• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Білім 02 Наурыз, 2021

Ұлттық тарих және оқулық

294 рет
көрсетілді

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында оқулықтардың сапасының төмендігіне тоқтала келіп «мен өзім бірнеше оқулықтарды оқып, олардың сапасыздығына таң қалдым. Тарихи оқиғалар мен фактілер оқушыларға бұрмалаусыз жеткізілуі керек. Сондықтан Қазақстан тарихы және Дүние жүзі тарихы бойынша бірыңғай мектеп оқулықтарын әзірлеп, енгізуді тапсырамын», деді. Ендеше, бұған дейін оқулық сапасының төмен болуына не әсер етті және тәуелсіз еліміздің бір ұрпағы осындай сапасыз оқулықпен оқығанына кімдер жауап береді деген сұрақ туады.

Біз тарих оқулықтарын дұрыс қа­лып­тастыра алмай отырып, басқалар­дың біздің тарихымыз туралы айтқан ұш­қары пікірлеріне қалай тойтарыс бер­мекпіз? Оны қойып, «қазақ тарихта мемлекет құрған халық емес немесе бізде мемлекет болған емес» деген пікірді еліміздің «саяси элитасы», ха­лық қалаулысы айтып жүрсе оған не дей­міз?! Мемлекеті болмаған халықтың жері де болмайды. Қай халық болсын, оның мемлекеті болмағандығын дәлел­деу сол халықтың өз жеріне деген иелік құқығын, егемендігі мен тәуел­сіздігін жоққа шығару деген сөз. Біз үшін бұл Ресейдің «сыйға берген», Қытай­дың «қолдан кеткен жерлерін» мойын­даған­дық болады. Ондайда, қазақ қайда барып жан сақтамақ? Оқулықтарда қазақ хал­қының ата-бабасынан осы жердің иесі екені, осында түрлі мемлекеттер құрып, ұрпақтан ұрпақ жасап келе жат­қаны ғылыми негізде дәлелденген жоқ. Пре­зидент осы мәселені көтеріп отыр.

Оқулыққа қатысты жағдай бізде Білім және ғылым министрлігі, Оқулық орталығы, тарих институттары мен ға­лымдар бір-бірімен сәйкесті жұмыс іс­теуі керектігін көрсетті. Ғылыми жобалар бойынша гранттық қаржыландыруға арналған конкурстық құжаттамаларда тарих саласына қатысты бағыттар нақ­тыланса дейміз. Бұған дейін орын­далған жобалардың нәтижесі қоғам үшін қолжетімді болған емес. Қор­ғалып жатқан диссертациялар да солай. Жұртқа жетпейді. Мұндайда олардың жаңалығынан, өзектілігінен не пайда?

Оның үстіне, елімізде деректану, тарихнама және тарихи зерттеу сынды тарих ғылымының бір-бірімен байланысты осы үш саласы толық жұмыс істеп тұрған жоқ. Соның кесірінен жи­нақ­талған деректер толық игерілмей жатыр. Егер біз алдағы жазылатын Қазақ­стан тарихының академиялық нұс­қасында бұл деректерді игермесек, онда осыған дейін істелген жұмысымыз құмға сіңген судай құрдымға кетпек. Бұл туралы Президент өзінің «Тәуелсіздік – бәрінен қымбат» атты мақаласында былай дейді: «Кезінде «Мәдени мұра» бағдарламасы ұлт шежіресін түгендеуге жол ашты. Отандық тарих ғылымы тың серпінмен дамып, түрлі бағыттар бойынша көптеген зерттеу жүргізілді. Бұрын беймәлім болған қаншама тарихи деректер, археологиялық қазыналар табылды. Тарихымыз сан мың жылдан тамыр тартатынын айғақтайтын жаңалықтар ашылды. Елбасының осындай іргелі бас­тамалары халқымыздың тарихи санасын жаңғыртуға зор үлес қосты. Бағдарлама аясындағы еңбектер том-том болып жарыққа шықты. Дегенмен, сол қажырлы еңбектің жемісін көпшілік көріп отыр ма? Зерттеу жобаларының біразы ғылыми институттар мен орта­лық­тардың аясында ғана қалып қойған жоқ па?». Өте дұрыс! Президент жағдай­ды біледі екен. Себебі тәуелсіздік алға­лы бері ұлт пен мемлекет тарихын ай­шық­­тайтын, жаңа деректермен толық­ты­рылған әрі жалпы халыққа түсінікті тілмен жазылған академиялық басылым болған жоқ. Бұған дейін жарық көрген «Қазақстан тарихының» бес томдығында кеңестік тарихнаманың әсері басым. Бір ғана мысал, онда Кир мен Дарийдің, Александр Македонскийдің жорықтары және сақтардың өз Отанын, елін-жерін қорғап қалған жанкешті соғыстары толық ашылмайды. Жай ғана атап өтіледі. Бұл біздің жеріміздегі ең ал­ғаш­қы мемлекеттік құрылымдардың бол­ға­нын дәлелдейтін фактілер емес пе!? Егер Отан болмаса, мемлекет болма­са халықтың отаншылдығы қайдан ке­ле­ді? Бұл не қылған жанқиярлық! Ба­сы­лым­дағы кемшілік – бар фактіні тарих­на­малық тұрғыдан зерделей алмау, есесіне, шым-шытырық зерттеулерден, фактілер мен деректерден шыға алмау. Тілдің қасаңдығы мен ұғымға ауырлығы тағы бар. Ол туралы Президент: «Мұндай ір­гелі ізденістердің нәтижесі тек осы сала ма­ман­дарының игілігіне ғана айналуы орын­сыз. Оны қалың жұртшылыққа түсі­нікті және қолжетімді ету қажет» дейді. Қазақстан тарихының ерте заман бөлімінде біздің жеріміздегі ең алғашқы мемлекеттердің саяси тарихы тым қысқа жазылған. Олардың аумағы, билік жүйесі, ішкі талас-тартыстары және айналадағы елдермен байланысы толық ашылмаған. Есесіне шаруашылығы мен заттық мәдениетіне көп орын беріл­ген. Бұл жағдай мектептегі тарих оқу­лықтарынан да байқалады. Мы­са­лы, 2017 жылы шыққан жалпы бі­лім бе­ретін мектептің 5-сыныбына ар­нал­­ған 166 беттік «Қазақстан тари­хы» оқу­лы­ғының жартысынан аста­мы ар­­хе­о­­логияға, этнографияға және ант­­ра­по­ло­гияға арналған. Бұл әри­не оқу­шы­ны жалықтырып жібереді. Нәти­же­­сінде, олардың тарих пәніне деген қызы­ғу­шылығы жоғалады. Оның үстіне, мек­тептегі тарих оқулықтарының тілі қатаң ғылыми стильмен жазылған, оқушының қызығушылығы мен жас мөлшері және қабылдау мүмкіндігі ескерілмеген.

