Ақтөбе қаласында ашылған пойыздар қозғалысын басқару орталығы өткен жылдың желтоқсан айынан бері кідіріссіз жұмыс істеп, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Қызылорда облыстары аумағынан өтетін пойыздардың қозғалысын реттеп отыр. Бұл – «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-тың цифрлы трансформация бағыты бойынша елімізде іске асырып отырған тұңғыш қанатқақты жобасы. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ корпоративті даму және HR жөніндегі басқарма төрағасының орынбасары Серік Әбденов Ақтөбеге келген сапарында пойыздар қозғалысын басқару орталығында болып, Орал, Атырау, Маңғыстау және Қызылорда қалаларынан осы орталыққа ауысып келген қызметкерлердің жағдайымен танысты.
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бизнесті трансформациялау бастамасымен қолға алынған еліміздегі ірі қанатқақты жобалардың бірі – пойыздар қозғалысын басқаруды цифрландыру мен автоматтандыру әлемдегі ең озық 300 жобаның арасынан іріктеліп алынды. Мақсат – магистральды желілерді заманауи талшықты-оптикалық байланыспен қамтып, қашықтықта орналасқан темір жол бекеттерін басқарудың бірыңғай диспетчерлік орталығын құру. Жоба батыс аймағының бес бөлімшесі – Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Орал және Қызылорданың диспетчерлік орталықтарын біріктіру мақсатында өткен жылдың қыркүйегінен бастап қолға алынды. Сол кезден бастап төрт өңірдің тәжірибелі 186 диспетчері Ақтөбеге қоныс аударды. Пойыздар қозғалысын цифрландыру жобасының іске қосылғанына үш ай уақыт өткеніне қарамастан, бүгінде өз нәтижесін бере бастады», дейді С.Әбденов.
Осыған дейін «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-қа қарасты әрбір темір жол бөлімшесінің диспетчерлері пойыздардың жүру қозғалыстарын телефонмен басқарып отыратын. Мәселен, темір жол бөлімшесінің диспетчері бекет диспетчерінен хабарлама алғаннан кейін ғана пойыздың қай жолдан өтетінін белгілеп, бағдаршамдарды қосуға шешім қабылдайтын. Диспетчерлік орталықтар біріктірілгеннен пойыз қозғалысы мен бағытын телефонмен хабарлау жүйесі жойылып, бес облыс аумағынан өтетін пойыздар қозғалысы бірден Ақтөбедегі орталыққа түсіп, белгілі бір учаскеге жауапты диспетчердің бақылауында болады.
Пойыздар қозғалысын басқару орталығына Атырау, Маңғыстау, Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстарынан ауысып келген 186 диспетчердің басым бөлігі – жас отбасылар. Көшіп келгендер әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етілген. Таратып айтқанда, оларға өткен жылдың соңында 45 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бір реттік өтемақы берілді, пәтерлерінің жалдау ақысын екі жыл бойы компания төлейді, отбасы мүшелерінің жұмысқа, балаларының мектеп пен балабақшаға орналасуына жәрдемдескен. Енді Ақтөбеге қоныс аударған қызметкерлер компания басшылығына пәтердің жалдау құнына бөлінетін қаражатты ипотеканың бастапқы пайыздық жарнасы түрінде аударуды ұсыныс етіп отыр. Өйткені көптеген жас маман Ақтөбеден баспана сатып алып, тұрақтап қалуды жоспарлаған.
С.Әбденов диспетчерлік орталықтардың біріктірілуінен соң оңтайландыру жұмыстары басталып кеткенін де жасырмады: «Бұрын бес облыста пойыздар қозғалысын 300 диспетчер реттеп отыратын. Қазір 186 қызметкер Ақтөбеге қоныс аударды, 19 адам жасына байланысты зейнеткерлікке шықты. Біріктірілген бекеттердегі 5 қызметкер темір жолдың басқа бөліктеріне жұмысқа ауыстырылса, кейбіреулері кәсіби біліктіліктерін көтеру курстарына оқуға жіберілді».
Пойыздар қозғалысын басқару орталығының диспетчері Арайлым Мұқышева Орал қаласындағы темір жол бөлімшесінде диспетчер болып жұмыс істеген. Ол өткен жылдың соңында Ақтөбеге қоныс аударған. 12 темір жол бекеті мен 7 разъезд бойындағы пойыздар қозғалысына жауапты маман Ресей Федерациясы шекарасындағы «Озинки-Қазақстан» бекеттері арасында әрлі-берлі өтетін жүк пойыздарының қозғалысын бақылайды. Нақтырақ айтқанда, Илецк темір жол бекетінен жүк пойыздарын қабылдап алып, Озинки бекетінде тапсырады. Оның ар жағында – Ресей Федерациясының Саратов қаласы.
