Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында өскелең ұрпақтың спорттық және шығармашылық әлеуетіне аса назар аудару қажеттігін айта келіп: «Балалар үшін қатерлі бүгінгідей аумалы-төкпелі заманда олардың күш-жігері мен қызығушылығын дұрыс арнаға бағыттау аса маңызды. Балалар мемлекетіміздің болашағы емес пе?!
Тіл игеру үшін балалар әдебиетінің атқаратын рөлі зор. Сондықтан қазақ қаламгерлерінің үздік шығармаларына қоса, балаларға арналған шетел жазушыларының да таңдаулы туындыларын аударып, көптеп басып шығаруды және таратуды қолға алған жөн» деді. Осы ретте ағылшын жазушысы Жоан К.Роулиң аты әлемге жайылған «Хәрри Поттер» роман-ертегісі Steppe and World баспасы тарапынан қазақ тіліне аударылып басылуы қазақ қоғамын селт еткізгенімен қатар, қазақ әдебиеті, соның ішінде балалар әдебиетінде соңғы жылдары кездеспеген тосын да үлкен жаңалық болғаны даусыз. Бұл әлемде ең көп таралған бестселлер шығармаға айналған Ж.К.Роулиң ханымның Поттериана жиынтығының жеті кітабының алғашқысы – «Хәрри Поттер мен пәлсапа тас» деп аталады.
Бұл туындыны тек балаларға арналған қиял ғажайып ертегі деп тану қателік болар еді. Кітаптың басты ерекшелігінің өзі – оның оқырмандарының жас талғамайтындығында. Ол балалар мен жасөспірімдерді де, ересектерді де алғашқы бетін ашқаннан-ақ өзіне баурап, бірінен бірі өткен тосын, таңғажайып оқиғалар желісімен қызықтырып, өзіне баурап алады да, соңғы парағы біткенше бас ала алмайсыз. Расында, сиқырлап қойған кітап па деп ойлап қаласыз да, өзіңіз сол кітаптың бір бөлшегіне айналып кетесіз. «Хәрри Поттер мен пәлсапа тас» кітабын қазақ тіліне Динара Мәзен, Саят Мұхамедияр және Нәркез Берікқазы аударды. Жобаның жауапты редакторы – Назгүл Қожабек, корректоры – Оралай Алейдарова.
Кітап желісі бойынша оқиға тоқсаныншы жылдардың басында Ұлыбританияда басталады. Шаранасынан тұл жетім қалған он бір жасар ұлдың нағашы апайы мен жездесінің үйінде өткізген ұсқынсыз өмірі, зорлықшыл бөлесі Дәдлидің мазағы мен қорлығы, үлкендердің безбүйректігі оқырманды бірден Хәрриге жақындатып, үйіріп әкетеді. Автор кейіпкерлердің, яғни Хогуартс сиқыр мектебінің оқушылары, ұстаздары, қызметшілері, басқа да қандайы болса да жеке-жеке өзіндік мінезін аса шеберлік пен айқара ашып берген, сондықтан да оларды кәдімгі адам ретінде қабылдайсыз. Шығарманың сөз саптауы жеңіл, тілі орамды, оқиғаның желісі, өрбуі бірқалыпты әрі жылдам, романның құрылымы (композициясы) мығым, аудармасын оқығанда басынан қазақша жазылған туынды секілді мүдірмей, рахаттана оқисыз.