Президент әсіресе жас ұрпақтың тарихи санасын дұрыс қалыптастыруға айырықша көңіл бөлуде. Қасым-Жомарт Кемелұлы атап көрсеткендей, тәуелсіздік жылдары қалыптасқан ұрпақтың сана-сезімі, менталитеті және ерік-жігері басқаша. Оларды біз көне дүниемен алдай алмаймыз. Сондықтан отандық тарих ғылымына да жаңашылдық керек. Тарихи зерттеулер мен оқыту бір-бірінен ажырап қалмауы тиіс. Ғылымда қол жеткізілген жаңалықтар тез арада оқыту үдерісіне енгізілсе дейміз. Бұл ретте, тарихшылардың зерттеу әдісі мен көзқарастарына да өзгеріс керек. Отандық тарихшылар көп жағдайда қазақ тарихының этно-мәдени кеңістігін тек бүгінгі Қазақстан аумағымен ғана шектеп келді. Қазақстанның қазіргі шекарасының ХІХ ғасырдың орта кезінен бастап жат жұрттық отаршылдардың қолымен белгіленгенін ескерсек, халқымыздың ұлт болып ұйысуына, ел болып еңселенуіне негіз болған тарихи оқиғалардың географиялық шеңбері бұдан әлдеқайда кең аумақты қамтиды. Бұл аумақтың бір шеті Орталық Моң­ғолия мен Қытай қорғанына, енді бір шеті Еділ мен Донның бойына дейін жетеді. Сол себептен, Қытай ғалымы Су Бэйхай да 1864 жылға дейінгі қазақ тарихын осы айтылған кеңістікпен тұтас алып қарастырады (Су Бэйхай. Қазақтың жалпы тарихы. Ауд. Т.З. Қайыркен, т.б. Алматы. «Асыл кітап» баспасы. I,II,III, IV томдар. 2018, 2019, 2019, 2020 жж.).

Мейлі академиялық басылымда немесе мектеп оқулықтарында болсын, қазақ халқының Қазақстан мен оның төңірегіндегі жерлерде мемлекет құр­ған ерте және ортағасырлық түрлі этностардың, айталық, сақтардың, ғұндардың, үйсіндердің, қаңлылардың, түркілердің, оғыздардың, найман, керей, меркіт, оңғұт, жалайыр, қоңырат, қимақ, қыпшақ, түркеш, қарлұқ тектес байырғы жұрттардың генетикалық, тілдік жалғасы екенін әрі олар құрған мемлекеттердің мұрагері екенін нақты көрсетуіміз тиіс. Бұл ғылымда дәлелденген факті. Ғылымда дәлелденген фактілерді оқу­лықта қайта зерттеп отырудың қажеті жоқ. Жалпы, тарихи фактілерді зерттеу процесі академиялық жинаққа, оқу­лық­қа дейін аяқталған болуы тиіс. Бұған дейін­гі проблемалар ғылыми мақа­ла­лар­дың, монографиялардың және экс­педи­ция қорытындылары мен жо­ба­лық зерт­теу­лердің, ғылыми конфе­рен­ция­лар­­дың жұмысы. Солардың бәрін есепке алып жинақтап отыратын орта­лық ке­­рек. Ғылыми конференциялар тарих ғы­­­лы­­­мы­­ның белгілі бір кезеңіне тән ең негіз­­г­і про­блемаға арналып, сол бойын­ша қо­ры­тынды шығаруы тиіс. Оған ғылы­­ми ұст­анымы бар сала мамандары қатысқаны жөн.

