Былтыр жыл соңында таман Қарағанды облыстық онкологиялық диспансер жанынан эндоскопиялық орталық ашылды. Мұның өзі қатерлі ісікті ерте сатысында анықтауға мол мүмкіндік беретін аса қажетті жоба еді. «Заманауи құрал-жабдықтардың көмегімен дәрігерлер қабыну, жалақ жара өзгерулерін, обыр алды жағдайларды анықтап қана қоймай, сонымен қатар қатерлі ісікті де эндоскоп арқылы алып тастай алады», деді бізбен әңгіме барысында аталған мекеменің басшысы Мұратбек Жұмақаев. Жалпы Қарағанды облыстық онкологиялық диспансер төсекорын санының көптігі, құрал-жабдығының заманауилығы және қолы жеңіл, емі шипа мамандарының кәсіби біліктілігі бойынша елімізде алдыңғы қатарда тұрған медициналық мекеменің бірі.
– Мұратбек Дәулетханұлы, сіз басқарып отырған диспансердің пандемия кезіндегі тыныс-тіршілігінің аса қауырт болғаны белгілі. Осы күрделі кезеңде қолға алынған іс-шаралар турасында айтып берсеңіз?
– Пандемия кезінде біз сақтық шараларына баса мән бердік. Негізінен біздің пациенттеріміз онсыз да иммунитеті әлсірегендер санатынан ғой. Мысалы, өз күшімізбен ғимараттың екінші жағынан жапсарлас кіреберіс бөлме салдық. Бұрын пациенттер орталық есіктен кіруші еді, енді олар үшін жайлы орындықтары бар арнайы бөлмеге бастайтын қосымша есік ашылды. Мүмкіндігі шектеулі адамдардың кіріп-шығуына да барлық жағдайды жасадық. Бұдан бөлек, мекеме қызметкерлері үшін қауіпсіздік шараларын қарастыруға тура келді. Яғни олар жұмысқа келгенде, арнайы жабдықталған бөлмелерде бірнеше кезеңнен тұратын санитарлық-дезинфекциялық өңдеулерден өтіп барып, өздерінің міндеттерін орындауға кіріседі.
Жалпы бізге түскен пациенттер міндетті түрде ПТР-тест қорытындысымен келеді. Егер де, науқастар арасынан коронавируске қатысты күдіктілер болса, олар оқшауландырылған палаталарға жатқызылады. Айта кететін бір жайт, бізде жылына қатерлі ісікпен ауыратын 4 мыңдай науқас анықталатын. Пандемия кезінде бұл сан азайып, 3200 адамды құрады. Оның себебі көбіне карантиндік шектеулердің салдарынан туындаған қиыншылықтарға келіп тірелді. Мәселен, көп адамдарда орталыққа келу мүмкіндігі болмады.
– Науқастар арасынан коронавирус инфекциясымен ауырғандар болды ма?
– Былтыр ПТР-тестің теріс қорытындысымен келген екі пациенттен емдеу барысында КВИ анықталды. Сол кезде олар жатқан химия-терапиялық бөлімшені жауып, ондағы науқастар мен барлық медқызметкерлерді оқшаулауға тура келді. Сосын облыстық денсаулық сақтау басқармасының көмегімен профессор Мақажанов атындағы аурухананың бір ғимаратын алып, аталған бөлімшенің жұмысын сол жерде ұйымдастырдық.
– Былтыр жаңадан ашылған эндоскопиялық орталықтың обырмен күрестегі мүмкіндігі қандай?
