• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тарих 25 Ақпан, 2021

Алтын Орда тарихы киноға айналады

646 рет
көрсетілді

Жуырда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің үндеуінде кинематографис­терге тарихи тақырыпта фильмдерді түсіру қа­жеттігін айтқаны есімізде. «Бүгін­де әлемдік киноиндустрияда тарих тақыры­бындағы сценарийлерге сұраныс жоғары. Осы орайда біздің де тарихымызда ауқымды фильмдерге арқау болатын маңызды белестер мен оқиғалар баршылық. Мысалы, әлемдегі ең қуатты империялардың бірі бол­ған Алтын орда тарихы дайын тұрған жоқ па?! Бұл мәселеге болашақта кино саласы­ның мамандары баса назар аударғаны жөн», деген еді Президент.

Енді міне, сол үндеудің ізі суымай жатып, Ұлт­тық киноны қолдау мемлекеттік орталығынан Алтын орда тарихына арналған ірі киножобаның тұжырымдамасы әзірленіп жатқанын хабарлаған ақпарат түсті. «Кино орталығының жанынан арнайы жұмыс тобы құрылды. Ол ел басшылығына болашақ киножобаның негізгі көрінісі, моделі мен архитектурасы бойынша ұсыныс береді. Дайын­дықтың бірінші кезеңінде кәсіби тарихшылар мен тәжірибелі кинодраматург, этнографтар мен әдебиеттанушылардан ақпарат жиналады. Сонымен қатар үлкен халықаралық тарихи киножобаларды жасау бойынша табысты тәжірибесі бар Голливуд, Еуропа, Ресей және Азияның үздік өндірістік компа­ниялары арасынан жаһандық серіктестер мен инвес­торларды іздеу жүргізілуде», делінген орта­лықтың баспасөз хабарламасында.

Ұлттық киноны қолдау орталығының басқар­ма төрағасы Есетжан Қосубаевтың айтуынша, ор­­талық жуырда екі гол­ливудтық компаниямен бей­небайланыс арқылы конференция өткізген. Жа­қын арада азиялық әріп­тес­термен кездесу өткі­зу жоспарлануда. Орта­лық басшысы өндірістің қар­­жылық моделін пысық­тауға баса назар аудару керек­тігін айтады.

«Біз «Көшпенділер» атты тарихи блокбастерді сату және жалға беру бойынша жағымсыз тәжі­ри­бені ескере отырып, өткен қателерді қайталамас үшін, жобаның барлық бөлшектерін пысықтауды, үлкен жауапкершілікпен қарап, кезең-кезеңімен іске асыруды міндетімізге аламыз. Бірінші кезекте ішкі ресурстардың өлшемі алынады – қазақстан­дық кинематографистердің қайсысы әдеби контент­ті қа­лыптастыруға дайын. Түсірілетін киноның тарихи кезеңі іс жүзінде айқын болғандықтан, біз синопсис пен одан кейінгі сценарийді барынша шынайы әрі терең әдеби-тарихи талдау негізін­де жазуға кірісуіміз керек. Бұл процесс жедел, бірақ со­ны­мен бірге өте мұқият жүргізіледі деп айта ала­мын. Осы маңызды жобамен жұмыс істеуде Ұлт­­тық киноны қолдау мемлекеттік орталығы тарихи, мәдени, тәрбиелік және ең бастысы кәсіби әдіс­наманы әзірлеу жөніндегі басты үйлестіруші болуы тиіс», дейді Е.Қосубаев.

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы алдағы уақытта халықты жобаның жұмыс барысы мен одан әрі іске асыру жөнінде қабылданған шешім­дер туралы хабардар етіп отырмақ.