• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 02 Наурыз, 2021

Сырдария биыл да сарқылып тұр

646 рет
көрсетілді

Көктем жақындағаннан-ақ Сырдағы егінші қауымның қарбаласы көбейеді. Оның үстіне соңғы уақытта өзен арнасының төмендеп келе жатқаны диқанның көңіліне дүдәмәл түсіріп тұр. Әсіресе, жер бетіне қылтиып шыққаннан суда тұратын күріш егістігінің ертеңі бұлыңғырлау.

Жалпы, судың тапшылығы 2018 жылдан біліне бастаған. Одан кейінгі жылы да жағдай жақсарып кете қойған жоқ. Егіншілер былтырғы маусымнан да әупірімдеп шықты. Мамандар болжамынша, биылғы маусым да оңай болайын деп тұрған жоқ.

Шардарадан жоғары тұр­ған Тоқтоғұл, Әндіжан, Бахри Точик және Шарбақ су қой­маларындағы жиналған көлем был­тырғыдан көп төмен. Өт­кен жылы осы уақытта Шар­дараға жоғарыдан секундына 780 текше метр су түсіп тұр­са, қазіргі деңгей одан екі есеге жуық аз – 400 текше метр. Был­тыр қарашада өткен мем­ле­кетаралық комиссия отыры­сында желтоқсан мен осы жыл­ғы қаңтар айының соңына дейін өзге мемлекеттердегі су қой­малары арқылы бізге 7,3 млрд текше метр су келетіні болжанған еді. Бұл қазір 77 пайыз ғана орындалып тұр. Мұндай кезде көктен түскен ыл­ғалдың да көмегі көп болатын. Бірақ Өзбекстан мен Қыр­ғызстандағы гидромет қыз­метінің мәліметінше, биыл жауын-шашын былтырғыдан 30-40 пайызға аз болады.

Жергілікті әкімдік те тап­шылықтың алдын алудың қа­мын жасап-ақ жатыр. Биыл күріш егістігінің көлемі едәуір азайған. Сырдағы басты дақыл 84,4 мың гектарға ғана егіледі. Есесіне дәндi, майлы, мал азық­ты, картоп, көкөнiс, бақша да­қылдарының көлемі ұлғаяды.

 Жуырда Қызылордаға осы мәселеге орай арнайы кел­­ген Экология, геология және та­биғи ресурстар вице-ми­нис­­трі Серік Қожаниязов об­лыс­тың вегетациялық кезең­ге ар­налған дайындық жұмыс­тарын талқылаған мәжіліске қатысты. Жиында аграрлық сала, Арал-Сырдария бассейн­дік инспекциясы, «Қазсу­шар» РМК Қызылорда филиа­лының басшылығы хабарлама жасап, аудандардағы жағдай селекторлық байланыс арқылы баяндалды. Егін ша­руашылығымен айналысатын ірі құрылымдар өкілдері ұсыныс-пікірлер айтты.

«Қазсушар» РМК Қызылорда филиалының директоры Хамит Бейімбетовтің айтуынша, су беру науқанына дейін 21,9 шақырым каналға механикалық тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Одан бөлек, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мен аудан әкімдіктеріне егілетін егіс көлемін индикативтік жоспардан асырмау қажеттігі жөнінде ескерту хаттар жіберілді. Филиал басшысы биыл артық егілген егістік үшін су жеткізіп беру қызметіне шарт жасалмайтынын кесіп айтты.

Аудандарда да мәселелер әлі көп. Мысалы, былтырғы егіс маусымынан амалдап шық­қан Жаңақорғанда тоспа жоқ. Дария арнасы төмендеген жылдары аймақты суландырып отырған Келінтөбе каналына су көтерілмей қалады. Аудан әкімі Руслан Рүстемов Келінтөбемен қатар 3-4 арнаның тазалануы қажеттігін айтты. Жаңақорғандық егіншілерде «Тиісті орындар тоспа салуды назардан тыс қалдырмаса» деген тілек бар.

«Әйтек» су торабында күр­делі жөндеу жұмыстары жүріп жатқандықтан былтыр Қазалы ауданына дарияның ескі арнасы арқылы су жеткізілді. Ұзақ жылдардан бері толып ақ­паған Қараөзек бойындағы көлдер жүйесіне су барды. Бірақ аудандағы күріштік алқапқа су 15-20 күн кеш жетті. Көктемде ке­шіккен әр күннің күзгі несібені ортайтып тастайтыны белгілі ғой.

Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы Су кодексінің 82 бабына сәйкес лимит белгілейді. Лимит демекші, егер Шардараға жоғарыдан түсетін су көлемі артпаса су қоймасынан алатын үлесіміз кеміп кетуі мүмкін. Инспекция жетекшісі Сейілбек Нұрымбетовтің айтуынша, Кә­сіпкерлік кодексінің 138 бабы бойынша бұларға бақылау функциясы жүктелген. Инспекция мамандары бақылаумен қатар қадағалау да қатар жүруі керек деп есептейді. Сонда тапшы суды талан-таражға салып отырғандар қатары азаяр еді.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бауыржан Шәменов соңғы 3 жыл­да су тапшылығынан та­биғи көлдер жүйесіне қажетті мөлшерді толық алу мүмкін болмай отырғанын айтып өтті. Осының салдарынан Аралдан кейінгі ірі су айдыны Қамбаш көлі тартылып, жағалауынан 250 метрге дейін шегініп кеткен. Жыл сайын мыңдаған туристен босамайтын көл жағалауы қазір құлазып жатса, жақын ауылдар кепкен көлдің ұлтанынан ұшқан құмға көміліп отыр. Жағдай бұлай жалғаса берсе даланың күміс алқасындай ауқымды ай­дынның аз жылда көзден бұл-бұл ұшуы да ғажап емес.

Сарқылып тұрған Сырд­а­рияның ахуалы талқыланған жиында бар мәселе ашық айтылды. Ұсыныс-пікірлердің бәрі жинақталып Экология, гео­логия және табиғи ресурс­тар министрлігіне ұсынылады. Соған орай жұмыс жоспары жасалады.

Бұл нәпақасын жерден тер­ген егінші жұрт ертең су тап­шылығынан қиналып қал­мауы үшін қолға алынған амал. Ал трансшекаралық өзенге қатысты түйткіл жағалауындағы мемлекеттер арасындағы су бөлінісі қатаң сақталғанда ғана тарқамақ.

 

Қызылорда облысы