Сонау алпысыншы жылдардан басталып сексенінші жылдардың бел ортасына дейін театр мен кино әлемін қатар дүбірлеткен жұлдызды шоғырдың ішіндегі Әнуар Молдабековтің жұлдызы жылдар өткен сайын жарқырай түспесе, бір сәтке көмескі тартқан емес. Қайтыс болғанына қырық жылға таяды. Алайда от болып жанып, ағыл-тегіл нөсер болып төгіліп, жасындай жарқылдаған бейненің алғаш дүркіреп шыққан кездегі даңқ-дақпырты, соңынан ескен самал аңыз, бәрі-бәрі сол күйі Әнуар кеңістігін кеңейтпесе, кішірейте алған жоқ.
Ғажайып талант туралы толассыз айтылып келе жатқан толғауларды айтпағанда, «Сілтесең – семсер, қорғансаң – қалқан болған қайран Әнуар» деген Асқар Сүлейменовтің қайғы үстінде айтқан жалғыз ауыз жоқтау сөзінде көздеріне мәңгілік ой мен мұң ұялаған өнер майталманының бар болмысы боямасыз суреттелгендей, содан беріде суретін ғана көріп өсіп, қалыптасқан жас буынның жадында сүйікті бейнеге айналып сомдала түсті. Ал Әнуар есімінің ұмытылмай, ұрпақ есінде ұлағатты сақталуы жолында табандылықпен насихат жұмысын жүргізуде өзі қызмет еткен әкемтеатрмен бірге ең алдымен жары, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Баян Имашеваның еңбегі өлшеусіз зор. Сыңарынан ерте айырылып, қанаты қайырылғандай күй кешіп қамықса да, өмірдің өкпек желіне кеудесін тоса жүріп, Әнуарының құтты мекен, қара шаңырағының отын өшірмей, түтінін түзу ұшырып, екі қыз, бір ұлын тәрбиелеп, немере-шөбере өрбітіп, әулетінің алтын діңгегіне айналған Баян апамыздың өзі де, бүгінде сексен жастың сеңгіріне шығып отыр.
Бүкіл халықтың сүйіктісіне айналған белгілі адамның жары болу деген бақыттың дәмін актриса Баян ерте татты. «Ән қанатында» әнші Мұса, «Қыз Жібекте» Шеге, «Қан мен терде» Еламан, «Өтелмеген парызда» Қожабек ақсақал болып көгілдір экраннан көрерменнің көзақысын суырып жарқырай көрінген жақсыға жар болудың қандай болатынын жастайынан білді. Ол дегеніңіз көңілі қалаған көп дүниеден бас тарту, бұрын қиынсынып, көз қиығын салмаған шаруаға бейімделу, театрдағы өз жұмысымен, күнделікті үй тіршілігімен қатар, батпандай жауапкершілікті нәзік иыққа салып арқалап жүру, өнер көгінде самғау үшін жаралған қыранның көңіліне қылау түсірмей үнемі баптау, ағайыны мен туысының тілін тауып, арасында дәнекер болу, оған дем беру, қиналғанда қасынан табылып, демеу болу, осының бәрі Баяннан өзге құрбыларына қарағанда сергек жүруді қажет ететін. Екеуінің құрған шаңырағы өз қатарластары секілді ерлі-зайыптылықты діттеп некелескен қарапайым отбасыдан бұрын өнер мүддесі мен рухани мақсат табыстырған шығармашылық шаңырақ екенін де естен шығарған жоқ.
