Мыңдаған жыл бұрын адамзат қоғамында темір ақша пайда болған кезде сауда саласы ерекше серпілісті бастан өткерді. Содан кейін қағаз ақшаның шығуы сауданы одан әрі жеңілдете түскен. Себебі затқа затты айырбастаудан гөрі ақшамен есеп айырысу адамдарды көптеген шығыннан құтқарды.
Енді міне, адамзат қоғамы сауда мен қаржы саласында тағы бір революцияны бастан кешуде. Дамыған интернет желісі бізге ақшасыз есеп айырысудың мол мүмкіндігін ұсынуда. Мұның пайдасын көптеген адам көріп жатыр. Қазір дүкенге барып зат сатып алу үшін қалтамызға ақша салып шықпайтын болдық. Қалалы жерлерде кез келген дүкен қолма-қол ақшасыз-ақ есеп айырыса береді. Бұл үшін қалтаңда банктің пластикалық картасы болса, жетіп жатыр. Тек сол картаның ішінде есеп айырысатындай қаржы болса, болғаны.
Көпшілік қауымның Kaspi банк картасын ұстайтыны белгілі. Өйткені бұл банк қолма-қол ақшасыз есеп айырысудың мобильдік жүйесін басқа банктерден бұрын әзірлеп, елімізде клиенттерінің санын арттырып алды. Kaspi банк картасы көп іске жарайды. Онымен таксиге де төлем төлей аласыз. Ұшаққа, пойызға билет сатып алу үшін бұрынғыдай вокзалдарға жүгіріп жатпайсыз. Қазір басқа банктер де осындай қызмет түрлерін дамыта түсуде.
Қысқасы, көптеген шаруаңызды интернеттегі арнаулы бағдарламалар арқылы үйден шықпай-ақ атқара бересіз. Ал көшеде келе жатсаңыз, мобильдік жүйе мен құралды пайдалана аласыз. Электронды үкіметтің дамуы нәтижесінде көптеген салық түрлерін де үйде отырып төлеу мүмкіндігі бар. Бұл адам үшін қаржымен қатар барған сайын құны арта түскен алтын уақытты үнемдеуге алып келіп отыр. Сөйтіп әлемде алғаш рет интернет желісі пайда болған кезде Майкрософт компаниясының басшысы Билл Гейтс айтқан «болашақта кім интернеттен тыс қалса, сол өмірден де тыс қалады» деген сөзінің әбден шындыққа айналғанын көріп отырмыз.
Сонымен ақшасыз есеп айырысу әлем бойынша жылдан-жылға қарқынмен дамып келеді десек, қазір бұл істің көш басында еуропалық елдердің, соның ішінде Скандинавия елдерінің тұрғанын көреміз. Мәселен, қазір Швецияда халықтың бәрі қолма-қол ақшасыз есеп айырысуға көшіп, тек 13 пайызы ғана қалталарына ақша салып жүретін болған. Осыған орай сарапшылар енді үш-төрт жылдың ішінде Швецияның әлемде алғашқылардың бірі болып «ақшасыз қоғамға» өтетінін айтуда.
Жалпы, әлемнің қай елі болсын, қазір «қолма-қол ақшасыз болашаққа» қарай асыға қадам басуда. Бұл істе көп елдің жүрісі ширақ. Мәселен, көршіміз Ресейде былтыр халықтың 70 пайызы төлем төлеуді ақшасыз жүзеге асырған. Ресейден біздің еліміз де қалысайын деп тұрған жоқ. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының мәлімдеуінше, 2020 жылы елімізде «қолма-қол ақшасыз төлем революциясы» орнығып, виртуалды транзакциялар көлемі 2,6 есе өскен.
«2020 жылы Қазақстандағы «қолма-қол ақшасыз есеп айырысу эволюциясы» «революциямен» алмастырылды: елдегі қолма-қол ақшасыз транзакциялар көлемі 2,6 есе өсіп, 34,6 трлн теңгені құрады. Бұл ретте қолма-қол ақшасыз операциялардың үлесі 45,5%-дан 67,4%-ға дейін ұлғайды» делінген қауымдастық баспасөз қызметінің таратқан мәлімдемесінде.
