• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Руханият 11 Наурыз, 2021

Жыр Құлагерінің қара шаңырағы

511 рет
көрсетілді

Жыр Құлагері атанған Ілияс Жансүгіровтің әдеби музейі биыл 37 көктемін қарсы алып отыр. Жетісудың кіндік қаласы – Талдықорғандағы мұражай 1984 жылы ашылған болатын. Ғибратқа толы ғимарат осы мерзім ара­лығында қаламгер шығармашылығының шырақшысына айналып қана қоймай, өңірдегі руханияттың да қара шаңырағына айналды.

Бүгінде алты бөлмеден тұратын музейде Iлияс Жансүгіровтің құжаттары, баспа ісіне пайдаланған жазу машинкасы, өзі сатып алған кілемі, киген плащы, ұстаған таяғы, дәм татқан ыдыс­тары, қолжазбалар қоры, әр жылдары шыққан кiтаптары және ақын шығармашылығын зерттеушiлердiң еңбектерi жинақталған екен. Мұнда ұзын-саны алты мыңнан астам құнды жәдігер сақтаулы тұрған көрінеді. Музейдегі тағы бір киелі дүние – Мо­лықбайдың қобызы. Жұрт аузында қобызшы Молықбай Ілияс дүниеге келген кезде болашақ ақынның құлағына азан шақырып, «Қызырілияс» деп есімін қойғаны жайында әңгіме бар.

– Қазір Ілияс Жансүгіров шығар­ма­шылығы мен қоғамдық қызметіне қатысты сирек материалдарды, құн­ды жәдігерлерді көруге деген қызы­ғу­шылық артуда. Жылына 10 мыңға жуық көрермен музейді аралауға келіп, біздің жұмысымызбен танысады. Олар­дың арасында оқу бағдарламасы бо­йынша саяхаттауға келген мектеп оқушылары мен дипломдық, курс­тық жұмыстарға дайындалушы студент жастар көп. Жалпы, бір рет өз қажетін іздеп келген жастар екін­ші жолы міндетті түрде Ілияс шы­ғар­ма­­шы­лығымен жете танысуға келе­тінін байқап отырмыз. Оның үсті­не қаламгердің өнегелі өмірі мен шы­ғар­машылығын халыққа насихаттау мақ­сатында музей қызметкерлері қала­мыз­дың тұрғындарын, мемлекеттік мекемелер қызметкерлерін музей экс­­­­по­­зициясымен танысып, мәдени бағ­­дар­ламаларға қатысуға және рухани байып қайтуға арнайы шақырып, экскурсиялар жүргізіп отырады. Жыл сайын ақынның туған күнін, репрессия құрбаны болған азалы күндеріне арналған ақынды еске алу жиындарын өткiзу дәстүрге айналған, – дейді Ілияс Жансүгіров әдеби музейінің меңгерушісі Нұргүл Жауынбаева.

Соңғы жылдары музей қоры құн­ды жәдігерлермен толыға түсіпті. Мы­салға, 2016 жылы Ақсу ауданы Еңбек ауылының тұрғыны айтыскер ақын Бекболат Атамбаев музейге Ілияс Жан­сүгіровтің жейдесін тапсырған болатын. Одан кейін, 2017 жылы Алматы облыстық полиция департаментінің ақпараттық-талдау орталығы ақынның 1936 жылы Алматы қаласында берілген паспортын және тұтқындалған кездегі фотосуретінің түпнұсқасын әкеліп, өткі­зіпті. Ал 2018 жылы Алматыдағы Ұлт­тық кітапхананың сирек кездесетін қолжазбалар қорынан табылған «Қуат» поэмасы мен «Бақытты Жамал» әңгі­ме­сінің түпнұсқасы Талдықорғанға жол тартып, оны музей қызметкерлері латын қарпінен кириллицаға қотарған екен. Ілиястың бұл туындысы біраз жыл бұрын «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген-ді.

– Әрине, биыл ел басына түскен сын сағат музей қызметкерлерін қашықтан қызмет көрсетуге мәжбүрледі. Каран­тин режіміне байланысты І.Жан­сү­гіровтің әдеби музейі бірнеше ай бойы онлайн форматта жұмыс істеді. Жоспарға сай жобалар мен жоспардан тыс жасалған жұмыстарымызды көрермендер онлайн тәртіпте тамашалау үшін музейдің инстаграм, фейсбук әлеуметтік желілеріне жіберіліп отырды. Айта өтетін болсақ, осы уақытқа дейін жүргізілген жұмыс тәртібінде Ілияс Жансүгіровтің өмірі мен шығармашылығын насихаттауда онлайн экскурсия жүргізіліп, музей залындағы экспонаттар жайында толықтай мәліметтер беріліп, кітап көрмелері ұйымдастырылды. Бұған дейін біздің музейге келушілер арасында шетелдік қонақтар ұшырасатын еді. Еліміздің әр өңірінен келген меймандар жәдігерлерді өз көзімен көріп, өткен өмірдің бір белесін сезінгендей болып, ризашылығын білдіріп те жататын. Біз бұл ілтипатты музей қызмет­кер­лерінің еңбегіне берілген жоғары баға деп қабылдаймыз, – дейді Нұргүл Қызырбекқызы.

Айтпақшы, Ілияс шығармашылығы қазақ шекарасын көктей өтіп, әлемнің әдеби кеңістігін қарай қанат қақты деуге толық қақылымыз. Бұған дәлел ре­тінде 2016 жылы неміс жазушысы Герт Хайденрайх аударған атақты «Құлагер» поэмасы мен 2019 жылы Ұлттық аударма бюросы мен Ілияс Жансүгіров қорының мұрындық болуымен Белинда Куктің тәржімасымен ақын өлеңдерінің ағылшын тілінде басылып, шыққанын айтсақ болар.

Жалпы, биыл 37 көктемін қарсы алып отырған Жетісудағы қара шаңырақ ұжымы – ақынға қатысты құнды мұраларды қорға жинастырып қана қоймай, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында көптеген шара өткізіп отырған ізденімпаз орта. Ілияс Жансүгіров шығармашлығын на­сихаттауда жүйелі жұмыстарымен ел­дің ықыласына бөленген мұражай бұ­ған дейін Алматы облысындағы «Үз­дік музей» атанған. Сондай-ақ бірер жыл бұрын ақынның өмірі мен шы­ғармашылығына ар­нал­ған 20 том­дық жинақтың 19 томы осы қара шаңыраққа арналып, «Ілияс Жансүгіровтің әдеби музейі» анық­та­малығы ретінде жарық көрген болатын.

 

Алматы облысы