Болашақ жары Әнуармен Әуезов театрының студиясында оқып жүргенде кездесті. Әкесі соғысқа кеткен, өз анасын «әпке» деп, нағашы атасы мен әжесінің қолында тәрбиеленген бойжеткен мектепті үздіктердің қатарында тәмамдай сала, 1958 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданынан арман қуып үлкен шаһарға аттанады. Алдын ала келісілгендей, Шымкент емес, ғайыптан тайып Алматыдан бір-ақ шыққан ауыл аруы уақытша орналасқан Опера театрының жатақханасында жүріп Раушан Әуезбаевамен танысып қалады. М.Әуезов театрының актрисасы қалаған оқуына түскенше уақыт өлтірмей, театр жанынан Өнер студиясы ашылып жатқанын, оны ұйымдастырушы Әзірбайжан Мәмбетов екенін айтып, жылдамдатып жолығуға кеңес береді. Бұл ойламаған жерден актриса боламын деп шешім қабылдаған уақытта театрдың бас режиссері Гольдблатт болатын. Тағдыр-кемесінің желкені басқа арнаға бұрыларынан бейхабар Баян сынақ тапсыратын күні биязы басып өнерін көрсетуге келеді. Қарсы алдында Қалибек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Нұрмұхан Жантөрин, Сәбира Майқанова сынды Әуезов театрының кілең марғасқа актерлері төрт көзі түгел самсап бұған қадала қарап отыр. Бір ғажабы, таудай тұлғалардың мысы басқанымен, жүзіндегі қазақы жылылық тоңның бәрін жібіткендей, тар жерде тұрса да, тынысы ашылып, Еңлік болып егіліп, екпінге салып өлеңін оқып, кезегімен өнерін көрсетіп жатыр. Дайындап келгенін тәмамдап, сыртқа беттегені сол еді, біреу сонау жерден «Баян, бес!» деп айғайлап қалды. Бір түйір бояусыз, табиғат берген таза сұлулығымен тамсандырған талдырмаш қыз соңына инабатпен бұрылып қарағаны болмаса, кім екенін аңдай алмаған күйі тез-тез басып шығып кетті. Бұл Әзірбайжан Мәмбетов болатын. Өнері комиссияның көңілінен шыққан Баян қыз Өнер студиясына оқуға қабылданады.
Студияда сахна саңлақтарынан сабақ алып, түрлі тақырыпта этюд көрсетіп, театр өнерінің әліпбиімен танысып, өздері де бір-бірімен жақын араласа бастаған кезде, бұлардың тобына консерваториядан оқудан шығарылған Әнуар Молдабеков деген жас жігіт те келіп бірге оқи бастайды. Темірдей қатаң тәртіп сақталатын қаланың спорт мектебін орыс тілінде үздік бітіріп, курсының старостасы болған Әнуар әділетсіздікті көрсе төзбейтін турашыл мінезіне салып, сондағы бір ұстазының айыпты ісіне кездейсоқ куә болып қалып, сол қатесін бетіне басып айтқаны үшін ешқандай есіркеусіз оқудан шығарылған беті екен. Кейін белгілі болғандай, Гольдблатт жас жігіттің қолына тілдей қағаз жазып беріп жіберіпті. Онда қысқа ғана: «Азербайжан Мадиевич, это твой актер. Возьми его к себе» деп жазылған екен. Ұлы ұстазға жолығып тұрғанын түсінген Әнуар содан бастап соқпағы көп өнердің тоқпағын аз көрмесе де, қылаусыз қызмет етуге ант еткендей, сүтпен енген қасиетін сүйекке жеткенше қастерлеуге бел байлады.
