• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Технология 03 Наурыз, 2021

ҚазҰУ магистранттары жаңа құрылғы ойлап тапты

145 рет
көрсетілді

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранттары ауаның ластану деңгейін өлшейтін және ауа сапасын нақты уақыт режимінде тексеретін жаңа құрылғы ойлап тапты, деп хабарлайды Egemen.kz

ҚазҰУ «Механика және математика» ҒЗИ жанындағы компьютерлік ғылымдар зертханасында индустриялық серіктесі «Digital Alem» ЖШС-мен бірлесіп бірегей құрылғы жасалды. Жас ғалымдар жаңа жобамен бір жарым жылдай уақыт айналысып, өздерінің экологиялық мониторинг жүйесін көпшілікке ұсынды. Ноу-хау – бұл ауаның ластану деңгейін анықтайтын, пайдаланушының телефонына Bluetooth арқылы қосылатын және деректерді серверге жіберетін шағын құрылғы. Бұл құрылғы адамның орналасқан жерін де анықтайды. Оның салмағы 150 грамм, батареямен жұмыс істейді және оны желі арқылы қуаттауға болады.

Магистранттардың алдын ала есептеулері бойынша құрылғының өзіндік құны отыз мың теңгеден асады. Компьютерлік ғылымдар зертханасының меңгерушісі Еділ Нұрахов аспаптың жұмыс принципін былай түсіндірді: «Біз әзірлеген модульдер түрлі датчиктердің көмегімен ауа алуды жүзеге асырады және деректерді GSM/GPRS таратқыш арқылы серверге жібереді. Сервер деректерді құрылымдалған дерекқор ретінде сақтайды. Олар картадағы қаланың экологиялық көрінісін білуге, ластану динамикасын анықтауға және әртүрлі факторларды ескере отырып, одан әрі өзгерістер туралы болжам жасауға мүмкіндік беретін математикалық модельдермен өңделеді». 

ҚазҰУ-дың жас ғалымдары Алматыда ластану деңгейі өте жоғары кезеңде жаңа өнертабыстың қажеттілігі де өзекті екендігін атап өтті. Қала тұрғындары мен бизнес өкілдері тарапынан бұл құрылғы өз тұтынушысын табады. Қала тұрғындары портативті құрылғының көмегімен қаланың ғимараттарындағы, аулаларындағы немесе аудандарындағы экологиялық жағдайды анықтай алады, ал кәсіпкерлер эко-өнімдердің тізімін жасау үшін бизнестің бағыттарын таңдай алады.

Жаңа құрылғыны жасаушылар «Smatr Siti» тұжырымдамасы аясында жаңа құрылғыны қолдана отырып, қаланың экологиясын сақтаудың тиімді құралын жасауға болатындығын атап өтті.