Ел тәуелсіздік алған 1991 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жарлығымен Семей ядролық сынақ полигонын мәңгілікке жапты.
Бұл айтулы оқиға жерімізге сансыз қайғы-қасірет әкелген ядролық жарылыстарды тоқтатып, Тәуелсіз Қазақстан Республикасын бейбіт өмір сүйгіш ел ретінде әлемге әйгілі етті. Қалалық Достық үйінде Ел Тәуелсіздігі мен Семей ядролық сынақ полигоны жабылуының 30 жылдығына арналған кездесу өтті. Кездесуге Семей қаласы әкімінің орынбасары Айдар Садырбаев та қатысып, тың ойларымен бөлісті.
«Невада-Семей» қозғалысының Вице-президенті, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген энергетигі, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері Сұлтан Картоев көп нәрсеге қол жеткізілгенін, алайда мұнымен тоқтап қалуға болмайтынын хабарлады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласы халыққа үлкен ой салып отыр, дейді.
Семей сынақ полигонының жабылуы еліміздегі азаматтық қоғамның дамуымен тікелей байланысты. Бұлай деуге себеп, полигон жұмысының тоқтауына атсалысқан «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысы азаматтық қоғам аясында құрылған ең алғашқы үкіметтік емес ұйым болатын. Қазір қозғалыстың 18 мың мүшесі бар. Ең алғаш Олжас Сүлейменовтың жетекшілігімен жұмыстарын бастаған қозғалысқа сенім білдіріп отырған Қазақстан халқы Семей полигонын өзінің тарихи Жарлығымен жапқан Елбасы екенін мақтан тұтады. Халықаралық антиядролық қозғалыстың вице-президенті Сұлтан Картоев дөңгелек үстелде былай дейді:
- Бүгінде бүкіл әлем Қазақстанның ядролық қарусыз жолын танып біліп әрі үйреніп жатыр. Егемендіктің алғашқы жылдары-ақ, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы мен Қазақстан халқы қазіргі уақытта ірі держава саналатын елдер жасай алмай отырған дүниеге қол жеткізді. Семей полигоны жабылды. Өркениеттің дамуына үлес қосып, адамзатты ядролық қатерден құтқарды. Адам баласының міндеті бейбіт өмірге ұмтылу екендігін дәлелдеп берді. Тіпті сол кездері экономикалық дағдарыста тұрғандығына қарамастан Қазақстан сынақтарды жалғастырудан бас тартты. Менің есімде бар, «Невада-Семей» қозғалысының бастау алған жылдары болатын.
Чернобыльдық мүгедектер қоғамының төрағасы Вениамин Следников «Невада-Семей» қозғалысының бастамашылары алғашқы уақытта тіпті Мәскеуге жеткенін атап өтті.
- 1987 жылы алаңға плакаты бар адам шығып, СИЯП-ты жабуға шақырды. Бұндай әрекетке негіз болған Чернобыль станциясындағы жарылыс еді. Бұл туралы теледидарда да айтуға тыйым салынды. Радиация дегеніміз жабық мәселе еді. Бұл адам Вячеслав Кобрин еді, тіпті Мәскеуге барып, онда ол бас үйдің алдында да сол плакатты көтерді. Оны тұтқындағылары келген кезде Олжас Сүлейменов бұны көріп, Вячеслав Григорьевичті милицияның қолынан жұлып алып, оны тұтқындауға кедергі жасады. Содан кейін біз біртіндеп «Невада-Семей» қозғалысын құруға бет алдық, «Невада-Семей» деп оған Сүлейменов атау берді, - деді Вениамин Следников.
Елбасының ұсынымен 29 тамыз-ядролық сынақтарға қарсы күрес күні деп жарияланды. Бұл ұсыныс БҰҰ тарапынан үлкен қолдауға ие болды. Тұңғыш Президентіміздің адамзаттың игілігін ойлаған сарабдал саясатын жоғары бағалаймыз,-деді «Невада-Семей» қозғалысының сенімді өкіл дәрігері Болат Серікбаев,-қазіргі таңда осы жолды жалғастырушы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ғылым-білім, экономика саласындағы еуразиялық ықпалдастық үдерістерге белсене қатысып, шетелдермен стратегиялық, атап айтқанда әріптестік және одақтастық қатынастарды нығайтуға бағытталған кең ауқымды бағытын барлығымыз қолдаймыз. Елімізде маңызды жұмыстар атқарылып жатыр, оны жоққа шығаруға болмайды. Дегенмен полигоннан зардап шеккендерге жеңілдіктер әлі де болса қарастырылуы қажет деп ойлаймыз.
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА,
Семей