Тағдыры табысқалы тұрған жастарды кешеуілдетпей кездестіре берейін дегендей, Жаратқанның өзі ендігі жерде бірге оқитын Әнуар мен Баянның жолын жиі тоғыстыратын болды. Бір жыл оқыған соң диплом спектакліне дайындық жұмысы басталды. Сол кезде атағы аспандап тұрған режиссер Қ.Жандарбековтің «Таныс адамдар» деген спектаклінде сахнаға басты құрамда ойнайтын актерлер емес, қосалқы құрамға алынған Әнуар мен Баян ойнап кетеді. Ол кезеңде спектакльде айтылатын әндер сахнаның «астында», ор ішінде отыратын тірі оркестрдің сүйемелдеуімен орындалатын. Қиядағыны көзі шалатын идеологияның қырағылығы әр жаңа қойылымның қойны-қонышына дейін тіміскілейтіні бар, қанат жайып келе жатқан театр өнеріне сүйіспеншілік бар, әйтеуір әр жаңа премьераны Мәдениет министрі қалт жібермей жеке өзі келіп көретін. Екеуі де ән айтады. «Таныс адамдарда» ойнап жүріп жақынырақ танысқан Әнуар мен Баян бір-біріне ынтық ғашықтардың рөлін ықыласты ойнаған болуы керек, қойылымды тамашалауға келген министр Ләйлә Ғалымжанова ойын біткен соң қайтуға асыға қоймай, жұрттың алдында екеуінің өнерін жер-көкке сыйғызбай мақтайды. Бірақ бұл мақтаудың түбіне сор байланғанын екі студент сезбейді де, оқуын да бітірмеген жас балалардың министрдің назарына ілігіп, мақталғаны театрдағы «ағарып алдыға түспегенді» қалайтын жасы үлкен өзге әріптестерінің арқасына аяздай батады. Ақыры студияны бітірген Әнуарды да, Баянды да жер аударғандай етіп, әкемтеатрдан әлдеқайда алыс жаққа, қолдарына жолдама ұстатып, Қарағандыға апаратын соқпаққа салып жібереді.
Студияны бітіріп, Қарағандыға аттанар алдында Әнуар сүйіктісіне сөз салып, үйленгісі келетін ойын білдіреді. Алматыға таяқ тастам жердегі туған ауылына шақырып, ата-анасымен таныстырады. Әнуардың әкесі Әбіханнан бастап, оның бауырлары, олардан тараған балалардың бәрі мұғалім екен, қыл аяғы ең кіші қарындасы да пионер вожатыйы, бұрын-соңды мұндайды көрмеген Баян алғашында ағайынның арасында емес, мектептің ішінде жүргендей болғаны рас. Қайынатасы ағайын-туыстың басын қосып шағын той жасап, үлкендердің батасын алғызып, екі жасты үйлендіреді. Ауылда туып-өскен қыз болса да, өз арманына ғана алаңдап, қиял қуып, үй тірлігіне аса көп араласпаған. Көкесінің екі білегін сыбанған пысық келіндерінің сақ-сақ күліп келіп, тірліктің түгін қоймай жапырып жасап кететініне үйренген Баян шаруа істейін деп тіпті ойламаған да. Келін болып түскен соң таңертең ертерек тұрып, сиырдың сауырына келіп отырғанымен, қолының қары талып, саусағынан жан кеткенше жылбысқы желінді әрі тартып, бері тартып жұлмалап, ақыры сауа алмай, талай рет жыларман болғанын әлі күнге ұмытқан жоқ. Басқа шаруаның бәріне бапандай Баян үйренгісі, үйіріп әкеткісі келеді-ақ, бірақ қаршадайынан қара жұмыс істеп, қатып-піспеген соң бекер екен, бұдан кейін үйдің ауыр тірлігіне ата-енесінің өзі де жолатпады.
Әзірбайжан Мәдиұлы студияны бітірген шәкірттерін елдің аймақтарына бөліп жатып, өзгелерге қарағанда білім әлеуеті жоғары, мінезі өжет, тиянақты Әнуарды Мәскеуге режиссерлік оқуға аттандыруды ұйғарады. Әртіс көп болғанымен, режиссерді топырақтан жасап ала алмайтын уақыт болған соң, бәлкім, амалсыз осындай шешімге келген. Ит арқасы қияндағы Мәскеуге оқу іздеп баратындай қаражаты жоқ, әлі аяғынан тұрмаған Әнуардың қатты қысылып тұрғанын көріп Мәмбетов өз қалтасынан 300 сом ақша беріп, шығарып салады. Арада екі ай өтер-өтпестен Қарағанды театрында жұмыс істеп жүрген әйеліне Әнуар телеграмма соғады: «Мен қайтып келе жатырмын». Режиссерліктің қол болмасын білді ме, әлде Қарағандыдағы сүйіктісін қимады ма, күтпеген жерден Қазақстанға қайта оралған дарынды әртісті дара суреткерлікке жетелейтін даңғыл жол күтіп тұрған еді.
