Тегеурінді жырау, текті ақынның ел ішіндегі шығармашылық байланыстары туралы айтылғанда, ең алдымен қаперге алынатыны – оның Жетісу ақындарымен дос-жаран, өнер адамы ретінде тығыз араласқандығы. Туып-өскен өлкесі Жетісу өңірі болғандықтан да, Жамбылдың көбірек қарым-қатынас жасағаны өзінің жерлестері болып келуі табиғи нәрсе. Ал оның басқа өңірдің сөз шеберлерімен байланысы болды ма, жоқ па, деген мәселе арнайы ауызға алына бермейді. Тіпті Жамбылдың Жетісудан өзге өлкелердегі өнерпаздармен шығармашылық әрі тұрмыстық деңгейдегі аралас-құраластығы жөнінде соңғы жылдары мүлде ескерілмей бара жатыр.
Осы тұрғыдан келгенде, оның Арқадан шыққан сөз шеберлерімен байланысы арнайы зерттеуді қажет ететін сияқты. Бұл жолғы біздің мақсатымыз – тілге тиек бола бермейтін осы мәселеге қысқаша ғана шолу жасап өту.
Жәкеңнің Арқа ақындарымен алғашқы жанасуы атақты Шөжемен кездесуі десек, өмір шындығынан алыс кетпейтін сияқтымыз. Кезінде өз елінде атағы шыққан ауызша поэзияның өкілі – Жамбылға мүмкіндігінше ықпалын тигізген айтыс ақындарының бірі.
Алыстан сыздықтап дауысы жетіп жататын бұл кісінің Жетісу өлкесіне келгенін естіп, Жамбыл сәлем беру үшін арнайы өзі іздеп барады да, біраз уақыт жанында ілесіп жүреді. Жас жағынан алғанда, Жамбылдан едәуір үлкен Шөже – бір жағы көзінен кемтарлық көрген жан. Осындай адамның айтыскерлігі сөз өнерінің жас перісі үшін бір жағы қызық та болып көрінген тәрізді.
Осындай сапарлас болған кездерінде Жамбыл Арқаның атақты ақынының Кемпірбаймен айтысын үйреніп алыпты. Сөйтіп кейіннен жүрген жерінде сол айтыстың үзінділерін айтып, сөзқұмар жұртшылықтың құлақ құрышын қандырып отырады екен. Шөженің адам ретіндегі қызық мінездерін де қалт жібермейді. Оның өлең айту барысында кейде тұтығып қалатын әдеті, ойланған сәттегі көз құбылысы, домбыра қағысы назар аударатындай өзгеше көрінеді. Ақынның осындай ерекшеліктерін өзінше қайталап, Жамбыл бір жағы тыңдаушыларын күлдіргенге ұқсайды.
Ел аузындағы кейбір әңгімелер осы сапарлар кезінде Жамбыл Шөжеге еріп, қырғыз еліне барып қайтқан деген де әңгіме бар.
Ай қасында туады Шолпан жұлдыз,
Айдын көлде ойнайды кәмшат, құндыз.
Өз атасын жасырған мүрдет деген
Етім қазақ болғанда, түбім қырғыз,
деп өлеңдеткеніне қарағанда, Шөженің Арқа жаққа ауған қырғыз тұқымынан болуы әбден ықтимал нәрсе. Өйткені қазіргі Қарқаралы аумағында (бұрынғы Қарағайлы ауданы) қырғыз атымен аталатын ауылдар әлі де бар.
...Бір жылдары Арқа елінен «Балуан Шолақ» атанып кеткен атақты өнерпаз Нұрмағамбет келіпті деген хабар дүңк ете қалады. Ол кісі сарыүйсін Қали байдың үйінде қонақ болып жатқан көрінеді. Бұл эпизод С.Мұқановтың «Балуан Шолақ» повесінде қызықты баяндалған. Қалидың өзі де аса зор күштің иесі болыпты. Үйіне келген кейбір қонағын, әсіресе бір кісілік күші бар-ау деген жігіттерді көргенде, екі қолының ұшымен қақпақылдап, тасша біресе ол жағына, біресе бұл жағына қойып, ойнатады екен дейді.
