• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экология 02 Наурыз, 2021

Қоршаған орта қамы қоғамға ортақ

527 рет
көрсетілді

Елімізде осы жылдың 1 шіл­десінен бастап жаңа Экологиялық кодекс қолданысқа енгізіледі. Мамандар бұл кодекс коршаған ортаның жай-күйін жақсарту бағытындағы бастамаларға үлкен серпін беретініне сенімді.

Соңғы жылдары елімізді әлем­­дегі экологиялық саясатты жүйелі жүргізетін мемлекеттер қатарына қосу талабы қоғамның көңілінен шығып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт То­қаев табиғатты қорғауды мем­ле­кеттегі ең маңызды істер қа­та­рына жатқызып, елімізде эко­белсенділер қызметі қарқын ала түсті.

Әрине, қоршаған ортаны қор­ғау қай өңір үшін де маңызды. Оның мысалын алыстан іздеудің керегі жоқ. Әсіресе айдыны кепкен Арал, оған ілесе тартылып кеткен жүздеген көл, жыл сайын арнасы төмендеп келе жатқан Сырдария сырбойылықтар үшін табиғаттың құны мен қадірін сездіріп тұрғандай.

Қызылорда облысы бойын­ша экология департаменті ма­ман­дарының мәліметінше, өт­кен жылы қоршаған ортаны қор­ғау саласында 41 субъектіге ба­қы­лау жасалған. Оның 18-і про­филактикалық шара болса, 23 мәрте жоспардан тыс тек­серу жүргізілді. Бақылау қоры­тын­дысында экологиялық заңнама талаптарын бұзудың 96 фактісі анықталып, кемшіліктерді жою үшін тиісті нұсқама берілді.

Экологиялық кодекс талаптарын өрескел бұза отырып ша­руашылық қызметін жүзеге асыр­ған заңды тұлғаларға қа­тысты сотқа талап-арыздар жол­данып, сот шешімі негізінде кем­ші­лік­терді жойғанша 4 нысанның қыз­меті уақытша тоқтатылды.

Мемлекеттік экологиялық ба­­қылау барысында қоршаған ор­таға келтірілген залалды өндіру үшін табиғат пайдаланушылар­ға 753,6 млн теңге көлемінде 22 нұсқама беріліп, 21 нұсқама бо­йынша 181,2 млн теңге мемлекет пайдасына өндірілді. Экологияға келтірген залалы 572,4 млн теңге деп бағаланып отырған тағы бір кәсіпорынның ісі сотта қаралып жатыр.

Облыс көлемінде «Заңсыз ка­­рьерлерді анықтау, зерттеу, мо­ни­торинг жұмыстарын жүргі­зу, тиісті шараларды қабылдау үшін құқық қорғау және мүдделі мемлекеттік органдардың бірлес­кен іс-қимылдары» бағдар жолы қабылданған. Осының аясында департамент жер қойнауын заңсыз пайдаланудың жолын кесу бағытында ауқымды жұмыс атқаруда.

Осы бағытта былтыр аймақ­та кең таралған пайдалы қаз­ба­ларды өз бетінше заңсыз өн­діру деректерін анықтау үшін жүр­гізілген рейдтік іс-шараларда 10 заң бұзушылық анықталып, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 139-бабына сәй­кес әкімшілік іс қозғалды. Кең таралған пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру кезінде пайда бол­ған орындарды техникалық және технологиялық іс-шаралар арқылы қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.

Өңір үшін өзекті бір мәселе – қатты қалдықтардың сұрыпталып, өңделуі. Еліміздің «Жасыл эко­­но­микаға көшу жөніндегі» тұжы­рымдамасына сәйкес 2030 жылға қарай бұл бағыттағы іс 40 пайызға дейін жетуі керек.

– Облыста мұнымен тұрақ­ты түрде 3 кәсіпорын айналысып отыр. «Ибрайхан и К ЛТД» ЖШС қала іргесіндегі қоқыс поли­гонында жинақталған шыны, плас­тик, мата, құрылыс, тамақ қал­дықтарын сұрыптаумен айналысады. Ал Smart Rubber серік­тестігі автокөліктердің жарамсыз дөңгелектерін қайта өңдеп, тамшылатып суаруға ар­нал­ған түтіктер өндіруде. Құрамында сы­нап бар жарамсыз шамдарды залалсыздандыруды «Эко-Н Сервис» ЖШС қолға алды, – дей­ді департамент басшысының мін­детін атқарушы Нұржан Өмір­серікұлы.

Экологтер пайдалы қазбалар­ды заңсыз өндірушілермен, қор­шаған орта заңдылығын бұз­ғандармен күресте электронды қор­ғау шараларының тиімділігін айтады. Былтыр геопортал жүйесі бойынша әуеден жасалған мониторинг арқылы Қызылорда қаласының маңайындағы радиу­сы 50 шақырымдық аумақтан рұқсатсыз қоқыс төгілген 136 орын анықталып, оның 131-і жо­йылды.

Облыста 145 полигонға жер учаскесі белгіленіп берілгенімен, оның жетеуі ғана талапқа сай болып отыр.

Былтыр Экология, геоло­гия және табиғи ресурстар минис­трлігі мен облыс әкімдігі бірлесе отырып, Аймақтың экологиялық мәселелерін кешенді шешу жө­ніндегі жол картасын бекіткен еді. Онда тұрақты көздерден ат­мосфераға ластаушы заттар эмис­сиясын қысқарту, жылжымалы көздерден атмосфералық ауаға ластағыш заттардың шы­ға­рындыларын азайту, су ресурс­тарын реттеу, «Жасыл бел­деуді» дамыту, көгалдандыру жә­не көркейту, қоршаған орта жай-күйіне мониторинг жасау секілді маңызды мәселелер топ­тас­тырылған. Өткен жылға белгі­ленген 6 шараның бесеуі, биылғы іс-шаралардың біреуі толығымен орындалды.