Бексұлтан Нұржекеұлы есімі қазақ мәдениетінің көш басында көрініп жүрген атақты қаламгер десек, артық айтпағандығымыз. Шынында жазушы Б.Нұржекеұлының кітаптарын естімедім, білмедім, оқымадым деген қазақ некен-саяқ шығар. Бір-бірінен сұрап жүріп, кітабын тауып алып құмарта оқитын оқырманы көп автордың бірі емес-ау, бірегейі.
Бұл автордың өзінің интеллектуалдық деңгейі жағынан тереңдігі бөлек әңгіме. Филолог ретінде қазақ тілі, әліпбиі мен оның латын негізді нұсқасы туралы шырылдап айтып, жазып жүргені баршаға аян. Жазушы – он төрт томдық шығармалар жинағы бар дейтін ұғымдардың синергетикасынан болар, түрлі социумда жүрген мейлі зиялы, оқымысты, кәсіпкер, студент, түрмедегілер болса да осы қаламгердің кітаптарын астын сыза оқитын оқырмандар жетерлік.
Неге сонша қызығып, рахаттанып, құмарлана оқиды. Неге?! Себебі адами сезімді оятады. Адами сезімнің өзі қарама-қарсы өрістен: сүйсіну – ұнатпау, ләззат алу – тітіркену, риза болу – жиіркену, аяушылық – жаны ашымау сияқты қасиеттер шығарма кейіпкерлеріне антипод салмағын үстей түседі. Бәріне адам бойындағы сезім төреші. Сонымен, адамның адамдығын айқындайтын сезім деген не екен?
Қазақ әдеби тілінің сөздігінде (13-том) Сезім сөзінің бес түрлі мағынасы талданыпты. 1. Сыртқы дүние мен құбылыстардың әсерінің нәтижесіндегі адамның ішкі жан дүниесіндегі көңіл күй құбылысы. 2. Сыртқы тітіргендіргіштердің адамның сезім мүшелеріне әсерінен пайда болатын психикалық үдеріс. 3. Түрліше түсіндірудің әсерінен пайда болатын түсінік, ой. 4. Ауыспалы мағынада: көңілдің нәзік толқынысын елітіп, ләззатқа батыратын күйі. 5. Ауыспалы мағынада: ынтықтық, ғашықтық, құмартушылық.
Ал осы «Сезімнің» поэтикалық, бейнелілігіне қарай тілдік қолданыстарындағы 25 түрін мысалдармен дәйектеген. «Ағалық сезім, алапат сезім, тәтті сезім, сезім оты, т.б.» дейсіз бе, қазақ тілінің небір орамды айшықты тіркестері Сезім сөзінің бүкіл спектрлерін жарқыратып жіберген. Поэтикалық астарлы метафораларды, әрине, түгел қамту қиын іс. Адам болмысы жұмбақ.
«Тұңғиық сезім, сезім шәрбәты, т.б.» сияқты толып жатқан тіркестердің қатары әлі толыға береді. Адамның психологиялық, эмоционалдық жай-күйін Сезім шеңберімен тұйықтау, ішкі жан дүниесіне қарай көңіл құбылысын санап шығу мүмкін емес. Тек сезімге әсер ету құбылысын адамдар бағамдай алып, адами сезімнен адаспаса екен деген ой келеді. Мұның бәрін тәптіштеп жазып отырған себебіміз, оқырман сезіміне әсер еткен шығарма қалайда оқушысын ары қарай көбейте түсетіні анық.