Өзі әнші, өзі балуан осындай ерекше тұлғалы адамды тамашалауға кім қызықпасын. Жамбыл да үйінде жата алмай, арнайы келіп кездескен. Жанына атақты Мақыш балуанды, Сәдібек деген ақынды ертіп алады да, Қали байдың отырған қонысы Топар бойына қарай жолға шығады. Бұл ара сол замандарда сарыүйсіндердің жері болса керек.
Жамбыл сол жолы Балуан Шолақтың өнерін тамашалап, қасынан кете алмай, бірер күн айналсоқтап қалыпты. Өнеріне сүйсініп, тәнті болған қызықтаушылар өнерпаздың әніне қанып, бойын кернеген күшінің де қандай екендігіне көз жеткізеді. Сонымен бірге өнерпаз қонақтың өз басынан кешкен әңгімелерді де жыр қылып айтып, жұртты аузына қаратса керек. Сонда оларға көп әсер еткен – Балуан Шолақтың орыс отаршылдарына қорықпай қарсы шығып, жасаған ерліктері екендігі сөзсіз. Қырғыз, қазақтың сан батыр балуанын, солардың ішінде Кенесарының Сыздығын да өз көзімен көріп, сұқбаттасқан Жамбыл Балуан Шолаққа әбден тәнті болып қалса керек.
Жамбылдың жас кезінде ептеп сал-серілік құрып аты шыққан Шашубай ақынмен кездесуінің өзі бір жосын. Бұл ұшырасу әдеттегідей бір қалыпты жайбарақат өтпеген. Қазақтың жершілдігіне, рушылдығына тән драмалық сипаттар да орын алыпты.
Сол уақыттарда Жәкеңнің өлеңге сирек барып, бір тоқталып жүрген кездері екен дейді.
Шашубай Жетісу жеріне қарай қысқы уақыттарда сапар шегіпті. Сонда ол қатып жатқан Балқаш көлінің үстімен мұз арқылы өткен деген сөз бар. Содан Шу, Іле өзендерін бойлап, елді аралай жүріп, бір уақыттарда Алматы (ол кезде Верный) қаласына да бас тірейді. Бұл қаладағы қазақ байларының ішінде түбі сол Арқа жақтан қоныс аударған Байбұлан, Баймолда дегендер болады екен. Осы екеуінен басқа атаққа шыққан қазақ заңгері Барлыбек Сырттановты да тауып алады. Шашубайдың сөйтіп үлкен шаһарда көбірек үйір болғаны осы кісілері көрінеді.
Сырнайын соза тартып, құлақтарды елеңдеткен ақ шалбарлы, ақ кемзалды, қара тақиялы келісті жігіттің маңына қалалық қазақтар үйіріле қалады. Оның үстіне Орталық Қазақстанның ән мектебінің өкілі ретінде Шашубайдың шырқап салатын ән әуені де, бұл жақта айтыла бермейтін жыр мақамы да бөлек. Жетісу елін аузына қаратқан ол:
Қызылжар, Қарқаралыдан
келіп жүрмін,
Елдерін Ұлы жүздің көріп жүрмін,
Аузымда өлең деген мәлегім бар,
Әркімге сөйлеп-сөйлеп беріп жүрмін, деп тоқсан толқытып, әнін Алатау шоқтығынан асырады.