– Орталық ең жоғары технологиямен жабдықталған. Мұнда жапондық Olympus компаниясының сараптамалық кластағы медициналық аппараттары орнатылды. Бұл барлық әлемдік талаптар мен стандарттарға сәйкес келеді. Өз бетінше жүріп-тұруға қауқарсыз науқастарға арналған арнайы көтергіш құрылғысы бар. Мұнда бір ауысымда 70-75 скринингтік науқас және 35 стационарлық пациент қабылданады. Күн сайын 10-12 аз жарақаттық эндокоскопиялық операциялар жасалады. Анестезиямен жүргізілген эндоскопиялық процедуралардан кейін пациенттерді ояту бөлмесі бар. Медициналық қызмет көрсету сапасын жылжымалы цифрлы рентген-қондырғы, жерішілік УДЗ-диагностикаға арналған заманауи аппарат және наркозды-тыныс алу аппараты айтарлықтай арттырады. Кабинеттер медициналық газдарды беруге арналған қабырғалық консольдермен, сондай-ақ бейне және фотофиксация функциясы бар гастродуоденоскопияларды, бронхо және колоноскопияларды жүргізуге арналған бейнеэндоскопиялық тіректермен жабдықталған. Сонымен бірге бөлімшеде эндоскоптарды дезинфекциялау және зарарсыздандырудың жоғары деңгейін қамтамасыз ететін жуу бөлмесі қарастырылған. Қарағанды облысы қатерлі ісік ауруларының саны бойынша елімізде төртінші орында тұр. Мұның бір себебін онкологиялық науқастардың жоғары пайызы скринингтік зерттеулер барысында ерте сатыларда анықталатындығымен байланыстыруға болады. Жалпы біз үшін эндоскопиялық орталық – аурушаңдықтың жоғары болуына байланысты бірінші кезектегі қажеттілік. Мұнда қызмет ететін біздің дәрігерлер арнайы оқудан өткен.
– Жұрттың көбі дер кезінде тексерілмей, емделмей, сырқатын әбден асқындырып алғаннан кейін дәрігерлерден көмек сұрап келіп жатады. Бұл жағдайдың алдын алу үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
– Өзінің денсаулығына атүсті, салғырт қараған адам – қоғамға масыл. Жасыратыны жоқ, ауруы әбден асқынып, сырқаты меңдеген ата-анасын алып келгендермен кейде қатты сөйлесуге тура келеді. «Мұсылман баласы таңертең тұрғанда жасы келген ата-анасының қал-жағдайын сұрамаушы ма еді. Осынша халге қалай жеткіздіңдер?!», деп ұрсатыным да рас. Жалпы әр адам туысқандарының ғана емес, өзінің де денсаулығына жанашылықпен қарар болса, кеселді алдын алу әлдеқайда оңайға түсер еді. Осы ретте мынадай жайтты айтпай кетуге болмас. Жыл сайын біздің облыста тұрғындарды скринингтік тексеруден өткізуге қомақты қаржы бөлінеді. Өкінішке қарай, біздің халық бұл тексерістерге немқұрайды қарайды. Олар медициналық тексеру барысында талдауларды дұрыстап тапсырмайды. Соның нәтижесінде, ауылдық жерлердегі адамдардың бойында қатерлі ісікке қатысты қандай дерт барын анықтау мүмкін болмай отыр. Дегенмен, соңғы кездері халқымыздың сана-сезімі баяу болса да өзгеріп келеді. Осыдан 50-100 жылдай бұрын халықтың өмір сүру жасы 50-дің мұғдарында болса, қазір ол деңгей ұзарып, 70 жастан асты. Заман жақсы жағына өзгеріп келеді, айнала толған игіліктер. Сәйкесінше, адамның өмір сүруге деген құлшынысы арта түсетіні заңдылық. Сол себепті, қазір адамдар өз денсаулығына ұқыпты қарай бастады. Дер кезінде дәрігерге көріну, саламатты өмір салтын сақтау сияқты игілікті істермен айналысуға деген ұмтылыс бар.
– Қатерлі ісік ауруларын емдеудің уақыт өткен сайын ілгерілеп келе жатқаны белгілі. Жалпы бүгінгі медицина бұл кеселдің алдында қаншалықты дәрежеде қауқарлы?