Адамдардың сезім өрісі әр алуан. Әркім іштегі өз сезім пернесіндегі күйін түрлі әсермен әуелетеді, риза болады, не өшіріп тынады. Әйтеуір, сезім күйін тыңдайды, жазады, толықтырады, әсерленеді. Б.Нұржекеұлының кітаптарындағы осы Сезім симфониясының сиқырынан кете алмай тағы да оқырман жазушының жаңа дүниесін, кітаптарын іздеп, түгендеуге кіріседі. Өйткені адами сезімнің асқақ таза бұлағынан өзіңіз де талай тұшынып дәм татып жүрсеңіз де, шығарма сюжетінде баяндалатын сезімге байланған қызықты оқиғалар өмірде таныс та, бейтаныс болып оқушысын көгендеп тастайды. Содан болу керек, жазушының кейбір кітаптарының көп оқылатыны соншалық, мұқабасы түте-түте, ақжем болып қолдан-қолға өтіп жүреді. Өз басым студенттер қолынан «Ерлі-зайыптылар» романының әбден тозығы жеткен түрін көріп таңғалғанмын. Дәл осы кітапқа байланысты жазушы Ж.Қорғасбек те түрмедегілердің астын сыза, қаумалап оқығандары туралы әңгімелеп еді.
Бұл жазушының өзгелерден оқшау, ерекшелендіріп тұратын шығармашылық қырының негізі ол – мәңгілік махаббат тақырыбы. Барлық көркем сөзді қалам иелері де бұл тақырыпты жиі қозғайды. Алайда Б.Нұржекеұлының шығармалары тақырыбымен менмұндалап, «айғайлап» тұрады. «Бір ғана махаббат» (1977), «Бір өкініш, бір үміт» (1980), «Ерлі-зайыптылар» (1984), «Әйел жолы – жіңішке», «Кінәлі махаббат» (1968), «Қыз сезімі», сондай-ақ әңгімелері «Не үшін?», «Қиын сұрақ», «Жартастан шал құлапты терең суға», «Жалғыздық», «Бейтаныс әйелдің құпиясы», тағы басқалары бар. Осылай тізбектеле беретін шығарма аттары оқушыларын елең еткізбей қоймайтыны рас.
Қазақ қоғамында бұрын да әйел мен ердің арасындағы қарым-қатынас, махаббат, құпия сезім иірімдеріне қатысты талғам-түсініктері, көзқарастары биік моральдық-этикалық тұрғыдан әспеттелген. Мұны біз ауыз әдебиетінен бастап, мақал-мәтелдер, кейінгі жазба әдебиет, классик жазушыларымыздың көркем дүниелеріндегі құндылықтар арқылы танып білдік. Бұл ретте әйел мен еркек арасындағы қатынас табиғи киелі қасиет деп, сүйіспеншіліктің жан рахаты мен тән рахатын ашық-шашық көрсетпесе де, оқушы сезіміне ләззат аларлықтай әсерін терең жеткізеді. Шынайы сезім мен нәпсі арасындағы қарама-қарсылыққа, мәселен, М.Әуезовтің «Қорғансыздың күніндегі» Ғазиза бейнесі, М.Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсіндегі» Шолпан тағдыры әйел әлеміне оқушы жанашырлығы жай ғана емес, жүректің аяныш көз жасымен қара ниет сезімге лағынет дегізетіні де бар.
Б.Нұржекеұлының махаббат, әйелдер тақырыбындағы сюжеттерінің арғы төркіні жалпы қазақ әйелдерінің жан дүниесіндегі аяулы сезім құпиялары, кейіпкерлердің өз ойлары, сөздерімен баяндалады. Ешбір оқушы автор сөйтіп жазыпты деп талдамайды, керісінше ерлі-зайыптылық қарым-қатынас шеңберіндегі екеуіне ғана белгілі құпия сезім сырын кейіпкерлер сөздері еріксіз құлақ түргізеді.
Жазушының соңғы шығармаларының бірінде тапталған, қорланған, зорланған әйел ерінің сүйіспеншілігі, қадір-құрметі арқылы ғана өзінің әйелдік арын, махаббатын сақтап, сеніміздік деген созылмалы дерттен құтылады.
Бұл жазушының «Әй, дүние-ай!» романында жақсы суреттеледі. Албан еліндегі 1916 жылы болған Қарқара көтерілісі туралы жазылған шығарма авторына Мемлекеттік сыйлық берілді. Ж.Аймауытов айтқан «Әдебиет – ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі – көркемөнердің басты тақырыбы» деген ұлағатқа зер салсақ, Шәйі мен Тазабектің «жан-жүйесі» кітапта баяндалатын тарихи оқиғалар аясында бүкіл шығарма желісін құпия сезім шуағымен жандандырып отырады.
«– Соңғы кезде тұйықтау, жұмбақтау болып барасың. Менен жерініп жүрген жоқсың ба? – деп әңгімені Шәйі бастады. – Орыстың қорлағаны – анау, қалмақтың зорлағаны – анау, соның бәрі көңіліңе кір байлайтын шығар...
– Сенен неге жерінем? ... Ең бастысы, сен менің ұрпағымды өсіретін анасың. Қалғанының бәрі – бүгін, бүгін болмаса ертең ұмытылатын өткінші нәрсе. Сен мен үшін сол баяғы Шәйі қалпыңдасың. Қазақ орыстан жеңілді, қазақ қалмақтан қорлық көрді деп, өз халқымнан теріс айналып кетпеймін ғой, сол сияқты сенен де мен ешқашан суымаймын. Өйткені мен сенің тәніңді де, жаныңды да табынып жақсы көремін. Табыну дегеннің не екенін түсінесің бе?».
Арына түскен, өшпестей болған қорлық пен зорлықтың табын әйел жаны өмір бойы арқалап өтеді. Алайда оны түсініп, арашалап алатын тек сүйген қосағы, күйеуі ғана. Оқырманға осындай кейіпкер шын өмірде көбірек болса екен деген ой келеді.
Б.Нұржекеұлының шығармаларында әсерлі адами сезімге қатысты штрихтар көп ретте әйелдер бейнесіне үңілтеді. Бүгінгі қоғам кешегі қазақ қоғамынан басқа. Десек те,
Құдай сәуле бергенмен санасына,
Еркектерден көп төмен бағасы да.
Құлдықтан құтыла алмай келеді әлі,
Әйелдің дарасы да, данасы да – деген Фариза Оңғарсынова өлеңіндегі «құлдық» бүгін жан мен тән құлдығы екені белгілі. Қазір қазақ қоғамында әйелге деген зорлық пен қорлаудың асқынып бара жатқаны жасырын емес.
Балаларының анасын ұрып-соғу, үйден қуу еркектік намысы жоқ қуыс кеуделер онсыз да қазіргі қиын күндерде әйел тағдырын ойыншыққа айналдырды. Әлеуметтік желіде жарияланатын жаға ұстататын сорақы оқиғаларды оқыған жұрттың ойы қазақ ұлтының рухани кемістігін тағы да күні бүгінге дейін мазақ, қорлықпен күн кешіп жүрген әйелдерден көреді.
Әдетте еркек пен әйелдің қызғаныш сезімін «жақсы көргендіктен» деп жатады. Негізінде «жақсы көргендіктен» деген – бір сәтте қызғанышты оята кеткен ситуация-жағдаятқа байланысты бір сәттік сезім. Ал өмір бойы қызғанудың астарындағы қызғаныш – ауру сезім. Бұл қасиеттің адам бойында «туа біткен», «жүре біткен» дейтін түрлерінің ешқайсысы да емделмейтін, тек күдіктен ғана тұратын сорлы сезім.
Б.Нұржекеұлының «Суретшінің көңілдесі»деген әңгімесінде Әсем десе әсем, сұлу әйелін күйеуі Зақаш өмір бойы кім көрінгеннен қызғанып, ұрып-соғып, үш бала өсіп келе жатқан отбасының ойранын шығарады. Бұл жиырма төрт жыл бойы қайталанып келе жатқан көрініс екен. Ақыры соңғы соққысынан әзер есін жинаған байғұс Әсем ажырасуға бел байлайды. «Қызғаншақтар үнемі дүрбімен қарайды, ол кішкентай нәрсені – үлкен нәрсеге, ергежейлілерді – алыптарға, жорамалды – шындыққа айналдырады» деген тәмсіл еске түседі.
Сезімге тұрақтылық, отбасылық жауапкершілік, ел-жұрт алдындағы ұят, абырой дегендер бүгінгі күні құны түсіп, арзандаған тауар сияқты. Іс-әрекетімен жиі құбылып жүретін адамдар тағдыры «Құбылыс» әңгімесінде баяндалады. Мұнда да жылдар бойы балалы-шағалы болып отасқан әйелін тастап, басқа жас әйелден опа таппай, сергелдеңге түскен еркек тағдыры суреттеледі.
