Ауылдың аяқ жағындағы қос қабатты қарағай үйдің қаңырап тұрғанына жиырма-отыз жыл болды-ау деймін. Әу баста шіркеу ретінде салынғандықтан, катонқарағайлықтар оны солай атап кеткен.
Ресейден орыстар ауып келіп, Төр Алтайдың төсін жайлай бастаған жылдары Покров шіркеуі ретінде салынғаны рас. Одан бері ғасырдан астам уақыт өтті. Дәлірек айтсақ, қарағай үй 1882 жылы бой көтеріпті. Бірақ 1930 жылдардан бері аурухана, мектеп болғанын ешкім жоққа шығармайды. Әсіресе, әдебиет сүйер қауымның есінде шығар, Оралхан Бөкейдің «Сайтан көпір» повесінің желісі бойынша түсірілген фильмдегі кейбір эпизодтар сол тарихи ғимараттың ішінде таспаланған.
Кейін Кеңес өкіметі ыдыраған соң ғимарат бұзылды, есік-терезелері талан-таражға түсті. Бөренелерін бөліп алып таси бастаған тұрғындар түрлі оқыс жағдайға ұшырамағанда, қос қабатты қоңыр үй түп-орнымен жоқ болар ма еді, кім білсін?! Әйтеуір, тылсым күшті байқаған ел қоңыр үйдің маңын баспайтын болған.
Енді міне, аудан басшылығы есік-терезесі үңірейіп, неше жыл тұрған үйдің түпнұсқасын сақтай отырып, қайта қалпына келтіруді көздеп отыр. Ол үшін ауданды дамыту қорынан 150 млн теңге жұмсалады. Реставрация жасау үшін қажетті 150 текше метр қарағай әзірленіп те қойды. Алайда аудан тұрғындарының пікірі әр түрлі. Бірі «шоқынатын ғимараттың қажеті не?» десе, енді бірі «мәдени мекеме ретінде жөндеп қойса, туристерге қызық болар еді» дейді.
– Шіркеуден бұрын Катонқарағай ауылының ортасында екі қабатты бос тұрған үйлер көп. Алдымен соларды жөндеу керек. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптейік. Ал шіркеуді қоршап қойды, енді ешкім тиіспейді. Кейін басқа мәселелер шешілген соң көре жатады, – дейді ардагер журналист Жәнібек Қызыр.
Ауданды дамыту қорының атқарушы директоры Серік Жүнісовтің айтуынша, шіркеу құлшылық орны емес, тарихи құндылығы бар ғимарат.
– Татарстанның Қазан қаласында дәл осы сияқты ғасырлар сынынан өткен ағаш шіркеулер бар. Ол жерлердің табалдырығы туристерден босамайды. Катондағы шіркеуді жөндеудегі мақсатымыз сол, – дейді Серік Жүнісов.
Катонқарағайда туризмді дамыту үшін қолға алынған шаруа көп. Халық үшін жасалып жатқан мүмкіндік те аз емес. Мысалы, өзінің тұрып жатқан үйін туристерге жалға беріп, кәсіп ашқысы келетін ауылдықтарға 2 млн 300 мың теңге көлемінде грант ұсынылды. Бұл жобада әсіресе Катонқарағай, Өрел және Берел ауылдарының тұрғындарына басымдық беріледі. Айта кетсек, бір жыл ішінде ғана үйін туристерге жалға берген бес азаматқа грант ұсынылды. Төр Алтайды бетке алатын туристер саны артқан сайын, ауданда оларды қабылдау мүмкіндігі азайып барады. Сондықтан тұрғындарға кәсіп ашу үшін мол мүмкіндік беріліп отыр.
Шығыс Қазақстан облысы,
Катонқарағай ауданы