Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шетелдік инвесторлар кеңесінің барысында коронавирус пандемиясы жағдайында Қазақстандағы экономикалық және инвестициялық белсенділікті қалпына келтіру жөніндегі шараларды қарастыра отырып, отандық фармацевтика саласын дамыту аясында 2025 жылға қарай өндіріс үлесін 50%-ға дейін ұлғайту көзделгенін айтты. Президент медициналық жабдықтар өндірісі белсенді дамып келе жатқанын атап өтіп, аталған саланың инвестициялар үшін ашық екенін және мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Әлбетте, Қазақстанда бұл мақсатқа қол жеткізудің кілті бар. Бұған елдің ішкі өндірістік әлеуеті ғана емес, сондай-ақ дамудың оң серпіні бар әлемдік фармацевтикалық нарықтың шынайы көрсеткіштері де дем беріп отыр. Жаһандық талдау бойынша, әлемдік фармацевтикалық нарықты тұрақты дамып келе жатқан және пандемия жағдайында белсенді өсуді көрсететін бірегей нарыққа жатқызуға болады. Яғни фармацевтика өнеркәсібі мен шешім қабылдау процесін жеделдететін жағдай қалыптасты.
«СК-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы Ерхат Есқалиевтің айтуынша, Covid-19-ға дейін де баға қысымы, нәтижелерге бағдарлану, дәрілердің күрделі қоржындары және қатаң нормативтік орта сияқты мәселелер болды. Дегенмен, аталған түйткілдермен бірге өзгерістер мен мүмкіндіктер пайда болады. Бұл ретте фармацевтика саласы болашаққа икемді түрде бейімделетіні анық.
Fortune Business Insights сарапшыларының пікірінше, былтыр әлемдік фармацевтика өнеркәсібінің құны 1,12 трлн долларды құрады, ал 2023 жылға қарай 1,57 трлн долларға жетпек. Атап айтқанда, қатерлі ісікке, диабетке және ревматизмге қарсы дәрі-дәрмек өндірісінің жылына 12%-ға ұлғаюы есебінен орташа жылдық өсу қарқынының 6%-ға оң үрдісі байқалады. Фармацевтика секторының табысы мен кірісінің ІЖӨ-ге әсері де артып келеді. 2019 жылдың қорытындысы бойынша, сатудың жалпы көлемі 2 трлн доллардан асты. Бұл әлемдік ІЖӨ-нің шамамен 1,4%-ы. 116 елдің экспортталатын дәрілерінің жаһандық сатылымы 392,9 млрд долларды құрады. Халықтың фармацевтикалық салада жұмыспен қамтылуы 4,4 млн адамға, яғни Жер шарының еңбекке қабілетті халқының 0,1%-ына жетті. Сонымен бірге ғылыми зерттеулерге салынатын инвестициялар 150 млрд доллардан асты, бұл ретте нарық кірісінің 20%-ы R&D-орталықтарын әзірлеуден құралады, соның нәтижесінде жыл сайын 30-дан астам жаңа молекула жаһандық нарыққа шығады.
IQVIA халықаралық талдау компаниясының деректері бойынша, әлемдік фармацевтикалық нарықтың жалпы құнының 79,5%-ын үздік 10 ел анықтайды. 2019 жылдың қорытындысында рейтингті нарық көлемі 501,2 млрд долларды құрайтын АҚШ бастады. PharmaBoardroom және Evaluate Ltd. сияқты фармацевтикалық нарықты зерттеудің беделді көздерінің дерегіне сәйкес, BigPharma үздік 10 компаниясының сатылымы әлемдік фармацевтикалық нарық құнының 35%-ын құрады. Рецептік дәрілерден және R&D шығындарынан жылдық кірістің жалпы көрсеткіші осы компаниялардың бірлесіп нәтиже шығару және инвестицияларды қолдау қабілеті келешегі бар инновацияларды бекітілген емдеу әдістеріне айналдыруға көмектеседі. Шын мәнінде, жетекші фармацевтикалық компаниялар дәрі сату көлемінің 20,8%-ына дейін жаңа дәрілерді әзірлеуге қайта инвестициялайды.