Отбасылық өмірден жақсы-жаманды «тәжірибе жинаған кәртамыстардың қылықтарымен» қатар, қазір жас қыздар мен жігіттер де алдыңғылардан қалыспай, ұлттық моральдық құндылықтың бетін тырнап, көзін шығарып жүр. Жазушы бір сұхбатында: «Мысалы, мен «Жартастан шал құлапты терең суға» деген әңгіме жаздым. «Жұлдызға» басылды. Көп әйелдер тлипон соғып: «Аға, қазір жасырын жезөкшелік деген бар. Сіздің айтып отырғаныңыз сол» деді. Әңгімемде жас қыз ақша үшін шалдың қойнына жатады. Ондай адамдар бар ғой. Ол қазір жасыратын нәрсе емес. Оның мүддесі анау. Бұрын Абайдың сөзінде қыз жартастан секірсе, мен шалды құлаттым. Осындай заман туды деп отырмын», – деп айтады.
Бүгін мұндай сорақылықтың түрлері «ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі» деген ұғымдардан алыс. Оқушы жазушы шығармаларының мазмұнынан тіксініп, түйсініп оқитыны рас. Адами сезімнің сәулелі түстерін болмысына ендіріп, жиренетін қылықтардан өзін аулақ ұстауға тырысады, тырысуы тиіс деп үміт етеді.
Бексұлтан Нұржекеұлының махаббат тақырыбын, ер мен әйел сезімін соншалықты тереңдетіп, еліктіріп, кей тұста қазбалап, дәлелдеп жазатыны неліктен? Автор өзіндік эмпатиясымен сол кейіпкерлерінің ішкі әлеміне еніп кететіні тегін емес. Психологияда «эмпатия (лат. empatheіa ) – өзге адамдардың жан дүниесін түсіну мен жай-күйін ұғыну қабілеттілігі. Эмпатия адам бойында жиі кездесетін, өзіндік мән-мағынасы бар ерекше сезім» деп түсіндіреді. Бұл арада жазушылық эмпатияның арқасында басқалардың, әсіресе, әйелдердің жан дүниесінің сыры мен күй-жайын ерекше білу қабілеттілігі суреткер ретінде Б.Нұржекеұлына ерекше дарыған.
Б.Нұржекеұлының шығармашылық ерекшеліктерін талдап жазып жүрген авторлар «қазақтың Мопассаны, махаббаттың жыршысы» деп бағалайды. Өткен ғасырдың 70-жылдары, студент кезімізде француздың «Мужчина и женщина» (Un Homme et une Femme) деген киносына жоқ іздегендей қопарылып бардық. Кейбір эротикалық көріністерінен бір-бірімізден ұялған болдық. Бірақ құпия адами сезім жағдайынан «бетін басып, тұра қашқан» ешкімді көрмедік.
Қалай болса да, махаббат, сезім деген дүниенің адамның ішкі мәдениетін тәрбиелеуде рөлі барын түйсіндік. Осы фильм режиссері Клод Лелуш (Cloaud Lelouch) «Мужчина и женщина через 20 лет» деп фильмнің жалғасын шығарды. Атақты кинорежиссерден неге бұл тақырыпқа қайта оралдыңыз дегенде, «Одан кейін де талай тақырыпты қаузаған фильмдер түсірдім. Өмірде ұмытылмайтын, тозбайтын бір тақырып қана мәңгі екен. Ол – махаббат», дейді. Талай су ағып, тау-тас мүжілсе де биік, таза сезім қалпын бұзбайды екен. Ұлы сезім – махаббат мәңгі тақырыбынан ешбір қаламгер өз туындысында аттап өтпейді. Алайда Б.Нұржекеұлы әйел әлемі махаббатының шырақшысы ретінде «Махаббат – біреу, көшірмесі мың түрлі». (Ф.де Ларошфуко) екендігін, сол көшірмеде алуан түрлі адам тағдыры, әсіресе әйел тағдыры орын алатынын оқушысы мойындайтын шындықпен жазады. Өмірде махаббат азабын әйелер көп тартатындықтан, «еркектер сүюді әйедерден үйренеді» деген де қисынға жанасымды.