Президент мақаласына тоқтала отырып, Отан тарихының ерте және орта­ғасырлық кезеңін қайта бастан кешен­ді зерттеу керектігін атап өткім келеді. Өйткені Қазақстан тарихының ерте заман және ортағасырлық кезе­ңі біз­дің жаңа және қазіргі заман тарихы­мыз­дың іргетасы. Онсыз біздің қазіргі тарихымыз, мемлекеттілігіміз құдды іргетасы қаланбаған ғимаратқа ұқсайды. Ондайда біздің бүгінгі аумақтық тұтастығымызды дәлелдеу қиынға түседі. Президент те осы мәселені айырықша атап көрсетеді: «Қазаққа осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ. Бүгінгі тарихымыз 1991 жылмен немесе 1936 жылмен өлшенбейді. Халқымыз Қазақ хандығы кезінде де, одан арғы Алтын Орда, Түрік қағанаты, Ғұн, Сақ дәуірінде де осы жерде өмір сүрген, өсіп-өнген. Қысқаша айтқанда, ұлттық тарихымыздың терең тамырлары көне заманның өзегінде жатыр». Ендеше, біз ұлттық тарихымыздың іргетасын соғұрлым терең көмген сайын, біздің мем­лекеттілігіміздің түп негізі, тарихи дәлел-дәйегі соғұрлым беки тү­седі. Сонда ғана басқалар біздің тари­хы­мызға қызығушылық танытып, елді­гі­міз­ге құрметпен қарайтын болады. Пре­­зи­денттің шетел аудиториясына а­р­нал­­­ған Қазақстанның қысқаша тарихын жазып, әлемнің негізгі тілдеріне ауда­ру­ды ұсынамын, бұл – қазақтың сан ғасырл­ық шынайы тарихын әлемге таны­ту­дың бірден-бір жолы деуі де сон­дық­тан. Олай болса, шетел аудитория­сына арналған сол оқулықтарымыз қан­дай болуы керек? Мазмұнында не қамтылғаны жөн? Тарихта біздің даламызда өмір сүрген қандай мемлекеттерге басымдық беруіміз керек? Бұл да алдағы жерде жан-жақты ойланып, кеңесіп пішетін мәселе.

Президент сөзімен айтсақ, «әрбір халық өзінің арғы-бергі тарихын өзі жазуға тиіс. Бөтен идеологияның жетегі­мен жүруге болмайды». Бұл бізде әлем­дік тәжірибеге сүйеніп зерттеу жүр­гізгенде басшылыққа алатын отандық тарихнамалық принцип болуы керек дегенді білдіреді. Тарих – ғылым. Алай­да оны әркім әр түрлі мақсатқа пай­да­ланып келгенін де жоққа шығара алмаймыз. Қазіргі таңда кей ірі елдердің тарихы сол елдердің ұлттық идеологиясы мен сыртқы саяси доктринасына қызмет етуде. Олар түрлі оқулықтар, энциклопедиялық жинақтар, монографиялар, мақалалар түрінде өз ұстанымдарын бізге бүркемелеп өткізгісі келеді. Бұған біз тек өзіміздің төл ұлттық тарихи танымы­мыз бен сергектігіміз арқылы төтеп бере аламыз. Мұндайда тарихтың ғы­лым ретіндегі функциясынан айнымай, бар­лық фактілерді ғылыми негіздей отырып, төл тарих ғылымымызды бәсекеге қабі­лет­ті етуге тиіспіз. Демек, жазылған еңбек­тердің танымалдылығын және пайдаланымын арттыру бәрінен маңызды. Өзгеге алақан жаймай, елімізде Scopus базасына кіретін, Отан тарихын зерттеу­ге арналған, халықаралық деңгейдегі, тәуелсіз ғылыми журнал шығарудың уақы­­ты келді. Сол үшін елімізде осы ба­ғыт­­та танымалдылығы мен пайдаланы­мын арттыруға ұмтылып отырған жур­нал­дарға мемлекеттік қолдау қажет. Мем­лекет басшысы атап көрсеткендей, «ұлт­тық мүдде тұрғысынан жазылған шежіре ұрпақтың санасын оятып, ұлттың жадын жаңғыртуға мүмкіндік береді», сондай-ақ, ол басқалардың да біздің тарихымыз туралы түсінігін тереңдетіп, елімізге деген құрметі мен ықыласын оятады.

 

Тұрсынхан ЗӘКЕНҰЛЫ,

тарих ғылымдарының докторы,

Л.Н.Гумилев атындағы

ЕҰУ Шығыстану кафедрасының профессоры