Романның негізгі тақырыбы – адамгершілік, ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық. Қаламгер Роулиң өмір мен өлім, еркіндік пен құлдық, жақсылық пен жамандық, достық пен қастандық, мейірімділік пен жауыздық, обал мен сауап сынды – адамзат әңгімесінің мәңгілік тақырыбын сиқырлар әлемі мен сиқыршы баланың өмірі, іс-әрекеті, күресі арқылы тағы бір қырынан шебер шыңдаған. Бір қырынан қарасаң, санқилы қиял-ғажайып бейнелерге толы қазақ ертегілерімен сусындап өскен жанға Хәрри Поттер хикаясы тіптен жақын. Ықылым замандардағы Алтай аңыздары, парсы, араб, түрік аңыздарынан қазаққа сіңген хикаялардағы сиқыршы, алып күш иесі, бесаспап кейіпкерлерге ұқсастықты бұл кітаптан мол табасыз. Жезтырнақ, Таусоғар мен Көлтаусар, жалғыз көзді дәу, дию, перизат, пері («перінің қызы Бекторы, шайпау сөзді қой торы...»), жын шайтан, мыстан кемпір, самұрық құс, жеті басты жылан немесе айдаһар, жалмауыз, періште, От ана, Ұмай ана, Шойынқұлақ, Шынтемір, Шалқұйрық, Тазша бала, ұшқыш кілем, Ғайып ерен – Қырық шілтен, Қылкеңірдек, Шибұт, Жарғақпас – міне, мұның барлығы біздің де ертегілеріміз де, аңыздарымызда бар ғой. Сондықтан да Поттер сиқыр әлемі қазақ баласы үшін етене жақын және өз халқының төл туындысына ұқсас қабылдауына еш қиындық тудырмайды. Балалар – әлемдегі ең үлкен сыншылар. Олардың елегінен өту қияметтің ісі. Шынайы жүректен шықпаған туындымен олардың көңілін жаулап алу мүмкін емес. Роулиң алғашқы кітабының қолжазбасын ұстап барғанда, он екі баспаның басшылары әйелдің қаламынан шыққан шығарманы балалар қабылдамайды деп меселін қайтарып, кеудесінен итерген екен. Тек Bloomsbury баспасының иесі Найжел Ньютон қызы Алисаға ұнағандықтан ғана 500 дана басуға тәуекел еткен. Сол алғашқы басылымның бір кітабы өткен көктемде жәрмеңкеде 40 мың долларға сатылды. «Хәрри Поттер мен пәлсапа тас» кітабының қазақша аудармасы соншалықты сәтті, шебер шыққан. Кигс Кросс немесе Хогуартс деген аттар ерсі, бейтаныс естілгені болмаса, сіз тура қазақ ертегісін оқып отырғандай әсерде қаласыз. Гарриді Хәрри, Роулингіні Роулиң, Гермионаны Хәрмиона етіп түпнұсқаға да, қазақ аудармасына да жақындатқаны – енді қазақ аудармасына серпіліс әкелетін, рухани еркіндікке түрткі болатын ғажап оқиға. «Болашақта бұл күн Хәрри Поттер күні деп аталса таң қалмаспын, әлемде оның атын естімеген бала болмайды» деп профессор Макгонагал айтқандай, Хәрри Поттердің қазақша аудармасының қазақ қоғамына қосқан зор үлесі, оң ықпалын келер ұрпақ бағалайтын күн туса мен танғалмас едім. Ұзынбұт, Қармапалды, Үлпек деген құлағыңа майдай жағатын қазақы есімдер Алтай аңызы кейіпкерлерінің жалғасы іспетті. Шідер қарғыс, тас талқанын шығару, бір кесе шәй, рауандап атқан таң, мысықтабандап жылжу, қолапайсыз жағдай, қаққан қазықтай қалшиып орнында тұру – қазақтың қарапайым қазақ тілі, қазақ мінезі бұрқырап тұрған жоқ па? «Рухани жұтаңдықтың орнын толтыратын жалғыз дүние бар, ол – әлем әдебиетін ана тілінде оқу, ана тілінде дүниені тану. Осы жолда қазақ халқына әлемнің үздік әдеби шығармаларын ана тілімізде таныстыруды өзімізге мақсат еттік», дейді баспа иесі Раиса Сайранқызы. Баспа ұжымына сәттілік тілей отырып, әлем жауһарларын қазақтың төрінде жарқырата беріңіздер деймін.
Еркегүл АРЫҚҚАРАҚЫЗЫ,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты