• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Наурыз, 2021

«Интергаз» Меркіде жаңа стансаны іске қосты

248 рет
көрсетілді

Жаңадан ашылған «Меркі» автоматтандырылған газ тарату стансасы (АГТС) тұтынушыларды жылдың төрт мезгілінде де газбен үздіксіз қамтамасыз етуге қабілетті. Соның нәтижесінде ескі стансада кездескен барлық тех­никалық кемшіліктер жойылды.

«Интергаз Орталық Азия» АҚ («ҚазТрансГаз» АҚ ұлттық операторы құрамына кіреді) іске қосқан, «Та­раз» магистралдық газ құбырлары бас­қармасы жауапкершілігіне алған жаңа автоматтандырылған «Меркі» газ тарату стансасын пайдалануға беру Жамбыл облысы және бүкіл халық тығыз орналасқан Меркі ауданы үшін өте тиімді әрі маңызды жоба болды.

Бұл – ескі объектіні жаңғырту ғана емес, сенімділік пен өнімділік деңгейі жо­ғары, заманауи жаңа стансаны салу де­ген сөз.

«Бүгінге дейін біз пайдаланып келген «Меркі» ГТС 30 жыл бұрын салынған. Оның 1980 жылдардағы өткізгіштік қа­білеті сол кезеңдегі ауданның қажет­тілігіне орайластырылған болатын, сон­дықтан қазіргі заман талабына сай кел­мейді. Мысалы, ГТС паспорттық өткіз­гіштік қабілеті сағатына 10 мың текше метр болса, қыс мезгілінде аудандағы газ­дың нақты орташа тәуліктік шығыны саға­тына 16 500 текше метрді құрады. Ең жоғарғы шегінде бұл көрсеткіш саға­тына 20 мың текше метрге дейін ғана жетуі мүмкін», дейді «Интергаз Орталық Азия» АҚ «Тараз» МГҚБ директорының бірінші орынбасары Әуес Бекебаев.

Бір сөзбен айтқанда, ескі газ тарату стансасының қауқары ауданнның қазіргі деңгейіне мүлде сай келмеді. Өйткені аудан тұрғындары санының артуына және жаңа өнеркәсіптік кәсіпорындардың пайда болуына байланысты Меркі ауда­нында газ тұтыну көлемі айтарлықтай өсті.

Сонымен қатар жабдықтардың тозуы да күрмеулі мәселеге айналған еді. Соңғы үш онжылдықта 1980-жылдардың үлгісіндегі крандар мен қысым рет­тегіштер және висцин сүзгі­лері арқылы күн сайын табиғи газдың үлкен көлемі жоғары қысыммен өтіп жатты және бұл ауыстыруды талап етті.

Үшінші мәселе, ескі ГТС-ті «БГА-ТБА»  (Бұқара газды ауданы – Ташкент-Бішкек-Алматы) магистралдық газ құбырына қосу сызбасы Меркі ауданын газбен толыққанды жабдықтауға жеткіліксіз болды. Жеке абоненттер де, ауданның өнеркәсіптік объектілері де оның алғашқы желісіне қосылған. Ал газ құбырындағы қысым төмендеген жағдайда ескі стансаның қуаты соңғы қосылған тұтынушыларға қажетті газ қысымын беруге жетпей қалады. Ма­гис­тралдық газ құбырының бірінші желісінде жөндеу жұмыстары қолға алынса, осы желіге қосылған тұрғын­дарға газ беруді уақытша тоқтату да жағдайды ушықтыруы мүмкін еді.

Өткізу қабілеті сағатына 30 мың текше метрді құрайтын жаңа «Меркі» АГТС пайдалануға беріліп, осы мәселенің бәрі шешімін тапты. Сонымен қатар «БГА-ТБА» МГҚ екінші желісіне ре­зерв­тік қосылуының арқасында ИОА ком­паниясы енді Меркі ауданының тұты­нушыларын жыл бойы таратушы желілерге орташа қысымды газ құбыры арқылы үздіксіз газбен жабдықтауға кепілдік бере алады.

Жаңа «Меркі» АГТС-тің әлеуметтік маңызы зор, ол Меркі ауданының 16 елді мекенін: Меркі, Ойтал, Сарымолдаев, Жам­был, Ақтоған, Ақарал, Интер­на­цио­нальная, Плогоягодная, Т.Рысқұлов, Сыпатай, Екпінді, Ойтал, Санаторный, Талдыбұлақ, Тұрлыбай, Қазақ дихан; 12 695 тұрғын үйді; 420 тұрғын үй-ком­муналдық нысанын және 33 өнеркә­сіптік кәсіпорынды газбен тұрақ­ты жаб­дықтауды қамтамасыз етуге мүм­кін­дік береді.

Жаңа АГТС қуаты көптеген эконо­ми­калық мүмкіндіктерге, аталған ауданда жаңа өнеркәсіптік кәсіпорындар мен жұмыс орындарының пайда болуына ықпал етеді және  бизнесті дамытуға жол ашады.

Бұдан басқа, жаңа АГТС-ті бірден екі қуат көзіне қосу («БГР-ТБА» МГҚ-ның 1 жә­­не 2-желілері) жөндеу жұмыстарын жүр­­гізу кезінде газбен жабдықтаудағы ір­кі­лістерді болдырмауға мүмкіндік бе­реді.

Блоктық типтегі техникалық жағынан жаңа АГТС ескі ГТС-тен айтарлықтай ерекшеленеді. Мұнда барлық кран торап­тары пневмогидрожетегі бар шарлы крандарды қолдана отырып жасал­ған. Бұл тораптардың құрылымы да, құрас­тырылуы да сенімді және жоғары талапқа сай келеді. Жаңа АГТС-тегі барлық технологиялық процестер SIEMENS маркалы жабдықтарды пайдалана отырып, толық автоматтандырылған.

АГТС-ке және кран тораптарын автоматтандыру жүйелерімен басқару және АГТС жұмысының параметрлері туралы деректерді беру үшін жалпы ұзындығы төрт шақырым жерасты тал­шықты-оптикалық кабель желісі арнайы салынған. Стансаның алаңында және кран тораптарында қауіпсіздік жә­не бейнебақылау жүйесі орнатылды. Бұл сенімді байланысты қамтамасыз ету­ге, кезекші ауысымның жүктемесін азай­туға және стансаның қауіпсіз жұмыс істеуіне кепілдік береді.

Жамбыл облысының аумағы арқылы бірден бірнеше ірі магистралдық газ құбырлары − «Бұқара газды ауданы – Ташкент – Бішкек – Алматы» МГҚ (БГА-ТБА), «Амангелді – КС-5 Тараз» МГҚ және «Қазақстан – Қытай» МГҚ өтетінін ес­керсек, «Тараз» магистралдық газ құ­быры басқармасының жұмысы ауқымды.

 

Есенгелді ТӨРЕГЕЛДИНОВ