• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 02 Наурыз, 2021

«Сарыжайлау» қайта шарықтайды

836 рет
көрсетілді

Бүгінде Өзбекстанның құрамындағы Қарақалпақ Республикасында 500 мыңнан аса қандасымыз тұрады. Қазақтар бүгінде респуб­лика халқының үштен біріне жуық, яғни 30 пайызы. Қарақалпақстандағы қазақтардың төл мәдениетіне, әдебиетіне деген құштарлығы Кеңес Одағының тұсында да атажұрттағы ағайыннан әсте кем түспейтін. Алматыдан шығатын ана тіліндегі газет-журналға жазылудан Бесқала өңірі қазақстандық кейбір облыстардан әлдеқайда жоғары-тұғын.

Сол арқылы алаштың рухани кеңістігінің рухани тұтастығы бұзылмай сақталған-ды. Сонау сексенінші жылдары осы өңірде бір ғана «Қазақстан пионері» газетінің 20 мыңнан аса оқырманы болыпты.

Мыңдаған шақырым жердегі қазақ баласының Алматының «Қай­раты» дегенде жанкүйерлігі бөлек-тін. «Дос-Мұқасан» десе, делебесі қозатын. «Құрманғазы» оркестрі­нің өнерінен қанаттанған жастар жергілікті жерде өнер ұжымын құруға ықыласты болды. Бесқала өңірінде ауыл-ауылда құрылған ансамбльдер Алматыға арнайы адам жіберіп, музыкалық аспаптарды алдыратын-ды. Ал Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін төрткүл дүниеге тарыдай шашылған қазақ баласы атажұртқа көш басын бұра бастады. Солардың қатарында бесқалалық қандастар да бар. Қара­қалпақ, өзбек ағайындармен ауылы аралас, қойы қоралас отыр­ған ондағы қазақ жұртының бір­шамасы ғасырлар бойы мекендеген жұртымен қимай қоштасқан. Задында қоштасты деп айтуға кел­мейді де. Жарты миллионнан астам бауыры бар ағайынның барыс-келісі алдағы уақытта әсте үзілмек емес.

Соңғы кездері Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынас жаңа белеске көтерілді. Екі мемлекет арасындағы ресми делегациялардың барыс-келісі көбейді, экономика, мәдениет салаларында келісімдер жасалып, бауырлас елдердің ынтымақтастығы бұрынғыдан да нығая түсті. Бұл қарым-қатынас өз кезегінде Өзбек­стандағы қазақ жұртының рухани жаңғыруы мен дамуына да септігін тигізіп отыр. Жақында Бесқала өңірінен жеткен жағымды жаңалық осының айғағы іспетті.

Жыл құсындай жаңалықты жеткізген сүйінші хабар Қара­қал­пақстанның Төрткүл ауданындағы Қасым Нұрымбетов атындағы мәде­ниет орталығы жанындағы «Айналайын» қазақ фольклорлық-этнографиялық ансамблі мен Тақ­такөпір аудандық мәдениет са­райы жанынан «Сарыжайлау» ән-би ансамблінің құрылғандығы жөнінде еді.

Тақтакөпір ауданындағы ансам­бльдің тұсаукесер салтанатында аудан әкімі Жамбыл Әділов Қара­қалпақстан қазақтарының музы­калық мәдениетін наси­хаттауда, өзара бауырластық қарым-қа­тынасты қолдауда ма­ңызды рөл атқаратынын атап өтіп, ансамбль жетекшісі, айтыс­кер ақын Ерке­бұлан Қолғанатовқа Өз­бекстан Республикасы Мәдениет ми­нис­трлігінің «Көркемөнерпаз­дар өне­­рін дамыту және ұлттық құн­­ды­­лықтарды қалпына келті­ру­де­гі белсенді қызметімен жо­­ға­ры орындаушылық шебер­лігі үшін Тақтакөпір ауданы­ның мә­де­ниет орталығы жанын­да­ғы «Са­ры­жайлау» ән және би ан­сам­бліне «Халық көр­кем­өнер­паз­дар ұжы­мы» дәрежесі берілді» де­лін­ген арнайы дипломын тапсырды. Шараға қатысушы көрермен атал­ған өнер ұжымының орындауын­да ұлтымыздың ән-би өнерін тама­шалап, руханияттың қайнар бұла­ғынан мейір қанғанша сусындады.

Аталған өңірде, Тақтакөпір ауданының Жаңадария кеңша­рын­да «Сарыжайлау» атты қазақ этно­графиялық ансамблі бұған дейін де болған еді. Өзбекстан Рес­публикасы мәдениет саласының үздігі, домбырашы Рүстем Дәрібаев жетекшілік еткен аталған өнер ұжы­мы кезінде Қарақалпақстан­ның барлық аудандары мен ауылдарын аралап, қазақтың музыкалық бай мұрасын насихаттау ісіне көп ең­бек сіңірді. Алайда, заман талабынан туындаған қиындыққа байланысты ұжымның қызметі тоқ­тап қалған-ды. Кезінде сол ансамбльде әнші, домбырашы болып өнер көрсеткендердің бірқатары бүгінде тарихи Отанына оралып, ұлттық мәдениетіміздің даму жолында еңбек етіп келеді. Солардың бірі – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық оркестрінің домбырашылар тобының мүшесі Жұбатхан Тәжбенов. Ол қазіргі кезде ұлттық өнердің өрісін кеңейтуге өзіндік үлес қосып жүр.

«Сарыжайлау» ансамблінің же­­текшісі Еркебұлан Қолғана­тов­­тың айтуынша, жаңадан құ­ры­­лып отырған өнер ұжымы бұ­­­рынғы ансамбльдің атауын қай­­та жаң­ғыртып, олардың игі істе­рін жалғастыруды жөн са­най­ды. Сон­дай-ақ Қазақстан мен Өзбек­стан мемлекеттерінің татулығы мен дос­тығын жастарға үлгі ете отырып, Бесқала қазақтарының күйшілері мен ақын-жырауларының шығар­маларын насихаттауды және ел ішіндегі дарынды жастардың өне­рін өрістетуді жоспарлап отыр.

 

Күнқожа ИСЛАМҚОЖАҰЛЫ