Туып-өскен жердің, достар мен жақындардың, етене таныс салт-дәстүрлердің қаншалықты ыстық екенін туған елден жыраққа кеткенде түсінетінің заңды.
2017 жылдың қыркүйегінде өмірімдегі ең үлкен шешімдердің бірін қабылдап, кішкентай қызыммен бірге Германияға қоныс аудардым. Сөйтіп өзім Ақтөбе қаласында туып-өскен этностық неміс болғандықтан, тарихи отаныма көшу мүмкіндігін пайдалануға бел будым. Бірақ арада үш жыл өтсе де жаңа жерге толығымен үйренісіп кеттім дей алмаймын. Туған жерімде анам, достарым, жақындарым мен әріптестерім қалды. Оларды қимай кеткенімді жасырмаймын, жиі хабарласып, хал-жағдайларын сұрап тұрамын. Осы уақыт аралығында бір рет қонаққа келіп кеттім.
Қазір арнайы курста неміс тілін оқып жүрмін, қызым балабақшаға барады. Мамандығым бойынша есепшімін, экономикалық білімім бар. Алдағы уақытта өз мамандығым бойынша жұмысқа орналасуды көздеймін. Неміс тілін жоғары деңгейде меңгеру үшін тіл курсына барып жүруімнің себебі де осы. Осыған дейін жат болып келген қоғамға бірден сіңісіп кетудің қаншалықты қиын екенін өз басымнан өткердім. Туған жерге деген сағынышты мен секілді шетелге көшкен барлық отандасым біледі деп ойлаймын. Елде қалған жақындарым мен достарыма хабарласқан сайын ыстық лебізімді жеткізіп, алғыс айтудан шаршамаймын. Сол ортада өстік, өндік, өмірге деген көзқарасымыз қалыптасып, құндылықтарымыз айқындалды.
Қазақстандық немістердің туған жеріне деген сезімі ерекше. Оны әлеуметтік желілерде жиі байқаймыз. Бір видеода Қазақстанда туып, тарихи отанына қоныс аударған азамат Шәмшінің әнін орындаса, екіншісінде Германияда өтіп жатқан қазақы тойды көріп таңданасың. Бұл басқосуларда туған жерін сағынған немістер кез келген мерейтойда қазақша той әндеріне билеп, қосылып шырқап жатады. Тіпті ет асып, қазақы дастарқан жаяды. Бұл туған жерге деген сағыныш емей немене? Қазақстанда мұның барлығы күнделікті тұрмыстың бір бөлігі болғанымен, жырақта жүріп әр дәстүрді үлкен мерекедей қабылдайсың. Кезінде Қазақ елі жер аударылып келген өзге ұлт өкілдерін сыртқа теппей, аса бауырмалдықпен қабыл алды, баспанасын, асын бөліп берді. Бұл жақсылық ешқашан ұмытылмайды. Біз қазақы дәстүрді бойымызға сақтап, сыртта жүрсек те бір сәтке естен шығармаймыз. Бұл құндылықты осында дүниеге келген бала-шағамызға толығымен бере алмасақ та, Қазақстан туралы жылы естеліктер мен әңгіме дастарқан үстінде әлі айтылып келеді.
Қазір Германияның оңтүстік-батысындағы ескі қалалардың бірі – Ульмде тұрып жатырмын. Жүз мыңға жуық тұрғыны бар шағын қала. Өзім туып-өскен Ақтөбемен салыстырғанда әлдеқайда кішкентай. Жергілікті тұрғындармен Қазақстандағыдай арқа-жарқа араласып кете алған жоқпыз. Оның үстіне пандемия кезінде үйде отырып, онлайн оқып, сыртқа шығудан қалдық. Жақында басталған жаппай вакциналаудан кейін жағдай өзгереді деп үміттенемін. Шекаралар ашылып, бұрынғыдай еркін саяхаттау мүмкін болса, Қазақстандағы жақындарыма тағы да барып қайтқым келеді.
Осыған дейін талай рет Қазақстаннан Германияға қоныс аударған немістер мемлекетаралық байланысқа да көпір болып отыр дегенді естігенмін. Олардың достық пен әріптестіктің буынын бекітуге қолдарынан келгенше атсалысып жүргені сөзсіз. Тіпті оларды Қазақстанның өзіндік бір бет-бейнесі деуге де болады. Өйткені Германия тұрғындары біз арқылы Қазақстан жайлы ақпарат алады. Неміс тілі сабақтарында өзім туралы, туып-өскен өлке жайлы жиі айтамын. Қазақ елінің қайда орналасқанын білмейтін достарым оның тарихы мен мәдениетіне қызығып әрі қарай сұрастырып жатады. Мұндайда Қазақстан жайлы әңгімелеп отырғанымда кеудемді мақтаныш пен сағыныш сезімі кернейді. Мұнда қазақтың тамаша әншісі Димаш Құдайбергеновті сүйіп тыңдайтындар да аз емес. Оның менің туған қалам – Ақтөбеден екенін айтып, жерлесім үшін төбем көкке жетеді.
Осы ретте бізге пана болып, жақсылығын аямаған, жақын достар сыйлап, өмірлік дүниетанымымызды қалыптастырған туып-өскен Қазақстаныма, жүзден астам ұлт өкілінің бастарын біріктіріп, бір атаның баласындай тату-тәтті өмір сүрулеріне тең мүмкіндік туғызған Елбасына шын жүректен алғыс айтамын.
Марина Вольф,
Германияның Ульм қаласының тұрғыны