– Шартты түрде алсақ, рак аурулары төрт немесе бес сатыдан тұрады. Сырқаттың жаңа пайда болған кезі медицина тілінде «рак инцито» деп аталады. Бірінші сатысында қатерлі ісік кілегей қабығына ғана бітеді. Осы жара ұлғая түсіп, келесі қабатқа өткен жағдайда оны екінші саты деп сипаттауға болады. Дерт түйін салып, дами түсіп, тарай бастаған кезді үшінші-төртінші сатыға жатқызады. Ал енді, ауру асқынбай, бірінші және екінші сатысында тұрғанда, ондай науқастардың 95 пайызын емдеп жазуға болады деп нық сеніммен айта аламыз. Әлбетте, осылай болса жақсы ғой. Өкінішке қарай, онкологиялық ауруға шалдыққандардың шамамен 30 пайызы емге көнбейтін, әбден асқынған уағында ғана келеді дәрігерге.
– Орталықтың заманауи медициналық құрал-жабдықпен, озық технологиялармен қамтамасыз етілуі қандай дәрежеде?
– Облыстық онкологиялық диспансерге тек қана позитрондық-эмиссиондық томограф (ПЭТ) қана жетіспейтін. Бірақ бүгінде ол мәселе де шешімін тапты. Алдағы уақытта осы ПЭТ және құны 2,5 млрд теңге тұратын сәулемен емдеу аппараты да қойылатын болды. Ал қалған қажетті құрал-жабдықтың бәрі жеткілікті. Жалпы, онкологиялық ауруларды емдеуде дүниежүзілік тәжірибеде қолданылатын әдістердің түгелге жуығын орталық мамандары жүзеге асыра алады. Жаңа технологияларды енгізіп, онымен жұмыс істеу үшін алыс-жақын шетелдерге барып, тәжірибе алмасып отырамыз.
– Онкология сынды аса күрделі саланың маманына жүктелер жауапкершіліктің мол екендігі сөзсіз. Осы тұрғыдан алғанда, медициналық кәсіби маман тапшылығы сезіле ме?
– Бүгінгі таңда орталықта 630 қызметкер жұмыс істейді. Оның ішінде 122 дәрігер, 150 орта деңгейдегі медқызметкерлер, қалғандары техникалық қызметкерлер. Айта кететін бір жайт, біздің дәрігерлердің бәрі өз ісінің аса білікті мамандары. Олардың ішінде Қарағанды медициналық университетінде дәріс оқып, шәкірт даярлап, ұстаздықты да қатар алып жүргендері бар. Қазір жылына өз бюджетіміздің есебінен 25 резидентті оқытамыз. Яғни медуниверситет пен интернатураны тәмамдап келген олар екі жылдан кейін онколог маман болып шығады. Сосын бұл жас мамандар бізде бес жыл еңбек етуі тиіс. Бір сөзбен айтқанда, бізде кадр тапшылығы жоқ деуге болады.
– Бұрын онкологиялық диспансердің алдында тұрған проблема ретінде ғимараттың тарлығын айтқаныңыз есте. Бұл шетін мәселе өзінің шешімін қашан табар екен?
– Рас, диспансер орналасқан бүгінгі ғимарат өте тар. Тар бөлмелерде қызметкерлер үштен, төрттен, тіпті кейбірінде бес адамнан сығылысып отырады. Ал дәлізде қаралуға келген адамдардың өзі үйме-жүйме болып тұрады. Бұлай болмауы керек, әрине. Онсыз да көңілі құлазып, ұнжырғасы түсіп келген науқас жандар кең дәлізде, жайланып отырып өз кезегін күтуі керек қой. Жалпы алдағы уақытта орталықтың жаңа ғимараты салынады. Оның құжаттары дайын, қаржысы да бюджеттен қарастырылған. Тек, құрылыс бойынша аздаған уақытша мәселелер туындап тұр. Осы шаруа сәтімен іске асқанда, ұзақ жылдардан бері қордаланып келген мәселе шешімін табады деген үміттеміз.
