Ұлы Даланың тарихын ежелгі дәуірден бастап қазірге дейін зерттеуді одан әрі жалғастыруға ерекше назар аудару қажеттілігі туралы Президент Қ.Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» бағдарламалық мақаласында баса айтылған болатын. Аталған мақалада көтерілген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында «Қазақстан тарихы ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейін» 7 томдық іргелі ғылыми еңбекті әзірлеу мәселелері бойынша республикалық методологиялық семинар-кеңес өтті.
Тарихшы-ғалымдар бас қосқан жиынды Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов ашып, академиялық басылымды дайындауда Президент «Жаңа ғылыми тәсілдерді ескере отырып, отандық тарихты жазу керек. Бұл іргелі жұмыс барлық оқулықтардың негізін құрауы керек. Бұл стратегиялық маңызды мәселе. Сондықтан Қазақстан тарихы бойынша жаңа академиялық басылымды дайындауға дереу кірісу қажет. Біздің тарихи санамыздың жандануы осыған байланысты. Бұл жұмысқа беделді тарихшыларды тарту керек» деп айтқандарын басшылыққа алу қажеттігіне тоқталды. «Бүгінгі таңда Отан тарихының өзекті мәселелері мен оқиғаларын тұжырымдамалық тұрғыдан қайта қарастыру, мемлекеттік құрылым мен мемлекеттік шекараның қалыптасуын, Қазақстан аумағындағы әлеуметтік-экономикалық және мәдени даму ерекшеліктерін, Ұлы дала халықтарының әлемдік өркениет пен мәдениетке қосқан үлестерін анықтау қажеттілігі туындап отыр. Осы орайда ұлттық тарихтың алдында тұрған маңызды мәселелерді обьективті түрде ғылыми қауымның күшімен түсіндіру үшін Мемлекет басшысы ғалымдар алдына Қазақстан тарихының 7 томдық академиялық басылымын дайындау міндетін қойды», – деп атап өтті Зиябек Қабылдинов.
Жиын барысында сөз алған Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлтық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ерлан Сыдықов 7 томдық академиялық басылымын дайындау барысына қатысты ұсыныстарымен бөлісіп, уақыт үдесінен шығу, тұжырымдамасын дайындау, жол картасы мен архивтерде жұмыс істеу барысына қатысты маңызды мәселелерді ортаға салды.
Академиялық басылымды әзірлеу кешенді жұмыс екенін негізге алған Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің профессоры, ҚР ҰҒА академигі, философия ғылымдарының докторы Досмұхамбет Кішібеков бүгінде бірқатар елдердің дамудың жаңа жолына түсіп, әлемде көптеген өзгерістердің орын алғандығына ерекше мән беру керектігіне тоқталды. КСРО ыдырағаннан кейін өзінің даму жолына түскен елдердің бірі ретінде Қазақстан да өз таңдауын жасады. Осы орайда тарихы ертеден басталатын Қазақстан жайын зерделегенде ғалымдар басшылыққа алатын мәселелер жеткілікті.
Академиялық басылымды әзірлеуде ескеріп, зерделейтін мәселелерге байланысты ұсыныстарды ортаға салған Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлтық университетінің профессоры, ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Болат Көмеков, Ш. Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты, Болония ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Оразақ Смағұлов, Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры, ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелдиев, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, тарих ғылымдарының докторы Талас Омарбеков, тағы басқа да ғалымдар жауапты әрі кешенді еңбекте ғылыми диалогтартардың маңыздылығын атап өтті.
Институт директоры Зиябек Қабылдинов атап өткендей, күні бүгінге дейін 5 академиялық басылым дайындалған. 1996-2010 жылдары жарық көрген соңғы басылымда кеңестік дискурсты қайта қарауға, Қазақстан тарихын баяндауда еуроцентрлік тәсілдемелерден ауытқуға әрекет жасалып, жаңа тұжырымдамалық тәсілдер қолданылды. Пәнаралық әдістерді қолдануға талпыныстар жүзеге асып, сол кездегі кейбір қолжетімді мұрағаттық материалдар айналымға енгізілді.
Ендігі кезекте ұлттық тарихтың кейбір толық қамтылмаған немесе мүлдем қозғалмаған тұстары ескерілуі қажет. Яғни, мемлекеттілік дәстүрінің практикалық үздіксіз тізбегі, қазақ халқының ежелгі заманнан бері автохтондылығы, қалалық мәдениеттің егіншілікпен, жартылай көшпелі және көшпелі мал шаруашылығымен нақты өзара байланысының болуы, Қазақстан аумағындағы мемлекеттердің Азия және Еуропа мемлекеттерімен өзара қарым-қатынасы, Ұлық ұлыс пен Қазақ хандығының сабақтастығы проблемасы; көршілермен шекараны өзгерту мәселелері, Қазақ мемлекеттілігінің патша үкіметінің кезең-кезеңімен жою үрдісі, XVIII-XX ғасырларда тағдыр тәлкегімен өлкеде қалған өзге этнос өкілдерімен қазақтардың бейбіт қатар өмір сүруі, жаппай ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін тізбегі, тұтас халықтардың жер аударылуы, қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысына басқа этнос өкілдерінің қатысуы, Отан тарихындағы аса көрнекті тұлғалардың рөлі және тағы да басқа өзекті мәселелер басты назарда.
Тәуелсіздік жылдары пәнаралық деңгейде және заманауи әдістемелік тәсілдердің қатысуымен жүздеген диссертациялар қорғалды. Диссертациялық зерттеулерді дайындауда 2005 жылдан бастап жетекші шетелдік ғылыми консультанттарды (АҚШ, Ресей, ГФР, Ұлыбритания, Нидерланды, Франция, Қытай, Италия және т.б.) тарту да нәтижелі іс болды. Өкінішке орай, бұл жұмыстар әлі де кеңейтілген түрде ғылыми айналымға енбеді. Соңғы 30 жыл ішінде әртүрлі бағдарламалар бойынша бұрынғы академиялық басылымда көрсетілмеген ондаған, тіпті жүздеген мұрағаттық және жазбаша құжаттар жинақтары жарияланды. Сонымен қатар, жаңа көп томдық серияны жазуда бірқатар объективті және субъективті қиындықтар бар екендігі де ескерілуі тиіс. Жаңа академиялық басылымды жазу барысында дәстүрлі зерттеулерден бөлек, еуроцентрлік тәсілдерден және бұрынғы коммунистік клишелер мен догмалардан бас тарту, ғылыми айналымға енгізілмеген жаңа мұрағат құжаттарын (әлемнің әртүрлі мұрағат қоймаларынан), жазбаша дереккөздерді, фольклорлық шығармаларды пайдалану, заманауи пәнаралық тәсілдерді, үздік шетелдік мектептердің жетістіктері сияқты әдіс-тәсілдер қолданылатын болады.
Институт директоры Зиябек Қабылдинов барлық тарихшыларды осы іске жұмыла кірісуге шақыра отырып, сапалы жаңа академиялық жұмыс дайындалатындығына сенім білдірді. Жеті томдық еңбекті дайындау үшін барлық ұсыныстар мен ұсынымдарды жинақтау мақсатында сайт ашу жоспарланды. Сонымен бірге алдағы уақытта әр том бойынша онлайн-кеңестер ұйымдастырылатын болады.
АЛМАТЫ