Ол осылайша өз елінен шығып, осы жаққа сіңіп кеткен қала байларын көтере мақтай отырып, жетісулықтарды ептеп жерге қаратқандай болыпты. Осы оқиғаны еске ала келіп: «Қалың Ұлы жүздің ішінде бірлі-жарым ауысып кеп қатарға ілінген арғынды мақтау Ұлы жүз адамдарының намысына тиеді. Олардың намысына тиген сайын өзімшіл, бай, мақтанкұмар шенеуніктер Шашубайға өздерін көтермелете түседі. Сол кездегі Ұлы жүз елінің, оның ішінде шапырашты, дулаттың Бақия, Барлыбек тұстас кісілікті жігіттері арғыннан келген ақынға қарсы айтыстыратын ақын іздеп, сөз есесін қайтарып, арғынның аптыққан бай, асқақтаған қара таяғына (оқығандарына) өздерінше қыр көрсетпекші болады», дейді С.Бегалин.
Осы жағдай құлақтарына тиіп, намыстанған Ұлы жүз адамдары бұл кезде атаққа шығып жүрген Жамбылды Алматыға алдырады. Сондағы ойлары – шалқи шапшыған Шашубайдың айтқан сөздеріне өздерінің арқалы ақындарын қарсы қоймақ екен.
Заты арғын болып келетін Байбұлан бай: «Тамаша менің үйімде болсын» деп ұсыныс жасайды.
Өзі де ерекше киінген сымбатты жігіт сырнайын соза тартып құбылтқан кезде үйдің іші ерекше сәнге, шалқыған әнге толып тұрады. Бұл көріністің өзі-ақ тамашалаушыларға ерекше әсер етсе керек.
Сол замандардағы осы өңір болысы Мәңке бірге ілесе келген екен, сол ақыры шыдай алмай: «Жамбыл-ау, мына арғын бізді өлтірді ғой, енді қашан» дегенде, Жамбыл: «Айта түссін, айтқанымен қайда барар дейсің» деп шайын ішіп отыра беріпті дейді.
Арқаланып алған Шашубай тоқтамастан, сырнайын кере, сарнатып отырып, біраз жерге барып қалса керек.
Жамбыл шайын ішіп болып, домбырасын алып, кие жөнелді:
Шашубай, сен бір Арқадан қашып
келген жалаң аяқ,
Жел сөзді не қылайын сенен аяп.
Тіліңді аңдап айт та, байқап сөйле,
Тимей ме, бүйте берсең, саған таяқ.
Шашужан, сен Көкшетау,
Қызылжардан келіп жүрсің,
Дидарын жақсылардың көріп жүрсің,
– деп келіп, Байбұланның қалай байып кеткенін мысқылмен жырына қосады. Сөйтсе бұл үйдің иесі саудамен әлденіп алған пысықтардың бірі болса керек. Ол замандарда айтыскерлердің бір-біріне сөзден жеңіліп қалмау үшін бір-біріне батыра тиісуі, кейде тіпті дөрекі сөздерді де айтып жіберуі аса оғаштық болып саналмаған. Бұған көптеген айтыстағы жеке басқа тиісе-қағыта айтылатын мысалдар куә.
Жамбылдың ұтымды, дәлелді сөздеріне тоқтай қоймаған Шашубай тіпті арындап, арқаланып алады. Енді оның соқтығып, тілге тиек еткені – ақынға ілесе келген Шапырашты кісілері:
Бір көзі Самижанның қисық екен,
Байбатшаң Мәңкеменен пұшық екен.
Болғанда бірің ойқы, бірің шойқы,
Бәрінде бап келісіп отыр екен деп, таза мазақтауға көшкен сыңай танытады.
Өз кезегі тигенде Жамбыл қонақтар мен байлардың арақ-шарап ішіп отырғанын тілге тиек қылып, «Бүйте берсеңдер, тозаққа бір-ақ барасыңдар» деген сыңайда батыра айтып жібереді.
Осыны естіген кезде өзі де ішімдік ішіп қызып отырса керек, орысша киінген бір жігіт Жамбылға қарай тұра жүгіріп, жұрт арашалағанша қол жұмсап жіберген екен дейді. Содан Мәңке болыс бастаған қонақтар араша түсіп, үйдің іші тұра шартта-шұрт төбелес болып кетеді. Жұртшылық қызықтап отырған әжептәуір айтыстың да берекесі қашады. Амал жоқ, үй иелері Шашубайды басқа үйге ауыстырып, айқай-шуды тоқтатқандай болады.