«Өзім бас режиссер болған кезде шақырып аламын» деген Мәмбетов уәдесінде тұрып, ақыры 1964 жылы ерлі-зайыпты әртістерді Алматыға, М.Әуезов театрына алдырады. «Бірден ала салу» деген батпанқұйрық болмайды, театрдағы талаптың күштілігі сондай, алдын ала спектакль дайындалып, оған Әнуар Молдабековті қатыстырып, актерлік ансамбльмен үйлесімін, талантының өлшемін тексеріп барып, қабылдайды. Соңынан Құралайын көтеріп жеткен Баян апай да күмп беріп театрдың төрінен бір-ақ шыққан жоқ, қаздай тізіліп отыратын қатал сыншы жиылған көркемдік кеңестің алдында Агафия Тихоновна, тағы басқа рөлдерді ойнап барып, Серағаңның – Серке Қожамқұловтың: «Болды, жетеді, актриса болып қабылданады» деген кесімді сөзінен кейін ғана актерлік труппаның қатарын толықтырған еді. Ә.Мәмбетов сахнаға дайындаған жаңа спектакльдерінің бәрінде орталық рөлдердің бірін қалай да Әнуарға беруді әдетіне айналдырады. Әнуар да бір қайнауы ішінде, күлді-көмеш, шикі дүниені сахнаға алып шыққан емес. Өздері осында жүріп оқу оқып, қабырғасында жүріп жетілген туған театрына келгеннен кейін Мадиевский Әнуар мен Баянға Ә.Әбішевтің «Намыс гвардиясы» пьесасы бойынша қойылған спектакльден Бауыржан Момышұлы мен Валя Панфилованың рөлін береді. Алматыдағы алғашқы рөлдері. Қатты қобалжыды. Ол кезде Бауыржан батыр да, Панфиловтың қызы Валя да бар, премьерадан бұрын екеуі де келіп, репетицияны көреді. Қойылым біткеннен кейін рахметін жаудыра жеткен Валя Баянды келіп құшақтай алады. Ал Бауыржан батыр болса сол сұсты қалпымен Әнуарға қарап: «Әй бала, сен біздің үйге келіп кет!» дейді. «Бауыржанның жанына барып сөйлесу тордағы арыстанның жалынан сипағанмен бірдей» деген ел ішіндегі аңыз есіне сап ете түсіп, естіген бойда Әнуар шошып кетеді. «Бауыржан Момышұлы екінің бірін үйіне шақырып мейман етеді деп кім айтты саған, батырдың үйіне шақырғаны, көңілінің толғаны, риза болғаны, қуанбайсың ба қайта, бар» деп Баян ерін қайрайды. Үйіне келген қонағына Бауыржан ерекше құрмет көрсетіп, кең көсіліп әңгіме айтып, Әнуардың ойынын мақтайды. «Сен талантты актер екенсің, болашағыңның да мықты болатыны байқалып тұр. Өнер деген – қып-қызыл күрес, мылтықсыз майдан, жақсы жүрсең, таза болсаң, түбі жеңіс сенікі» деген екен сонда талантты қапысыз таныған тарпаң мінез батыр. Болмысы ірі жаралған батырдың Әнуарды іні тұтып, ағалық пейілмен осыншалық ілтипат көрсетіп, өнерін бағалауы актер естіп жүрген мың мақтаудан әлдеқайда биік баға болатын.
Өнерге алғаш қадам басқанда-ақ жанып тұрған от сияқты лапылдап, буырқанып келген Әнуар Молдабеков режиссер қалай сермесе, қынынан суырылған қылыштай тіліп түсетін наркескен актердің өзі болды. Ұлттық өнерде дәл ол секілді көзі тірісінде биіктіктің бәрін бағындырған әртіс некен-саяқ. Театр сыншылары оның Смоктуновский, Евстигнеев, Ефремовтердің стилімен жұмыс істейтін әлемдік деңгейдегі актер екенін сан мәрте қайталап жазудан жалықпады. Жыл өткен сайын рухани толысып, құлашын кеңге жайып, шеберлігі артып келе жатқан шәкіртіне сүйсінген Ә.Мәмбетов он екі сериялы «Абай» фильмін түсіріп, басты рөлді Әнуарға беруді жоспарлап та жүрген еді. Ол оқыс көз жұмғаннан кейін Абайдың рөліне Әнуардан басқа актерді лайық көрмеген режиссер талай жылғы ой-арманынан бас тартуға мәжбүр болады.
