• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 11 Наурыз, 2021

Көрісу айт – ізгілік жаршысы

2480 рет
көрсетілді

Көрісу – Қазақ елінің батыс аймағында кең таралған мереке. Оны «Көрісу айт», «Көрісу амалы» деп те жатады. Негізінен, ұлттық нақыштағы жаңа жылдың бастауы ретінде қабылданады. Наурыз айының 14-іне тура келеді. Бірақ бір ғана күнмен шектеледі деген сөз емес.

Көрісу – ең ізгі мерекелердің бірі. Бұл күні жақын-туыстар бір бірін іздеп, қонаққа барып, жаңа жылдың келуімен құттықтайды. Әсіресе, қариясы бар үйлерге жастар, балалары сәлем бере барады. Қыстан аман-есен шығып, жаңа жылда бас қосқан жұрт өзара ақ ниеттерін жаудырады. Осы мерекеге орай «Жасың құтты болсын!», «Бір жасыңмен!» деген тілектер жиі айтылады. Таңертеңнен бастап үлкен-кішіге мерекелік көңіл күй анық сезіліп тұрады. Бала кезімізден үйдегі үлкендер ерте оятып, көрші-көлемге, жақын-туысқа көрісіп келуге жіберетіні есімізде. Барған үйдің ата-әже, аға-апалары саған батасын беріп, тәтті дәмнен ұсынады. Осының бәрі – елді ынтымақ, бірлікке, тәртіпке шақыратын амалдар.

Көрісудің басты белгісінің бірі ретінде: адамдар өзара қос қолын ұсынып, содан кейін төс түйістіре құшақтасып амандасады. Ел ішінде келіспеушілік пен түсініспеушілік орын алған болса, осынау мейрам күні жойылады деген сенім бар. Яғни өкпе-реніш атаулы түгел тарқап, кешірім үстемдік құрады. «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш», «Өкпешіл болма, кешірімшіл бол», «Кең болсаң, кем болмайсың» деген қазақтың мақал-мәтелдері көрісу айты сынды ұстанымдардан қалыптасқанына сенесің. Өйткені наурыздың осы күндері бүкіл дүние жайнап, жадырап тұрады. Адамдардың көтеріңкі көңіл күйі табиғаттың жайма-шуағымен әсем үйлесім табады. Бұл – өмірге жаңаша қарауға шақыратын, алдағы күндерден тек қана үміт күтіп, көктемнің келуімен көңіл жайланатын мезгіл.

Біздің ауылдарымызда бақилық болған құрбандарға көрісуден бір күн бұрын тағзым ету дәстүрі де бар. Оны «Өткенге салауат айту», «Өлі жебемей, тірі байымайды» деп алдыңғы буынға құрмет ретінде сезінеміз. Сол арқылы адамзаттың сабақтастығын сыйлау, кешегіңді ұмытпау арқылы келешегіңе сенім білдіру ниеті көрінеді.

Көрісу айты туралы кең тарқата әңгімелеп жүру, оны атап өту ауқымын кеңейте түскеніміз дұрыс деп ойлаймыз. Адам баласының жүрегіне сезім, көңілінде сәуле байытатын мұндай мерекелердің берері мол.

 

Гуля БАЛТАЕВА,

Нұр-Сұлтан қаласы №2 арнайы мектептің дефектолог-мұғалімі