамдардың ішкі және сыртқы хал-күйін шебер суреттейді. Қа­рапайым оқиғалармен бүгінгі заманның ең өзекті мәселелерін жеткізеді. Соның нәтижесінде көрермен көз алдында қарапайымдылығымен құнды отбасылық түрлі жағдайлардың тіні тарқатылады. Ал өнердің ұлтқа, тілге бөлінбейтін­дігін ескерсек, қойылымнан әркім өзін һәм айналасындағы адамдарды көреді. Мәселен, жазушының «Етік» әңгімесін алайық. Ондағы бас кейіпкер аяғының өлшемін білмесе де барлық ақшасын жұмсап әйеліне қымбат етік әпереді. Не үшін? Арадағы сезімді суытпау үшін. Бір кездегі өзі ғашық болған бойжеткеннің қайтадан өзін жас, бақытты сезінуі үшін. Бала-шағасы әлдеқашан ержетіп кетсе де, қарапайым көлік жүргізушісінің жан жары үшін істеген осы бір әрекеті олардың барлық өмірін өзгертті. Тұрмыс шырмауына тұсалған келіншек әп-сәтте бір кезде күйеуі ғашық болған жайдары да сұлу бойжеткенге айналып шыға келді. Міне, көрдіңіз бе?! «Көңілден көңіл су ішеді» деген осы. Өмірде біреуді бақытты қылу үшін тау қопарудың қажеті жоқ, бастысы шынайы көңілмен әрекет етсеңіз, кіршіксіз пейілмен риясыз қарым-қатынасқа ұмтылсаңыз – адам үшін одан асқан бақыт жоқ. Өйткені біз қанша жерден мықты болғанымызбен, барлығымыз да мейірімге мұқтажбыз. Сүйгіміз келеді, сүйікті болуды армандаймыз. Сол үшін де өзімізді өзгертеміз. Небір жақсы, сауапты істерге бастамашы боламыз. Осы себепті де қойылымды «Жарқын ойлар» деп атадық. Шынымен де Шукшинді оқып отырып жарқын ойларға берілесің, көңілді бір ғаламат жылылық кернейді ғой. Ол қарапайым ғана оқиғалар арқылы үлкен ойлар айтады, санаңызға сілкініс жасайды. Меніңше, Шукшин шығармаларының шырайы – оның шынайылығында.

– Шынымен де қойылымнан осы бір ерекше атмосфераны сезінгендей болдық. Шукшин стилі дөп табылыпты. Оның сыры неде деп ойлайсыз?

– Мен жазушы ретінде Шукшинді жақсы көремін. Шығармашылығын ұзақ уақыт зерттедім. Қаламгердің әр ойын, пікірін пір тұтамын. Сондықтан болар, Шукшин әлемінің өз әлемімдей болып кеткені. Жазушы ретінде ғана емес актер, кинорежиссер, сценарист ретінде де танымал Шукшин әңгімелерінің театр сахнасына шығуы жаңа форманы емес, ішкі сезімдерді оятуды талап етеді. Шукшинге әсіре пафоспен келу жарамайды. Шукшин – шынайылық. Оның шығармаларында іс-әрекеттен гөрі адам психологиясына терең ену бар. Бізге қарабайыр көрінетін, күнделікті ойланбайтын оқиғалардан махаббаттың мәнін ұғындырады. Әңгіме желісінде ол сөзді қолданбаса да сезіне аласыз. Міне, көрерменіме мен ең әуелі осы күйді жеткізгім келді. Сондықтан да қойылымда техниканың түрлі мүмкін­діктерінен, тіпті фонограммадан бас тарттым. Спектакльде ойналатын музыканың барлығын нақты аспаптарда актерлердің өзіне ойната отырып, барлық ішкі сезім күйін актердің боямасыз үніне, дабыра-дабылсыз табиғи даусына тапсырдым. Музыкалық безендірудің барлығы қойылымға қатысқан әртістердің ішкі сезімі арқылы сарапталып барып, көрер­меніне жетті. Бәлкім, спектакль соны­сымен көңілді қозғаған болар. Қойы­лымды тамашалаған көрермен дәл осы ерек­шелікті көріп-біліп, сезініп, содан әсер ала алса, онда менің режиссер ре­тін­дегі міндетімнің орындалғаны деп білемін.