«Ер шекіспей, бекіспейді» деген емес пе, Жамбыл мен Шашубай артынша достасып, өте жақын болып кеткен көрінеді. Жастарының айырмашылығы да бөгет бола алмаған. Жамбыл Шашубайдан жиырма жастай үлкен болса керек. Арқаның бұл ақынынан ол Шортанбай, Дулаттың жырларын үйреніп, жаттап алған.
1930 жылдың көктемінде Қазақстанның құрылғанына 10 жыл толуына байланысты мерекелі жиын өтеді. Осы мерекеге қатысқан Кенен Әзірбаев той өткен күннің ертеңіне Сәкен Сейфуллиннің Жамбылды үйіне шақырғанын жырдай қылып айтады екен. Оны Жәкең өзі бірге ертіп барыпты. Сол бір эпизодты Кенен былайша әңгімелеп берген екен:
«Сәлемдесіп, қалжыңдасып, хал-жай сұрасып алған соң Сәкен маған қарап:
– Кешегі той үстінде айтқаның құлағыма жағып барады. Соны тағы бір шырқашы? – деді. Мен шай алдында «Қазақстан» деген сол тойға арнап айтқан әнімді шырқадым. Ас-су ішіп болған соң Сәкен Жамбылдан жай сұрады. Жамбыл домбырасын шерте отырып сөз бастады. Біз тыңдай қалдық:
Шіркін, кәрілік келдің ғой кезіменен,
Келін жаман қарайды көзіменен.
Мінекей деп қолымен ұрмаса да,
Ұрғандай ғып кетеді сөзіменен...
Мен бұл сөзді тани кеттім. Ішімнен «Сүйінбай ғой» деп отырмын. Жәкең: «Жиырмада желдей болдым, отызымда белдей болдым, елуімде түбім терең құрақты көлдей болдым» деп шұбырта жөнелді... Ал Сәкен болса қаламын сусылдатып жазып отыр. Жәкең жырын тоқсанға тіреп тоқтады. Сәкенге қарап: «Сүйінбай айтқан екен, міне, біз де сондай болдық бүгінде» деп Жәкең салалы сақалын сипап қойды. Шай ішті, Жәкең домбырасының құлағын қайта бұрады. Бұл жолғы даусы көтеріңкілеу шықты. Иә, сонда ұстазым «Жабай батырды» былай жырлаған еді:
Он сан ноғай бүлінгенде,
Ормамбет хан өлгенде,
Қырық жылдай атысқан,
Қызыл қанға батысқан.
Найзаменен соғысқан,
Қылышпенен шабысқан,
Айбалтамен қағысқан...
Жәкең осылайша сілтей берді, сілтей берді. Сәкен де жазғыш-ақ екен, қағаздың біраз бетін аударып тастады. Менің жанымда отырған Сәкеннің інісі Мәжит те «өзі ересен батыр екен-ау» деп қояды».
Кенен Әзірбаев естелігінің осы үзіндісінен-ақ оның Жамбылға деген ықыласын, Сәкен Сейфуллин мен Жамбылдың бір-біріне деген сыйластық сезімін анық тануға боларлық. Бәрімізге белгілі, қазақ әдебиетінің алыптарының бірі әрі атақты қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллин – Арқаның Жаңаарқа жағының тумасы.
1934 жылдың көктемінде Ораз Жандосов Жамбылды ауылынан Алматыдағы үйіне алып келіп, қонақ қылыпты. Сонымен бірге республиканың әр түкпірінен келген халық ақындарын да шақырса керек. Атап айтқанда, Қарағанды облысынан Доскей Әлімбаев, Ақтөбе облысынан Нұрпейіс Байғанин, Қостанай облысынан Орынбай Таймановтар Жандосов дастарқанынан дәм татыпты. Олардың әрқайсысы құттықтауларын өз жандарынан шығарып, өлеңмен жеткізеді.
