• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 19 Ақпан, 2021

Кітап оқуды қолдау жылы

1062 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлт­­тық қоғамдық сенім кеңе­сінің IV отырысында балалар мен жасөспірімдер арасындағы кітап оқу мәсе­лесінің маңыздылығын атап өт­кен болатын. Сондай-ақ бұл мәселедегі кітап­ха­на­лардың мәртебе­сіне назар аудара отырып, елі­міз­дің барлық тұрғын­да­ры­ның күш-жігерін оқырман ұр­пақ­ты тәр­бие­леуге шақыр­ған еді.

Осы орайда Орталық коммуникациялар қызметінде «2021 жылы – Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы» аясында арнайы брифинг өтті.

Жиынға Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешев, ақын, Қазақстан Жазушылар ода­ғының Басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет, жазушы Баян­ғали Әлім­жанов, Ұлттық акаде­миялық кі­тап­хананың басшысы Үмітхан Мұңалбаева, Атырау облыс­тық ғылыми-әмбебап кітап­хана­сының директоры Сара Ізмұхаметова қатысты.

Айта кетейік, атаулы жылдың негіз­гі мақсаты – балалар мен жас­­өс­пірім­дердің арасында кітап оқу мәдениеті мен кітап оқу бел­сенділігін арттыру, кітап оқу мәр­тебесін көтеру және отба­сылық кі­тап оқу дәстүрлерін қолдау болып отыр. Шара аясында түрлі жобалар мен мәдени іс-шаралар, халықаралық форумдар, үйірмелер, шолу мен тақырыптық экскурсия­лар, байқаулар мен кездесулер, кештер, челлендждер жүзеге асырылып, әлеуметтік желілер мен БАҚ-та кеңінен насихатталатын болады.

Брифингте алғаш болып­ сөз алған Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешев: «Биыл алуан түрлі мәдени-та­ным­­дық, оқыту шараларын өткі­зу жоспарланған. Соның ішін­де, кітапханалар жүйесі мен қыз­­метінің заманауи үлгілерін ұйым­дастыру ісі жолға қойылуда. «Балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы» аясында өтетін іс-шаралармен республиканың барлық аймақтары қамтылады. Оқырмандардың кітап оқуына барынша жағдай жасалады», деді.

Осы жылдың Балалар мен жасөспі­рім­дердің кітап оқу жылы деп жа­­рияланғанын қолдайтынын жет­кізген Қазақстан Жазушылар ода­ғының төрағасы Ұлықбек Есдәулет: «Отандық балалар әде­биетін қазақ тілінде жазатын жас жазушыларды мемлекеттік дең­гейде қолдау қажет. Қазір бала­лардың көпшілігі компьютер­лік ойындарды жақсы көреді. Егер біз балаларға қажетті жұмысты ұсына алмасақ, олар бұл бос орынды басқа нәрсемен тол­тырады. Ал болашақта бұл балалар біздің елі­міз­ді басқаратын болады», деп түйіндеді.

Балаларды көркемсөз арқылы ойлауға, ойнап жүріп ойлауға үй­рету қажеттігін алға тартқан балалар жазушысы Баянғали Әлім­жанов қазақ балалар әдебие­тінің бай екеніне тоқталды. «Ауылдағы ба­лалар кітапқа зәру. Ал кітап сатып алуға жағдайы жоқ.Сол себепті балалардың тақырыптық антологиясын шығаруды ұсына­мын. «Отан», «Туған жер», «Тіл» тақы­рыптары бойынша шығарыл­ған антологияны сайттарға орналастырса, мұғалім де, балабақша тәрбиешілері де пайдаланатын болады. Бұл таптырмас қажетті құралға айналады. Және балаға түсінікті өлеңді жеткізуге мүмкін­дік береді», деді ол.

Айта кетейік, Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы Кітап­ханалар қауымдастығы мен бірлес­тіктерінің халықаралық феде­ра­циясының (IFLA) прези­денті Кристина Маккензи, сондай-ақ Қазақстанның ғылыми және шығармашылық интеллигенция өкілдері мен оқырмандар қоғам­дастығы тарапынан қолдау тапты.