Талантты жарының тасасында қалмай, кіл мықтылардың жанында жүріп, Баян Имашеваның өзі де жыл өткен сайын биіктеп келе жатты. Әсіресе, кез келген рөлдің психологиялық астарын жақсы беретін Фарида Шәріповадан үйренгені көп-ақ. Өзімен тең дәрежеде образ жасағанын көріп қуанғаны сондай, «Сен өсіпсің, Баян» деп шын сүйсінгенін білдіріп еді бірге ойнаған спектакльден соң. Сахнадағы серіктеспен қарым-қатынасты қалай құру керек, не айтқың келді, қалай жеткізесің, осының бәрін асқан дәлдікпен меңгермесе, актер айдаһар сынды мықты серіктесінің көмейінде кептеліп, тұншығып қалады. Осыны жақсы түсінген актриса шарт буып байлаған белін ешқашан босатып шешкен емес, қашан да шиыршық атқан шығармашылық ырғағынан жаңылмауға бар күшін салды.
...«Есболған Жайсаңбаев сырқаттанып, ауруханаға түсіпті» дегенді естіп, таңғы шайға да қарағысы келмей екеуі үйден асығыс шыға жөнелді. Барса, қайран үзеңгілес жолдас үмітсіз кейіпте қалың ұйқыда жатыр екен. Кейінірек Салиха Қожақоваға ниеттестігін білдіре барған Әнуар: «сендер көп уайымдамаңдар, Салиха. Есбош, егер сен анау-мынау болып кететін болсаң, сен жалғызсырамайсың, екі жылдан кейін мен де сенің жаныңа барамын» дейді. Дәл екі жылдан кейін жілік майы толысқан қырық жетісінде кенеттен жүрегі тоқтап, досының соңынан жөней берді. Жоғары тылсыммен байланыстыратын тас маңдайдағы тағдыр көзі арқылы болашағын қиындықсыз айқын көретін көріпкелге ұқсауы актердің айрықша адам болғанынан хабар бергендей. Сүйіктісі Баянмен Алматының саябақтарында серуен құрып жүріп сырласқан бір сәттерінде «біздің Құралай, Қарлығаш және Ермек дейтін үш баламыз болады» деп таңырқатқаны тағы бар. Өмірге таңырқату үшін келіп, тамсандырып өткен Әнуар қысқа ғұмырында бәрін қамтып, бәріне үлгеруге тырысыпты. Қас-қағымда, қапелімде айырылып қалғанында соңында қалған жан жары өзіне сөз берген. Бірінші кезекте Әнуардың ұрпағын өз заманына лайық азамат етіп өсіру. Бақытын балаларымен өлшеген ана балаларының өмірі қандай болса, өз өмірінің де соған байланысты боларын болжап қойды. Екінші, театр. Әнуары екеуі жиырмаға жасы жетер-жетпес шағынан қол ұстасып қызмет еткен әкемтеатрдағы өнерін орта жолда өлтіріп алмай, кейде тіпті бір спектакльде екі рөл ойнап жүріп, үздіксіз өрістетуді мақсат етті. Үшінші кезекте Әнуардың өнерін насихаттау. Кітап шығару, мақалалар жазу, фотоальбом шығару, көшеге, мектепке есімін беру. Міне, осы сияқты жанкештілікті талап ететін орасан жұмыстың бәрін табандылығымен орындап болып, екі иығынан жүк түскендей дамылдап отырған шағы қазір. Ұрпағы мен ұлтының алдындағы парызы тұтастай өтелді, қалың қазақ қадірлеп, әспеттеген Әнуардай саңлақтың сәулесіне әлі талай толқынның жылынатынына аналық алғаусыз көңілімен сөзсіз сенеді және шүкірлік етеді.
АЛМАТЫ