Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Ұлттық академиялық кітапханада «Аманат» қазақ күйлері антологиясы» атты қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі жинақтың тұсаукесер рәсімі өтті. Байырғы әрі бірегей күйлер жазылып, цифрлы тасығышпен жабдықталған көлемді еңбек «Сауап» қоғамдық қорының демеушілігімен шығып отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласында: «Жаңа заманның жақсы-жаманын екшеп, артықшылықтарын бойға сіңірумен қатар, тамырымызды берік сақтауымыз қажет! Ұлттық болмысымыздан, төл мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізден ажырап қалмау – барлық өркениеттер мидай араласқан аласапыранда жұтылып кетпеудің бірден бір кепілі», деп айтқан еді. Ұлт руханияты мен мәдениетінің іргесін берік ұстауға бағытталған Президент тапсырмасына тұспа-тұс келген жоба сегіз жыл бұрын қоғамдық қордың бастамасымен қолға алыныпты. Осы уақыт аралығында бұған дейін назардан тыс қалып, жиналмай келген, ел есінен ұмытылған қыруар мұра табылып, қалпына келтіріліп, кітапқа енгізілген. Бұл туралы «Сауап» қоғамдық қорының Қамқоршылық кеңесінің төрағасы, Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл сөз басында атап өтті.
«Классик жазушы Мұхтар Әуезов: «Күй аңыздарының көп екенін ел біледі, бірақ кітап, баспа білмейді» деп айтқан екен. Бұл тұрғыдан алғанда, «Қазақ күйлері антологиясының» тағы бір дара қыры айқындалады. Атап айтқанда қазақ халқының рухани шежіресінің асыл қазынасы саналатын күйлердің тарихы және олар туралы көптеген аңыздар жиналып, зерттеліп, жинаққа басылып отыр», дей келе, «Аманат» жобасы аясында ауқымды ғылыми жұмыс атқарылғанын айтты. «Біздің зерттеушілеріміз шетелдік архивтерді, мемлекеттік қана емес, сонымен қатар жеке қорларды да мұқият қарады. Сондағы қалың шаң басқан, ғылыми қауымдастық «жоғалып кетті» деп санаған көптеген көне күйлердің ескі жазбаларын тапты. «Сауап» қоры олардың бәрінің көшірмесін сатып алды. Үлкен ыждаһаттылықпен өңдеп, реставрациялады. Цифрландырып, заманауи аудиотасығыштарға көшірді», деді Мәжіліс депутаты.
Халық бар жерде – қазына бар. Зерттеуші ғалымдардың пайымдауынша, қазақта кем дегенде 7 мыңға тарта күй болған екен. Жобаның бірлескен авторы, зерттеуші, PhD докторы Мүслім Хасенов «Аманат» антологиясының басты ерекшелігі – көпшілікке беймәлім 500-ге жуық күйдің қағазға түсуінде дейді. «Жинақтағы әр күйдің шығу тарихы мен мағынасы үш тілде жазылған. Неге біз күйден бастадық? Қазақтың күйі – төрткүл дүниенің төрт бұрышын жайлаған өзге жұрттарда кездеспейтін, қазақ ұлтының, көшпелілердің бүтін бітім-болмысын айқындайтын алтын ұстындардың бірі. Әлемнің кез келген жерінде күй сарыны естілсе, біз оның қазақтікі екенін біле қоямыз. Енді оны халықаралық қоғамдастық та жақсы білетін дәрежеге қол жеткізуіміз керек. Ол үшін қазақтың бұл құндылығын дүние жүзіне дәріптеудің маңызы зор», деді ол. Сондай-ақ оның сөзінше, бір күйдің құдіреті күрделі бір опералық шығармаға тең екен. Мысалы, «Соқыр Есжан» деп аталатын 3 минуттық күйден үш сағаттық «Біржан мен Сара» операсы дүниеге келген.
Еске салсақ, ұлт мәдениеті тарихында бұған дейін «Қазақтың 1000 күйі», «Мәңгілік сарын» атты еңбектер жарық көрді. Әйтсе де, жаңа антологияның жөні де, мазмұны да бөлек. Бұл туралы антологияның редакторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбай баяндады.
«Аталған еңбекте қазақ күйлерінің дәуір кезеңі көрсетілді. Мәселен, өнертану тарихында көп айтыла бермейтін ащы тақырып – «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманы. Жоңғар шапқыншылығы кезеңіндегі музыкалық мұралар толық жиналмай жүрген еді. Мына жинақта осы кезең арнайы бір бөлім болып жинақталып отыр. Одан кейін ақ патша отаршылдығы кезіндегі туған күйлер де назардан тыс қалған жоқ. Бұл – қазақ күйінің кезеңдік, дәуірлік мазмұнын баяндайтын үлкен іргелі еңбек», деді күйші.
Қазақ күйлерінің антологиясы үш аспаптық тараудан тұрады: сыбызғы күйлері, қобыз күйлері, домбыра күйлері. Антологияны құрастыру барысында шетелдегі қазақ күйлері де алтын қорға қосылып отыр. Мәселен, Айтыкен Бейісбайұлы, Сарқыт Иісқанұлы, Сайраш Жармұхамедұлы, Боранбек Шүкірәнұлы, Нұрымбай Сүлейменұлы, Ғалым Сыдықұлы, Өмірбек Садырбайұлы секілді дәулескер домбырашылардың орындауындағы шетелден жеткен домбыра күйлерінің сарындары ұлтымыздың ұмытыла жаздаған үні, дәстүрлі орындаушылықтың сирек үлгілері саналады.
Бұдан бөлек Зұпар Кәбенұлының орындауындағы Қошанай Елікбайұлының «Бозінген», «Бурыл аттың жүрісі», «Жетім қыздың зары» сияқты күйлер осы жинақта тұңғыш рет жарияланып отыр. Ал белгілі күйші-зерттеуші Ардаби Мәулетұлының жеке мұрағатынан алынған Шыңжаңдағы Алтай-Тарбағатай, Іле қазақтарының сыбызғы және домбыра күйлері атажұртқа жеткен асыл мұра болмақ. Сонымен қатар Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбысжазбалар архивінен табылған шығысқазақстандық әйгілі сыбызғышы Шанақ Ауғанбаевтың орындауындағы 20 күй енді. Жетісу күйшілік мектебінің негізін қалаушы тұлғалардың бірі Байсерке Құлышұлының «Көш тоқтатқан» туындысы Кенен Әзірбаевтың орындауында осы жинақ арқылы тұңғыш рет көпшілікке таралмақ. Сондай-ақ Қаратау жұртының әйгілі күйшісі Сүгір Әлиұлының «Кауфман», «Амангелді батыр», «Базарбай Тәшен» секілді туындылары бұрын еш жерде жарық көрмеген.
Шараға жоба құрастырушысы, күйші, қобызшы Саян Ақмолда, жоба жетекшісі, күйші, өнер зерттеушісі Айтжан Тоқтаған, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, сыбызғышы, жоба құрастырушысы, «Құрмет» орденінің иегері, сыбызғышы Талғат Мұқышев, жоба авторы, «Сауап» қоғамдық қорының директоры Света Бабағұл, жобаға жеке архивін берген күйші-зерттеуші, өнертану PhD докторы Ардаби Мәулетұлы мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.
Айта кетейік, «Сауап» қоры «Аманат» циклінің ІІ бөлігін – «Қазақтың жыр-дастан, терме-толғаулары» жобасын жүзеге асыруға кірісіпті. «Аманат» жобасының ІІІ бөлігі «Қазақ өлеңдеріне» арналмақ.