Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 24 қарашадағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияны құру туралы» Жарлығына сәйкес, саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіру, барлықсанаттағы қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмыстарын жүргізу бағытында елімізде ауқымды жұмыс басталғаны және аталған іске ғалымдар, қоғам қайраткерлерінің жұмылдырылғандығы баршамызға аян.
Қуғын-сүргін, депортация және кеңестік республикалардағы азаматтарды Қазақстан аумағына еріксіз көшіру, қудалау қаншама жазықсыз жандардың тағдырын талқан етті. Олардың ішінде аналар мен балалар да көп болды.
Бұл өмірде ана деген сөзден асқан қасиетті, қастерлі сөз жоқ шығар. Ана ұлтқа бөлінбейді. Ана бейнесін қадірлеу, оған тағзым ету – әр адамның, әр азаматтың міндеті.
Мен депутат әрі көп балалы ана ретінде сол нәубет заманда қуғын-сүргін құрбаны болған әйелдердің мұңы мен зарын жүрегімнен өткізе түсінемін. Сондықтан сол жазықсыз жандарға қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіруге атсалысуды өзімнің азаматтық борышым деп санаймын.
Сол замандағы ең қасіретті жайт – тоталитарлық жүйенің әйелдерге арналған лагерьлер салып, оған мемлекеттік қызметкерлердің әйелдері мен қыздарын тоғытқаны. Біз бұрынғы Ақмоладағы «халық жауы» атанғандардың әйелдеріне арналған лагерьдің тарихын жақсы білеміз. Алайда одан басқа Атырау облысындағы Мақат кентіндегі басым бөлігі литвалық әйелдерге арналған лагерь туралы материалдар 80-жылдан астам уақыт бойы қоғам үшін жабық күйінде сақталып келді. Мыңдаған грек әйелі Қарағанды облысындағы Осакаровка елді мекеніндегі және Түркістан облысы Кентау қаласындағы лагерьлерге қамалған. Ал еріксіз мүлікті тәркілеу мен ұжымдастыруға қарсы шыққан азаматтардың, олардың ішінде сол замандағы қазақ байларының жұбайлары мен қыздарын апарып қамаған, көптеген өзге де әйел лагерьлері болғаны тарихымыздың ақтандақ кезеңін айшықтай түседі. Мыңдаған әйел осындай орындарға орналастырылып, көмір шахталарында, мұнай кендерінде, темір жол құрылыстарында аса ауыр жұмыс істеуге мәжбүр болған.
Тағдыр тәлкегімен туған жерінен қуылып, қазақ жеріне тап болған әйелдер түрлі ұлт өкілдері еді. Олар: қарашай-балқар, әзербайжан, грузин, армян, ахысқа түріктері, қырым татарлары, орыс, украин, корей, неміс, чешен-ингуш, эстон, латыш, поляк, еврей, испан, француз, иран және басқа ұлттар. Көптеген өзге ұлт әйелі қазақ жерінде жан тапсырып, сүйегі туған еліне жетпеді.
Тәуелсіз Қазақстанымыздың Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні – 1 наурызды «Барлық ұлт пен ұлыстардың өзара және өзге ұлттарға мейірім танытып, бауырындай қарсы алған қазақ халқына Алғыс айту күні» ретінде белгілегені мәлім. Осыған орай, Алғыс айту күні қарсаңында келесідей ұсыныстарым бар:
Бірінші, Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 24 қарашадағы Жарлығын іске асыру шеңберінде қуғын-сүргінге ұшыраған және жер аударылған әйелдерді толық құқықтық және саяси оңалту жөніндегі іс-шаралардың кешенді бағдарламасын жасап, қуғын-сүргін құрбаны болған әйелдердің толық тізімін дайындау бойынша жұмыстарды жеделдетіп, Үкіметке тиісті нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу бойынша ұсыныстар енгізу қажет.
Екінші, зерттеушілердің құқық қорғау органдарының арнайы архивінің қорларына кедергісіз қол жеткізуін және архивтік материалдар мен арнайы қор деректері негізінде ғалымдардың ғылыми негізделген зерттеушілік жұмыстарын жүргізуі үшін Білім және ғылым министрлігі мемлекеттік гранттар бөлу мәселесін қарастыруы қажет.
Үшінші, белгісіз қабірлер мен зираттарға жерленген репрессия құрбандарының есімдерін белгілеп, ескерткіш белгілерді қою қажет.
Төртінші, осы тақырыпта баспа материалдарын, деректі фильмдерді, бейнематериалдар мен кітаптарды басып шығаруды ұйымдастыру қажет.
Әлия ӘБСЕМЕТОВА,
Мәжіліс депутаты, Nur Otan партиясы фракциясының мүшесі