Қауымдастық сарапшылары қолма-қол ақшасыз операциялар тәсілі арасында интернеттегі транзакциялар ең танымал екенін айтуда. Мұны фактілер де растайды. Статистикалық органдар мәліметінше, былтыр барлық қолма-қол ақшасыз операциялар көлемінің 81 пайызы соның үлесіне тиген. Яғни 2020 жылдың қорытындысы бойынша интернет арқылы транзакция көлемі 28,2 трлн теңгені құраған. Сонымен қатар айналыстағы кредиттік карталар саны екі есеге (5,3 млн бірліктен 10,9 млн бірлікке дейін), ал дебиттік карталар 40 пайызға (25,5 млн бірліктен 35,6 млн бірлікке дейін) өскен. Бұл еліміздің әр 100 тұрғынына бүгінде 189 дебиттік және 58 кредиттік карта тиесілі екенін көрсетеді. Сөйтіп қалтаға ақша емес, банк картасын салатын заман келіп отыр. Тіпті интернеттің дамуының нәтижесінде қазір көп адамдар қалтасына карта да салмайды. Қолындағы ұялы байланыс құралы арқылы есеп айырыса береді.
«Қазақстанда қолма-қол ақшасыз транзакциялардың танымалдығы жыл сайын өсіп келеді: 2018 жылы оған барлық операция көлемінің 29 пайызы, 2019 жылы – 46, 2020 жылы 67 пайызы тиесілі болды. Егер COVID-19 пандемиясына дейін банктер мен финтех-компаниялардың төлем инфрақұрылымын жоспарлы түрде дамыту қолма-қол ақшасыз төлемдер нарығының негізгі драйвері болса, онда 2020 жылдың екінші тоқсанында есеп айырысудың қолма-қол ақшасыз нысанын дамыту үшін әлеуметтік алыстатудың шектеу шаралары қосымша серпін берді» дейді осыған орай қауымдастық сарапшылары.
Сөйтіп «бір жамандықтың бір жақсылығы болады» дегендей, экономикамыз бен әлеуметтік өмірімізге көп кеселін тигізген пандемия жағдайы екінші жағынан қолма-қол ақшасыз есеп айырысудың күрт дамуына әкелуде. Бұл үрдіс бүкіл әлемде байқалуда. Бұған мемлекеттік органдар қызметінің жаңа жағдайда жұмыс істеу тәсіліне көшірілуі де өз әсерін тигізгенін айтуымыз керек.
«Мемлекет әлеуметтік байланыстарды барынша азайтуға және халықтың кірісінің азаюын өтеуге ұмтыла отырып, локдаун кезеңінде банктер бөлімшелері мен сауда және сервис кәсіпорындарына қашықтан қызмет көрсету пайдасына баруды шектейтін, сондай-ақ зардап шеккен азаматтарға материалдық көмек төлеуді көздейтін заңнамалық шаралар пакетін қабылдады. Нәтижесінде жүздеген мың қазақстандықтарда есеп айырысудың қолма-қол ақшасыз нысанына көшуге қосымша ынталандырулар мен мүмкіндіктер пайда болды. Бұл қашықтан қолжетімді тауарлар мен қызметтерді бірінші кезекте таңдауды анықтайтын жаңа тұтыну мәдениетін қалыптастыруға негіз болды» дейді сарапшылар.
Айта кету керек, қолма-қол ақшасыз транзакцияларды жүзеге асыру ісі әзірге барлық өңірде бірдей емес. Мәселен, тұрғындарының саны миллионнан асқан Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында ақшасыз есеп айырысу ісінің барынша жеделдей түскені сезіледі. Сарапшылар мұны төлем карталары мен мобильді төлемдерді қабылдайтын сатушылардың көптігімен түсіндіреді. Сондай-ақ мегаполис тұрғындарының қаржылық сауаттылығы мен тұтынуының жоғары деңгейі жақсы көмек болғанын айтады. Бұл мысал жанама түрде жан басына шаққандағы банк карталарының санымен де расталады. Мәселен, Алматыда (қолма-қол ақшасыз транзакциялар көлемі бойынша рейтинг көшбасшысы) бір тұрғынға 5,1 дебиттік және 1,4 кредиттік картадан келеді, ал Солтүстік Қазақстан облысы үшін тиісті көрсеткіштер (рейтинг аутсайдері) жан басына шаққанда 1,3 дебиттік және 0,4 кредиттік карталарды құрайды.
Осылайша, карантиндік, әлеуметтік қауіпсіздік шараларымен бірге тауарлар мен қызметтерге ақы төлеу үшін цифрлы арналардың танымалдығы мен қолжетімділігі Қазақстанның «ақшасыз қоғамға» қарай басқан қадамын барынша жеделдете түсуде.
Сарапшылардың пікірінше, қалыптасып келе жатқан жағдайдың еліміз үшін алдағы уақыттағы пайдасы мол болмақ. Бұл үдеріс болашақта адамдар үшін сауда-саттық жасау мен қызметтер алуды, яғни жалпы өмірді жеңілдетіп, уақытты үнемдеуге әкелсе, сонымен қатар көлеңкелі экономика мен жемқорлық үлесінің қысқаруына да игі әсер етпек.