1993 жылдың ақпан айын Шыңжанда өткіздім. Шыңжанда «Керім-ау, айдай» әнінің мән-жайын ешкім білмеді. Қария сөзіне жетік жандар бұл әнді бір білсе Алтай жағындағы ескілікті кісілер, болмаса Баян-Өлгейдегі керейлер біледі деді. Шыңжанда ол ән кез келген қара өлең шумағымен айтылып жүр. Ал менің қолымда «Моңғол қазақтарының (1965, 1983) халық әндері», деген екі жинақ бар еді. Екі жинақтың екеуінде де «Керім-ау, айдай» әні кірген. «Әндебайдың баласы атым Тұрым» (Торым, деп те айтады. – И.Ж.) деп басталатын әнді Тұрым шығарған, әкесі Әндебай, сүйген қызы – Керім!
Сол жылы маусым айында фольклорлық сапарымен (Бұл сапарды Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Тұрсынбек Кәкішев бастап барған еді. – И.Ж.) Баян-Өлгейге бардық. «Керім-ау, айдай» әні жиі шырқалды. Ол жайында аз сөз айтылған жоқ. Сол қыруар әңгіменің ең түйіндісі, мәйегі, нағыз тарихы Сақсай сұмынында бізге Ноғайбай әнші жөнінде таңғажайып деректі әңгімелер айтқан Қарамес ақсақалды тыңдаған отырыста толық аян болды. Тұрым мен Керім оқиғасын қозғаған қария сөзді тағы бір иманжүзді Сезімхан деген кісі былай деп шертті: Абақ Керейде Балашық есімді ағыл-тегіл бай болған. Оның малын бағып, отымен кіріп, күлімен шыққан Әндебай дейтін жалшысы бар екен. Балашық байдың көзі күндей күлген ай дидарлы сұлу қызы Керіммен есігіндегі жалшысы Әндебайдың әнші ұлы Тұрым көңіл қосады. Балашық бай қызының мына ісіне тас-талқан боп: «Құлдың теңі құйқа!» деп Әндебайды «Сіңірі шыққан тобанаяқ, менің теңім боп па?» деп ауылдан қуып шығады. Тұрым мен Керім қол ұстасып қашып кеп береді. Бірақ құтыла алмайды. Байдың жігіттері екеуін ұстап алып, Керімді ағашқа керіп тастап, қатты жазалайды. Ал Тұрымды мойнына құрым іліп «барса келмес» деп қақыраған қу медиен шөлге айдап, қаңғыртып жібереді. Торға түсіп, шерменде болған Керім құса-дертке шалдығып, мәңгіріп, ақыры бір күні алтыбақанға асылып өледі. Арада налалы күндер, дертті жылдар өтеді. Өлмеген құл алтын аяқпен су ішеді. Тұрым қайыршы халде елге оралады. Ел көшіп кеткен. Сарғайған сары жұрт. Бір кезде Керім екеуі ай астында тербеліп алтыбақан тепкен жерге келеді. Тірі пенде жоқ. Кұлазыған сұрқай далада жалғыз бейіт тұр. Керімнің бейіті. Бұл елдің салты күнәһар жанды көп аруаққа қоспайды, жеке жерлейді. Керім... Керім сұлу жалғыз жатыр.
Ал бір күндері арманда қалған Тұрымның:
Әндебайдың баласы атым Тұрым,
Қызбен жолдас болғам жоқ
бұдан бұрын.
Керім-ау, айдай,
Кер маралдай,
Сағындым сәулем, бір сені ойлай.
Керімменен келісіп жүргенімде,
Қаңғыртты ғой,
мойныма іліп құрым.
Керім-ау, айдай,
Кер маралдай,
Сағындым сәулем, бір сен ойлай.
Дәйім менің мінгенім Кербалағым,
Ренжуге тартады сол қабағым.
Қайырмасы.
Қолым жетпей қор болып
жүргенімде,
Қияметте қосылғыр, хош, қарағым, – деген әні ел ішіне ескек желдей тарайды...
Сезімхан – айтыс ақыны. Оның орнықты сөзін көкірегі Абақ Керей шежіресі боп күмбірлейтін Қарамес ақсақал разы бола бас изеп, қоштап отырды. Ескі әндер мен күйлердің аңызына қанық сыбызғышы Қалек те «жөн, жөн» дей берді. Ән бұл өңірде жұп-жұмсақ, бұйығы мұң элегиясы боп айтылады екен.
«Керім-ау, айдай» әні мүлгіткен бір есте қаларлық кеш осындағы ел басшыларының бірі – Мұрат Бұшатайұлының үйінде өтті. Отырыс үстінде Мұраттың келіншегі Шайзада бастап, бір топ қонақ әнді сырлы сезіммен сабырлы орындады.
Әннің қалай орындалуы керектігін Мұрат бір білікті кісінің сөзін еске алып, ойға қалдырды. Бір кезде Моңғол партия мектебінің ректоры болған, белгілі профессор, марқұм Құрметбек Байтазаұлы дәйім: «Керім-ау, айдайды» қазақстаншыламай... өзіміздің керейше айтыңдаршы, – деп әннің тәтті мұң боп орындалуын қадағалап, әншілердің мінін түзеп отырады екен.
Керім мен Тұрым ... Бұл бейкүнә қос ғашық қай кезде өмір сүрген? Мұны қазір ешкім білмейді. Ол енді тек аңыз... Ақиқат болған істің аңызы... Қалқабай ақын осы аңыздан поэма шығарды. Мүсәйіп Хұсайынұлы поэма негізінде опера жазды, ол 1991 жылы Баян-Өлгейде музыкалы-драма театрында қойылды.
Бұған қоса Шабдарбай Қатшановтың «Керім-ау, айдай» атты үш перделі, бес көріністі трагедиясы бар, ол 1980 жылы кітап боп жарық көрді.
Керім мен Тұрым... Бұл тағдыр – Ақан сері – Ақтоқты, Естай – Хорлан, Қайып – Ақбөбек, Сауытбек – Ақбөпе секілді мұңлықтардың ел жүрегін елжірететін мәңгі махаббатының жыры. Абақ Керейдің бір бейкүнә әнші, серісінің пешенесіне жазылған тағдыр сыйы осылай болған.
Илья ЖАҚАНОВ,
Қазақстан мен Қырғызстанның
еңбек сіңірген қайраткері,
композитор,
өнер зерттеушісі