«Сардоба» апаты біздің бірқалыпты тіршілігімізді басқа бағытқа бұрды, қиындығымен қатар, көп нәрсені терең ұғындырды. Мақтаарал ауданы Жеңіс ауылында дүниеге келіп, күні кешеге дейін сонда өмір сүрдім. Өстім, өндім, отбасын құрдым. Қазір 4 баланың әкесімін. Бауыр басқан, кіндік қаным тамған ауылымнан басқа жерге көшу ешқашан ойыма келген емес-ті. Ертеңімді, ұрпағымның болашағын да өз ауылыммен байланыстыратынмын. Алайда...
Иә, сол бір түн, яғни өткен жылғы 2 мамыр, таңғы беске жақындаған кездегі үрейлі сағаттарды ұмыта қойған жоқпыз. Көрші елдегі «Сардоба» су қоймасының бөгеті бұзылып, Мақтаарал ауданының ауылдарын су басты. Біздің ауылымызда су деңгейі көтерілді. Балаларымыздың амандығын ойлап, асығыс жиналдық. Құжаттарымызды ғана алып, бала-шағамызбен үйден шығып кеттік. Көптеген ауылдасым Атакенттегі эвакуациялық бекеттерге жайғасты. Біз туысқандарымыздың үйін паналадық. Сөйтіп Жеңіс ауылындағы 130 үйдің 2 мыңға жуық тұрғыны қауіпсіз жерге көшірілді. Ауылдағы көпірді, облыстық маңызы бар Мырзакент – Жеңіс – Жаңа тұрмыс автомобиль жолын су алып кетуі салдарынан көліктер жүре алмай қалды. Кейінірек барып ауылымның судың астында қалғанын көрдім. Үйлеріміз жарамсыз болып қалды. Кіндік қаның тамып, өмір бойы тұрған жеріңнің мұндай мүшкіл халін көру өте ауыр еді. Бір сәтте үйімізден, мал-мүлкімізден айырылдық та қалдық.
Дегенмен, ел-жұрт бар, ел ағалары бар, далада қалмайтынымызды сездік. Ағайынның, мемлекеттің, облыс, аудан басшыларының дер кезінде қолдау көрсетуі бізді жігерлендіріп, еңсемізді түсірмедік. Бүкіл елдің қолдауын сезіндік. Қауіптің алдын алу, ең бастысы адам өмірін сақтау мақсатындағы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің, аудан әкімі Бақыт Асанов пен жауапты қызметтегілердің жедел қимылы өз нәтижесін берді де. Еліміздің бүкіл облысы бізге көмек қолын созды, азық-түлік пен гуманитарлық көмек тиелген көліктер ағылып келіп жатты. Кәсіпкерлер де апаттан зардап шеккендерге қолдау көрсетуден тыс қалмады. Арнайы ашылған қорға қарапайым тұрғындардан, кәсіпкерлер мен ұйымдардан, мемлекеттік мекемелерден түскен қаржы қаншама?! Мемлекет басшысынан бастап лауазымды қызметтегілер қиын сәтте халықтың қасынан табылды, жанашырлығын білдірді.
Алты айдан кейін аудан орталығы – Мырзакент кентінен салынған жаңа үйімізге жайғасып алдық. Жаңа шағын ауданда қаладағыдай жағдай жасалған. Газ, жарық, ыстық су және таза ауыз су барлығы келіп тұр. Үйіміздің алдында саябақ бар. 1200 орындық мектептің құрылысы жүріп жатыр. Одан бөлек, дәрігерлік амбулатория мен полиция бекетінің құрылысы аяқталды. Мұндай жағдай біздің Жеңіс ауылында мүлде болмаған еді. Қазір қуанып отырмыз. Осыншама жағдайды жасап берген ел халқына, Елбасы мен Президентімізге, жергілікті басшыларға рахмет!
Осы бір қиындық бізді біріктіре түсті. Ынтымақ, мейірімділік, жанашырлықтың қымбат та қажет қасиет екенін ұғына түстік. Алғыс – ыстық ықылас, жылы жүрекпен айтылған ізгі ниетті сөз. Бізге қаншама азық-түлік, киім-кешек пен гигиеналық заттар жіберген халқымызға мың алғыс! Қиын кезеңде бірлігі жарасып, жұмыла көмектескен еліме басымды иіп рахмет айтамын!
Иә, өмірдің тірегі адамгершілік пен мейірім екен. Көпшіліктің қолдауымен басымыздағы бұлт сейіліп, отбасыма күлкі мен шаттық қайтып оралды.
Алғыс айта білу де – тәрбие. Адам баласының бойындағы ізгі қасиеттердің көрінісі, атадан балаға берілетін үлгі, әрі әдет, әрі қасиет. Осы қасиеттің мән-маңызын ұрпағыма ұғындырып келемін. Олар да жылы жүректен, риясыз көңілден шығатын әдемі сезімдерін, яғни алғыстарын қиын сәтте қолұшын созған барша жұртқа айтуда.
Дінмұхамед ЕРМЕКОВ,
Мақтаарал ауданының тұрғыны
Түркістан облысы