Б.Нұржекеұлының оқырмандары жас жағынан да алуан түрлі. Әдетте түрлі сезім шуағының әсері кімді, қайсысын болса да қанаттандырып отырады.
«Кітап оқымайтын ұрпақ елін де, жерін де сатады» деген жазушының ренішін білеміз. Дегенмен қазір кітап оқитын жастар оқығаны мен тоқығанын әлеуметтік желіде бөлісіп жатады. Жазушының махаббат туралы кітаптарының бүгінгі жастарға да рухани құндылықтар жағынан қажеттілігі жоғары екендігін, ақ пен қараны, жаман мен жақсыны ажырату, махаббат майданында сезім тұрақтылығын сақтау, адалдықты жүректің символына айналдыру сияқты ой-тұжырымдарын жазады. Осы жазушы шығармалары арқылы түйген ой ұшқындары мен алған әсерлерін жариялап жүргендері қуантады.
Б.Нұржекеұлы кезінде білім алған ҚазМУ-ға жастар арасына келіп әңгіме-дүкен құрғанды жақсы көреді. «Бұрынғыдай табиғатты суреттеп бір бет толтырудың қажеті жоқ. Тоқ етерін айту керек, бірақ ақпараттық тілмен емес, көркем тілмен, сезімді қозғайтын тілмен айту керек. Сезімді қозғамаса, онда ол әдебиет емес. Тарихи, ғылыми әдебиеттер болғанымен, көркем әдебиеттің жөні басқа. Қысқа жазу деген сөз, ақпараттық тілмен жазу деген сөз емес. Бейнелеп, астарлап, идея беріп жазу керек. Табиғатты да мәнмен суреттеу керек. Табиғат күңіреніп тұр ма, адамның жаны да күңірену керек. Бір-бірімен байланыстырып, шендестіріп қана жазу керек. Бос, артық сөздерді азайту керек. Мен осыған көштім. Жұрт сондай дүниені оқиды екен» деп, сыр бөліседі.
Студент-жастар кездесуге жиі шақырғанда, себептеріне қарамай келісім береді. Әсіресе, біз қызмет істейтін ұлттық университетте студенттер жазушымен кез келген тақырыпта ашық диалог өрбітіп, білгісі, естігісі келген сұрақтарына тұшымды жауаптарын алып, уақыт шектеулігінен жол-жөнекей тағы да сұрақтарымен шығарып салады. Күн жылыда басынан тастамайтын мексикалық сомбреро шляпасына қараған жастардың ойында да стиль деген сұрақтың құлағы қылтиып тұрады.
Б.Нұржекеұлының әр мерейтойын өзінің жеке шығармашылық табыстарымен, қалың оқырманына ұсынатын жаңа кітаптарымен лайықты қарсы алатыны дәстүрге айналған секілді. Бүгін міне, 80-ге келген жазушы осы күні де көз майын тауысып, тағы бір дүниесін аяқтауға жақын екенін естідік. Қашанғыдағыдай алдағы күндерден асыға күтетін бір кітабымыз осы туынды боларына еш күмәніміз жоқ.
Жұрт махаббат тақырыбына жазады деп үйреніп кетті. Әйтпесе ол әр жазғаны бір әлем дерліктей жан-жақты жазушы. Оған Мемлекеттік сыйлыққа ие болған «Әй, дүние-ай» атты романы да куә. Он алтыншы жыл тақырыбын жаза отырып, оны он алты жастағы қыздың тағдырынан бастауы да тегін емес. Жазушының жүрегінен өткен ол тақырып, оқырманның да жүрегіне жеткеніне өзіміз куәміз. Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан ұлт жазушысы үшін одан асқан не бақыт бар дегіміз келеді.
Гүлдархан СМАҒҰЛОВА,
филология ғылымдарының докторы, профессор