Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Алғыс айту күнінің белгіленгеніне 5 жыл толуына арналған Қазақстан халқы Ассамблеясының дөңгелек үстелі өтті.
Іс-шараға Ақпарат және қоғамдық даму министрі А.Балаева, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасарлары З.Кузиев пен М.Бекбаева, Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған Парламент Мәжілісінің депутаттары, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстар әкімдерінің орынбасарлары, ҚХА мүшелері, этномәдени бірлестіктер мен жастар қанатының өкілдері және т.б. қатысты.
Дөңгелек үстел барысында қатысушылар Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Тұңғыш Президент – Елбасы белгілеген Алғыс айту күнінің 5 жылдығының біріктіруші маңызын, қазақстандық құндылықтар – ұлттық бірлік пен келісімді, қоғамдық ынтымақтастық пен өзара қолдауды, достық дәстүрлерін жаңа ұрпаққа жеткізуді бейнелейтінін сөз етті.
Іс-шараны ашқан Мемлекеттік хатшы биыл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын атап өте отырып, Алғыс айту күнін ерекше мағынаға бөлейтінімізді баса айтты. «Біз тәуелсіз Қазақстанның құрылуы мен дамуының бастауында болған адамдарға үлкен алғысымызды білдіргіміз келеді. Ең алдымен, біз ата-бабаларымыздың азаттық пен егемендік туралы ғасырлар бойғы арманын жүзеге асырғаны үшін Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа терең алғысымызды білдіруіміз керек», деді.
Қ.Көшербаев заманауи сын-қатерлерге бейімделген сапалы жаңа ұлттық бірегейлікті қалыптастырудың қазіргі заманғы жағдайында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси және экономикалық реформалармен қатар қоғамдық сананы жаңғыртуға үлкен көңіл бөліп отырғанын атап өтті.
Мемлекеттік хатшының айтуынша, мысалы біздің қоғамды рухани жаңғыртудың маңызды бағыты саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі ауқымды жұмыстарды аяқтау болуы керек. «Тоталитаризмнен зардап шеккен көптеген халық үшін қазақ жері нағыз баспанаға айналды. Тарихи әділеттілікті қалпына келтіру, әділетсіз сотталғандардың адал есімін қайтару – міне, біз өзімізге ризашылық білдіретін ұрпақтардың жадында осыны қалдыруымыз керек. Бұл сондай-ақ ашаршылықтың қайғылы салдарына, «Алаш» қозғалысының жетекшілерін жоюға, көптеген шынайы патриоттың тағдырына, халқымыздың тарихын бұрмалау әрекеттеріне де қатысты», деді ол.
Сөз соңында Мемлекеттік хатшы қазақстандықтарға әрқайсының игілігі мен еліміздің өркендеуі жолындағы күнделікті еңбектері үшін алғыс білдірді.
Сондай-ақ «Тұңғыш Президент жолымен – бейбітшілік пен келісімге 30 жыл» халық экспедициясы» ҚХА жобасының және «Қайырымдылық керуені: 30 игі іс» қайырымдылық марафонының тұсаукесері өтіп, түрлі сала мен азаматтық қоғам, этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен студенттер сөз сөйледі.
* * *
Республика Президентінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №173 Жарлығымен Қазақстанда Алғыс айту күні белгіленді.
Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXII сессиясында «қазіргі Қазақстанды мекендеген этностық топтардың ортақ тарихи тағдыры халықтың ділінде, оның өмірлік көзқарастары мен ұмтылыстарында жағымды көрініс тауып, барлық этносқа ортақ құндылықтар мен идеалдарды қалыптастырғанын» атап өтті.
Көп этносты Қазақстан халқының қалыптасу тарихын аша отырып, Елбасы Алғыс айту күні туралы: «Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын барлық этностың бір-біріне мейірбандық танытып, адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді», деген ұсыныс жасаған болатын.