«Теміржолдың Батыс Қазақстан облысындағы бөлімшесінен 13 диспетчер ауысып келдік. Менің отбасым да өзіммен бірге келді. Ақтөбеде пәтер жалдап тұрамыз, балаларым мектеп пен балабақшаға орналасты. Пәтерақымызды компания төлеп отыр. Бұрын да Оралдағы темір жол бөлімшесінде «Озинки-Қазақстан» аумағындағы жүк пойыздарының қозғалысына жауапты болатынмын. Бақылауымдағы осы темір жол бөлігінің ұзындығы 248 шақырымды құрайды», деді А.Мұқышева. Ол қызметкерлердің пәтер жалдау ақысына беретін компания қаржысының ипотекаға баспана сатып алу үшін банктерге алғашқы кепілдік жарна түрінде аударылуын мақұлдайды. «Мамандардың жұмыс орнын ауыстыруы, басқа қалаға қоныс аударуы, пәтер алуы өте жақсы мүмкіндік және өмірлік тәжірибе», дейді маман.
Қызылорда қаласында 10 жыл бойы пойыз диспетчері болып жұмыс істеген Мұхаммед-Ханафия Сиятов қазір «Қазалы-Сексеуіл» және «Сексеуіл-Қоскөл» бағытындағы пойыздар қозғалысын бақылайды. Осы біріктірілген темір жол бөлігінің жалпы ұзындығы 456 шақырымға тең. «Қазалы-Сексеуіл» бағыты – екі жолақты, ұзындығы 180 шақырым, қозғалыс автоматтандырылған жүйеде басқарылады. Ал «Қоскөл-Сексеуіл» бағыты бір жолақты, осы жол учаскесінің ұзындығы – 246 шақырым. «Ол жақтан Қарағандыға қарай пойыз тапсырамыз. Қазір күніне Шалқар темір жол бекеті бағытына 15-17 пойыз өткізіп, Қарағандыдан 6-7 пойыз қабылдаймыз. Бұл бұрын екі учаске еді, қазір бір учаскеге біріктірілді. Жолаушылар және жүк пойыздарының кідіріссіз өтуін бақылап, жолдарды ашып-жауып, бағдаршамдарды қосып отырамыз. Сонымен қатар осы учаскеден өтетін жүк және жолаушылар пойыздарынан өзге резервтегі тепловоздар қозғалысын да бақылаймыз. Мұнымен бірге диспетчерлер рельс бойында жұмыс істеп жатқан теміржолшылардың қауіпсіздігіне де жауапты болады. Ақтөбеге өткен жылдың соңында Қызылордадан әйелім және үш баламмен бірге көшіп келдім. Балаларды балабақшаға орналастырдық. Енді төртінші сәбиімізді күтіп отырмыз. Бұйырса ол ақтөбелік болады. «ҚТЖ» ҰК» АҚ басшылығы пәтерақымызды төлеп отыр. Көшіп келгенде жүк тасымалының шығындарын көтерді, 131мың теңге көлемінде бір реттік өтемақы алдық, дейді М.Сиятов.
«ҚТЖ Жүк тасымалы» ЖШС Бас директорының маркетинг және жоспарлау жөніндегі орынбасары Владимир Петровтың айтуынша, пойыздар қозғалысын басқару орталығы ашылғалы компанияның басы артық шығындары қысқарып, 17 млрд теңге қаржы үнемделген. Соның ішінде диспетчерлік орталықтарды ұстап тұру және локомотив паркінің шығындары азайған.
Пойыздар қозғалысын басқару орталығының негізгі байланыс каналдары мен цифрландыру жүйесін «ҚТЖ» ҰК» АҚ мамандары жасақтаған. Енді осындай орталықты еліміздің басқа өңірлерінде ашу жоспарда тұр. Осы жылдың соңына дейін Алматы қаласында оңтүстік-шығыс бағыт бойынша пойыздар қозғалысын басқару орталығы ашылады деп күтілуде. 2022 жылы орталық-солтүстік бағыт бойынша басқару орталығы Нұр-Сұлтан қаласында, не Көкшетау қаласында ашылады деп жоспарланған.
Ақтөбе облысы