Өскеменнің көгінде үш күн қатарынан қыран құстың саңқылы естілді. Еліміздің түкпір-түкпірінен бабадан қалған бекзат өнерді жалғастырып жүрген бүркітшілер жиналып, салбурынға шықты.
Облыс орталығында өтіп жатқан құсбегілердің республикалық XV чемпионатына оннан астам бүркітші қатысты. Бүркіт қана емес, ителгі мен қаршыға ұшырғандар да болды.
Ұлттық спорт қауымдастығының ұйымдастыруымен өтіп жатқан жарыстың шарты бойынша алғашқы күні құстарды шырғаға салып, іріктеуден өткізді. Екінші күні іріктеуден өткендері қоянға түсті. Бүркіттің тегеуріні көрінгенде, қояндар шалт бұрылып қаша ма деп едік, жоқ, керісінше жата қалысты. Қолда өскен қояндар ғой, орғи жөнелмеді. Әй бірақ, қасқырға түсіп жүрген қыраннан қояның қалай қашса да құтылсын ба?!
Қолына бүркіт қондырып, беліне күміс белбеу таққан бүркітшілерге риза көзбен қарасты бәрі. Ұлттық құндылықты дәріптеп жүрген азаматтар ғой. Жүйрік баптап, бәйгеге қосу қандай қиын болса, қыран құстың бабы да одан кем түспейді.
– Жеті атамыздан бері босағамыздан құс кетпеген. Атадан мұра болып келе жатқан соң, бүркіт баптап отырмыз. Көк байрағымызда да бейнеленген қасиетті құс. Бабы енді, қиын. Жас ет тауып беру де оңай емес, – дейді үржарлық құсбегі Ырыздық Қасейін.
Ақсақал айтқандай, күнделікті азығы бар, қоясын алу дегендей күтімдері тағы бар. Құс жыртқыш болғандықтан, ара-тұра аңға салып тұру керек. Үржар өңірі Ұлттық парктің аумағында жатқандықтан, қыранды түз тағысына түсіруге тыйым салынған. Сол үшін Ырыздық Қасейін бүркітін үй қоянына салып тұрады.
Сонымен үш күнге созылған жарыс қорытындысы бойынша III орынды Алматы облысынан келген Аян Сейітжан қанжығасына байлады. II жүлделі орын сонау Атыраудан Алтайға ат арытып келген Арман Қошқаровқа бұйырды. Ал I орын Үржар ауданынан келген бүркітші Нұғым Қайдарұлына берілді.
Шығыс Қазақстан облысы