Сондай-ақ фармацевтикалық өнеркәсіпті белсенді мемлекеттік қолдау бірқатар дамушы елдерге, ең әуелі Үндістан мен Қытайға ішкі нарықты қорғауға ғана емес, сыртқы нарыққа сәтті шығуға да мүмкіндік берді. Қытайдың фармацевтикалық нарығында меншікті өндірушілердің үлес салмағы 70%-ды, Үндістанда 80%-ды құрайды. Бұл елдердің әлемдік нарықтағы рөлінің өсуіне мемлекет белсенді ықпал етті. Осылайша, жаһандық фармацевтикалық нарықтағы үнді және қытай компанияларының үлесі 2007 жылдан бастап 2019 жылға дейін 6,5%-дан 9,4%-ға дейін өсті. Соңғы жылдардағы ең қарқынды дамып келе жатқан нарық – Қытай мен Оңтүстік Корея елдерінде. Қытайдағы дәрілер өндірісі мен сапасын орталықтандыруға баса назар аудару (GMP) 800 инновациялық молекуланың меншікті зерттеуін қамтамасыз етуге, 20 жаһандық өндірушіні тартуға және фармацевтикалық өнімдер айналысының халықаралық стандарттарына толық көшуге мүмкіндік берді. Оңтүстік Корея ғылымның перспективалық бағыттары саласындағы инновациялық даму, биосимилярлар өндірісін оқшаулау мемлекеттік және жеке капиталды тарту жолымен жүріп, елге үздік халықаралық мамандарды жұмылдырды.
Елімізде коронавирус пандемиясына байланысты карантин жариялау және өткен жылдың жазында басталған індеттің алғашқы толқыны фармацевтикалық нарықтың жалпы көрінісіне айтарлықтай әсер етті. Мәселен, IQVIA халықаралық талдау компаниясының деректері бойынша, бөлшек сауда мен ТМККК үшін сатып алуды ескере отырып, қазақстандық фармацевтикалық нарықтың құны 2020 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 22%-ға өсті. Бұл ретте бөлшек сегментте фармацевтикалық өнімді сату көлемі 18%-ға ұлғайды.
2020 жылы нарықтың оң серпінінің негізгі факторы – дәрілік заттарға сұраныстың күрт артуы, құнының өсуі және жаңа дәрі-дәрмектердің пайда болуы. Пандемияға байланысты нарықта коронавирустың алдын алуға, салдарымен күресуге көмектесетін көптеген жаңа дәрі-дәрмек пайда болды. Әдетте жаңа дәрілер нарықта ұзақ мерзім ішінде пайда болады, бірақ пандемия жағдайында мерзім айтарлықтай қысқарды, бұл дәрі-дәрмектердің өзіндік құнына да әсер етті.
– Егер 2019 жылы отандық өндірушілердің ақшалай мәндегі үлесі 14%-ды құраса, 2020 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш елдің жалпы фармацевтикалық нарығының 16%-ына дейін өсті. ОТӨ (отандық тауар өндірушілер) өндірісінің құндық мәнде 2019 жылмен салыстырғанда 39%-ға ұлғаюы байқалды (бюджет сегментінің 48%-ға, бөлшек сауданың 28%-ға өсуі). Өз кезегінде, фармацевтикалық индустрияның өндіріс көлемін арттыруда «СК-Фармация» маңызды рөл атқарады. Өйткені отандық тауар өндірушілер мен кәсіпкерлік бастамаларды дамыту мәселелері – Бірыңғай дистрибьютор қызметі басымдықтарының бірі. Он жылдық кезеңде Бірыңғай дистрибьютор арқылы сатып алудың 9 есе өсуі байқалады. Бірыңғай дистрибьютордан сатып алынатын атаулар саны 2010 жылғы 804 атаудан 2021 жылғы 1 439 атауға дейін ұлғайып, 1,8 есе өсімді құрады. Сатып алу рәсімдерінің қорытындысы бойынша ағымдағы жылы сатып алудың жалпы көлеміндегі үлес мөлшері бойынша бірінші орын отандық өнімге, екінші орын неміс өніміне тиесілі, – дейді Е.Есқалиев.