Бұл кезде аты енді шыға бастаған жас ақын Қасым Аманжолов «Жамбыл тойына» деп аталатын поэмасынан үзінді оқыған екен.
1938 жылы Жәкең шығармашылығының 75 жылдығы тойланып, оған жан-жақтан ақындар ағылып келеді. Солардың ішінде Шашубай Қошқарбайұлы да болған. Көптен кездеспеген ақындар шұрқыраса табысып, қалжың да қағыстырады.
Ақын Мәриям Хакімжанованың айтуынша, бір әредікте Жәкең:
«Шашубай! Қазір баяғыдай төбеңмен жүре аласың ба?» деп сұрапты. Шашубай тек әнші, ақын, жыршы, композитор ғана емес, цирк шеберіне тән тосын өнер түрлерін де көрсете алатын болған. Төбе құйқасын жыбырлатып, маңдайына дейін әкеле алады екен.
«Төбеммен жүру қазір қиындау. Бірақ тік тұрып көруге болады» деген Шашубай Жәкеңнің өтінішін жерде қалдырмай, анадайдан жүгіріп келіп, Жәкеңнің алдында төбесімен тік тұра қалыпты. «Одан кейін құрықпен де өнер көрсеткеніне куә болдық» дейді Мәриям апамыз.
Сол уақыттарда Шашубай 73 жаста екен.
Солтүстік Қазақстан облысының тумасы, Сәбит Мұқановтың жерлесі әрі құрдасы ақын Жақан Сыздықов өз естелігінде: «1938 жыл. Апрель, май, июнь айлары, деп еске алады. – Мен Москва қаласындамын. Бұл жолғы сапарымның мақсаты – Жәкеңнің өлеңдер жинағын бастыру еді. Ақынның жинағын бастыру әрі редакторлық міндетін атқарып, мезгілінде қадағалап шығару маған жүктелген болатын-ды. Бұл кітапты қалай да болса, Жәкеңнің әдеби еңбегіне 75 жыл толған тойына үлгеру керек болды. Уақыт тығыз. Жұмыс қауырт. Күн сайын Алматыдан:
– Жақан-ау, кітапты қашан үлгертесің? Қашан басылады? Тойға үлгересің бе? Тез бітіру керек! – деген телефон сылдыры, асығыс телеграммалар үсті-үстіне соғылады» дейді. Осылайша Жамбыл шығармашылығының 75 жылдығына арналған кітапты шығарамын деп жүріп, Жақан Сыздықов Алматыдағы тойға қатыса алмай қалыпты. Москвада басылып шыққан кітабын Жамбылдың өзіне қалай көрсеткенін қызықты қылып әңгімелеп береді.
– Сөйтіп елге келгеннен кейін кешігіп болса да, кітаптың он данасын автордың өзіне әкеп береді. Кітапқа Жамбылдың жетпістей өлеңі кірген екен, бетінің саны 228 болыпты. Жәкең тіпті кітаптың бағасын да сұрап алып, Жақанның өзіне «Мынандай өлеңдерімді оқып берші» деп тексерген де көрінеді. Сөйтіп кітабы үшін біраз әуреге түсіп, еңбек сіңірген ақын жігітті қонақ қылып, көңілін көтеріп жіберген.
Міне, Жәкеңнің Арқаның айтыскер әрі жазба ақындарымен қарым-қатынасына байланысты жекелеген мәліметтер осындай. Бұл тақырыпты әрі қарай зерттей түскен жағдайда басқа да назар аударарлық мәліметтердің шығып қалуы әбден ықтимал.
Нұрдәулет АҚЫШ,
жазушы, филология
ғылымдарының докторы