– Қатерлі ісік дертіне шалдыққандарды емдеудің ең тиімді деген жолын атай аласыз ба?
– Онкологиялық ауруларды емдеу үш бағыт бойынша жүргізіледі. Ең алдымен операция арқылы ауру ошағын толық жойып, сылып алып тастау әдісін айтуға болады. Одан кейін радиоактивті заттардың сәулесін пайдаланып, рактың кейбір түрлерін толығымен емдеп, жазуға болады. Үшінші әдіс – химия терапиясы көмегімен ғана емдеуге көнетін ісік түрлері бар. Бұдан бөлек, тереңге ұя салған түйіндерді тек сәуле арқылы емдеу әдісі де қолданылады. Әйтсе де, көптеген жағдайда ота жасауға жүгінетініміз рас. Яғни емдеу әдістерінің тек мына түрі ғана тиімді деп кесіп айту тіпті де мүмкін емес. Біздің облыстың қалалары мен аудандарында өзіміздің онколог мамандар бар. Ал қатерлі ісік дертіне шалдыққандарды емдеу белгілі бір орталықта болғанының дұрыстығына талас жоқ. Мысалы, бір адамнан ауру табыла қалған жағдайда ең кемі жеті маманнан тұратын кеңес тобының жиыны өтеді. Өйткені, адам тағдыры біздің қолымызда тұрған соң, бұл іске асқан жауапкершілікпен қарауға тура келеді. «Келісіп пішкен тон келте болмас» демекші, мұндай жиында әр маманның пікірі ескеріледі. Тек ортақ пікірге тоқтап, толық келісімге келгенде ғана белгілі бір шешім қабылданады.
– Аты жаман аурудан сақтанып жүру үшін адам баласы қандай әрекет жасауы керек?
– Латында «канцерогенез» деген сөз бар, мұндағы «канцер» «қатерлі ісік» деген мағынаны берсе, «генезис» – «пайда болу» деген сөзді білдіреді. Қатерлі ісіктің «қайнар көзі» – нашар экология. Қалалар өсіп, ауаны ластайтын өндіріс ошақтары көбейген сайын ісік аурулары да етек жая бастайды. Канцероген дегендер зауыт түтіндерінде, бояғыш заттарда да мол болады. Әсіресе, бояғыштардан келетін қауіп зор: олар сыртқа бүйрек түтікшелері арқылы шығатындықтан, қуық қатерлі ісігін тудыруы әбден мүмкін. Шылым мен улы түтіндер де – канцерогендер. Бұлардың кесірінен өкпе рагы туындайды. Күйген майға піскен, қатты қуырылған, шамадан тыс тұзды тамақтар да өз кезегінде асқазан қатерлі ісігін тудыруға себепкер болады. Сөз соңында айтпағым, әр адамның денсаулығы – баға жетпес қазынасы. Сайып келгенде, дерттің дер кезінде алдын алу әркімнің қасиетті борышы. Ал аурудың ішіндегі ауыры – қатерлі ісікке қарсы тұру үшін біздің санамызға есен-саулығымызға сақтықпен қарауға үндейтін үлкен сілкініс керек.
– Жоғарыда сіз «өз күшімізбен», «өз қаражатымызбен» дегенді айттыңыз. Сонда диспансерде шаруашылық жүргізу дұрыс жолға қойылған болып тұр ғой?
– Бізге еліміздің басқа өңірлерінен, тіпті көрші республикалардан пациенттер келіп, ақылы түрде қаралады, емделеді. Бұл біздің диспансердің кәсіби деңгейдегі мықты әлеуетін көрсетсе керек. Мысалы бізде гистология, генетика жасайтын мықты зертханалар бар. Міне, осындай қызметтерден түскен қаржының 20 пайызын оларды қолы боста емдеген дәрігерлерге береміз де, қалғанын мекеменің қажетіне жаратамыз.
Әңгімелескен
Қайрат ӘБІЛДА,
«Egemen Qazaqstan»