Отандық зауытта өндірісті іске қосу – ішкі нарықты қажетті дәрі-дәрмекпен тез және тиімді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Экономикалық нәтиже де айқын – отандық өнімнің құны шетелдік өнімнен 40%-ға төмен. 2020 жылы сатып алудың жалпы көлемінде отандық тауар өндірушілердің үздік 10 үлесі 87,4%-ды құрады. Бұл ретте «Нобел АФФ» және «Химфарм» компанияларының үлесі 60%-ды құрайды. Сондай-ақ бұл екеуі мен «Kelun-Kazpharm» – экспортқа бағдарланған компаниялар. Ал «Абди Ибрахим», «Нобел АФФ», «Dolce» компанияларында жергілікті қамтудың үлесі 80%-дан асады. Жалпы, 2020 жылдың қорытындысы бойынша ел экономикасы өсуінің негізгі драйверлерінің бірі – фармацевтика (47%). Бұл ретте, ІЖӨ-дегі фармацевтика өнеркәсібінің үлесі 0,45%-ды құрады.
Отандық фармацевтикалық дәрі-дәрмектер өндірісі өсуінің негізгі ынталандырушысы – мерзімі 10 жылға дейінгі ұзақ мерзімді шарттар жасасу бағдарламасы. Бүгінгі таңда 35 отандық тауар өндірушімен дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың 4 895 атауын жеткізуге жасалған 89 ұзақ мерзімді шарт әрекет етеді. Оның ішінде 42 ұзақ мерзімді шарт дәрілерге және 47 ұзақ мерзімді шарт медициналық бұйымдарға жасалған. Сатып алу бойынша жүргізілген келіссөздердің қорытындысында 2021 жылға ұзақ мерзімді жеткізу шарттары арқылы сатып алуды алдын ала үнемдеу 5,7 млрд теңгеден асты.
Сонымен қатар отандық өндірісті қолдау саясатына қарамастан, нарықтағы ОТӨ үлесі құндық мәнде 17%-ды құрады, бұл өндірушілердің қоржынын тиімділігі төмен және негізінен генерикалық дәрі-дәрмектер ұсынылған ретінде сипаттайды. Ал ДДҰ ұсынымы бойынша, елдің ұлттық дәрілік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бұл көрсеткіш ақшалай мәнде кемінде 30% болуы тиіс.
Отандық фармацевтикалық нарықтың импортқа тәуелділігінің негізгі мәселелері ғылымның, өндіріс пен білімнің әлсіз бірігуі, отандық ғылыми әзірлемелердің коммерцияландыру және тәжірибеге бағдарлану дәрежесінің төмендігі, жоғары мамандандырылған тар бейінді мамандардың тапшылығы және т.б.
«СК-Фармация» ЖШС басшысы Е.Есқалиевтің айтуынша, саланы дамытудың маңызды мәселесі – дәрілік заттар үшін шикізат өндіру. Алайда Қазақстанда негіздердің жеке өндірісі жолға қойылмаған. Дәрілік шикізатты өндіру үшін еліміздің бай флорасына қарамастан, дәрілік өсімдіктердің таралуы мен өсуінің экологиялық жағдайы аз зерттелген, көптеген түрдің қазіргі жағдайы туралы мәліметтердің жеткіліксіздігіне байланысты шикізат қорының ресурстану сипаттамасы жоқ. Нәтижесінде, ресми медицина үшін шикізат ретінде Қазақстанда бар 6 мың түрдің 50-ге жуығы ғана пайдаланылады.