– Елордалық М. Горький атындағы театр труппасының шығармашылық қарымын қалай бағалайсыз? Жұмыс барысында қандай да бір қиындықтар туындаған жоқ па?

– Ол не дегеніңіз?! Менің режиссер ретінде ең бір рахаттанып жұмыс істеген ұжымым болды. Әрине карантинге байланысты басында қашықтан жұмыс істедік. Пьесамен танысу негізінен онлайн өтті. Соған қарамастан бір-бірімізді ә дегеннен түсіндік. Кейін жүздесіп, бірлесе жұмыс істеуге кірістік. Ойымыз бір жерден шыққандай болды. Сол әсермен Шукшиннің әлеміне бойлауға талпындық. Труппада сайдың тасындай талантты, жан-жақты нағыз әмбебап актерлер көп екен. Айтқаныңды бірден ұғып, өз міндетін бірнеше есе артығымен орындап шықты. Бұл тұрғыдан келгенде М.Горький атындағы театр ұжымы жарады. Соның нәтижесінде айналасы бір ай уақыттың ішінде жаңа қойылымды көрермен назарына ұсынып отырмыз. Осы бір керемет әсер, жемісті жұмыс үшін ұжымға алғыс айтқым келеді.

– Бұл Қазақстан театрларымен ал­ғашқы бірлескен шығармашылық жұмысыңыз ба? Бір-бірлеріңізді қалай таптыңыздар?

– Иә, бірінші жұмысым. Алайда ме­нің Қазақстан театрларымен алғашқы та­ныстығым бұдан әлдеқайда ертерек бас­талды. Челябі қаласында екі жылда бір рет шағын формада қойылған спектакльдер­дің «CHELоВЕК театра» халықаралық театр ­фестиваль-форумы өтеді. Бірне­ше жыл бұрын Нұр-Сұлтан қаласының Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театры ұжымын сол кездегі театр директоры Айболат Жау­дыр өзі бастап келді. Фестивальдан бас­талған таныстық кейін шығармашылық достыққа ұласты. Кейін біздің театр Samgau халықаралық фестиваліне қатысу үшін Нұр-Сұлтан қаласына келді. Біз ұсынған «Саня, Ваня с ними Римас» спектаклін астаналық көрермен керемет қабылдады. Қазақтардың көл-көсір пейіліне, қонақжайлылығына ерекше тән­ті болып тарқасып едік сонда. Алайда бір өкініштісі, уақыттың тығыздығына байланысты әсем қалаларыңызды аралауға уақыт жетпей қалған. Айболат Жаудыр кейін М.Горький театрына директор болып ауысқаннан кейін мені жаңа қойы­лымда бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Жоспарымды жүйелеп алып, екі жақ үшін ыңғайлы уақытты таңдадық. Ұсынысты қуана қабылдадым. Әсіресе өткен жолғы сапарымда қаланы аралай алмай қалған олқылықтың орны толатынына қуандым. Сөйтіп, міне, тура бір ай болды, сіздермен біргемін. Нұр-Сұлтан қаласының небір көркем жерлерін көріп, шаһардың айрық­ша архитектурасына тәнті болдым. Әйтсе де, мені бәрінен де артық таңғалдырған дүние – ол қазақтардың қонақжайлығы, асып-тасып жатқан көл-көсір көңілі, меймандос пейілі. Қымыз бен қазыны сондай ұнатып қалдым. Дәмі әлі аузымда. Бұйырса, шуақты қалаға тағы да жол түседі деп сенемін.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Назерке ЖҰМАБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»