Дегенмен, IQVIA болжамы бойынша, 2024 жылға дейін қазақстандық фармацевтикалық нарықтың 10%-ға өсуі күтілуде. Бұл ретте бюджет сегментінің оң серпіні амбулаториялық секторда қымбат тұратын өнімдерді, атап айтқанда онкология мен қант диабетін емдеуге арналған дәрі-дәрмектерді сатып алуды ұлғайту есебінен 13%-ға дейін күтіледі. Бөлшек сектордың өсуі негізінен қымбат түпнұсқалық дәрі-дәрмектерге сұраныс есебінен 9%-ға дейін күтіледі. Бірыңғай дистрибьюция жүйесі арқылы сатып алынатын дәрі-дәрмектер тізбесін саралау жергілікті өндірушілер қамтымаған дәрілер мен медициналық бұйымдардың 367 атауының 41-і ең жоғары бағаны құрайтынын көрсетті. Яғни вакциналар, қан факторлары, диабетке қарсы, онкологияға қарсы дәрі-дәрмек бағасы мен көлемінің арақатынасы мемлекеттік арналар арқылы өткізуде барынша пайда әкеледі және инвесторлар үшін неғұрлым тартымды болуы мүмкін.
Өткізілген кездесулердің қорытындысы бойынша және отандық фармацевтикалық өндірушілермен ұзақ мерзімді шарттар жасасудың он жылдық тәжірибесіне сүйене отырып, «СК-Фармация» және «Kazakh Invest» меморандумы шеңберінде әлеуетті инвесторлар үшін қажетті барлық ақпаратты үш тілде «бір терезе» қағидаты бойынша қамтитын Investment guide book жолкөрсеткіші әзірленді. Бұл ақпараттық өнім «СК-Фармация» және «Kazakh Invest» интернет-ресурстарында қазірдің өзінде қолжетімді.
Осылайша, жаһандық және жергілікті нарық трендтерін ескере отырып, саланы дамытудың неғұрлым келешегі бар сценарийі Ресей, Қытай, Үндістан, Өзбекстан және Оңтүстік Корея тәжірибесі негізіндегі қоспалы үлгі болып отыр. Оның тиімділігінің негізгі көрсеткіші отандық өндірушілердің үлесін ұлғайту болатын, құны жоғары фармацевтикалық өнімдерді өндіру арқылы ұлттық дәрілік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған
– Бұл үлгінің негізгі бағыты – ғылым, білім беру және әрекеттегі фармацевтикалық өндіріс арасында тығыз өзара байланысты қалыптастыру және сақтау. Бұл іргелі ғылымның дамуына серпін береді және Қазақстанның ғылыми мұрасын нығайтады. Импортты алмастыратын дәрілік заттар өндірісін құруға және тиімді патенттік зерттеулерді ынталандыруға бағытталған ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға қолдау көрсету мүмкіндігін қарастыру қажет. Іс-шараларды іске асырудың тиімділігі жоғары білікті кадрлар пулын қалыптастыру және іргелі ғылыми негізді дамыту болмақ. Өндірісті іске қосуға бастапқы шығындар, өндірілетін дәрілер мен медициналық бұйымдардың жоғары өзіндік құны және экспортқа төмен бағдарлану да өз шешімін талап етеді. Бұл үшін фармацевтикалық индустрияны Қазақстан экономикасының басым салаларына қосу қажет. Мемлекеттік қолдау шараларын күшейту және бизнес үшін қолайлы инфрақұрылым құру мақсатында дәрілік заттар мен шетелде тіркеуге арналған шығындарды өтеу бағдарламасы, тікелей шығындарды өтеу тетігі және инвестициялық шығындарды өтеу, сондай-ақ экспорт кезінде салықтық жеңілдіктер мен кедендік жеңілдіктер беру қажет, – деді «СК-Фармация» ЖШС басшысы.