• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Қазақстан 12 Наурыз, 2021

«Аса құпия» мәліметтер не айтады?

787 рет
көрсетілді

Халқымыздың басынан өткен орны толмас қасіреттердің жансыз куәгерлері – архивтік құжаттар. Ондағы мәліметтер Кеңес өкіметі тұсында «Аса құпия», «Құпия» режімінде сақталып, зерттеушілерге берілмеді. Тек еліміз тәуелсіздік алған уақыттан бастап қана қолжетімді болды.

Архивтің сарғайған құжаттарына үңілсек, 1932 жылғы 26 қазандағы жағдай бойынша құрамына Павлодар облысы аумағының көп бөлігі кірген Шығыс Қазақстан облысынан 142 мың 932 адам басқа жақтарға қоныс аударған. Осы бір ауыр қасірет Павлодар қаласына да қатты соққы әкелді. Ауыл тұрғындары қалаға ағылып келіп жатты. Оның үстіне бұрын Сібір өлкесіне қоныс аударып, кейін ол жақтан елге әкімшілік шараларымен қайта кері қайтарылған адамдарды орналастыруда да көптеген проблема туындады: «Қала мен темір жол стансасына баспанасы, не ішер­ге асы жоқ, аш-жа­­лаңаш, жалаң аяқ мыңдаған адам жиналды. Ең аяныштысы балалардың бір үзім нан таба алмай қала ішін шарлап жүргендері», делінген аудандық атқару комитетінің 1932 жыл­ғы 8 маусымдағы хатында.

Архивтік құжаттар бұл зобалаңның 1921 жылғы елдегі қатты құрғақшылық, Бірінші дүниежүзілік соғыс, азамат со­ғысы себебінен экономиканың құлды­ра­уынан, сондай-ақ орталық биліктің ресми саясатының кесірінен болғанын айғақ­тайды. 1924 жылы Павлодар уезінде ашыққандардың саны 24 мың­нан асқан. Архивтік құжаттардан ХХ ғасырдың 30-жылдары астық да­йындау саясатының ауылдарды қатты әл­сірет­кенін байқауға болады. 1929 жылдан бастап астық дайындаудың жоспарлы көрсеткіші күрт өсе бастайды. Олар­ды орындау мүмкін болмады. Би­лік тапсырманы мүлтіксіз орындауды талап етті. Билік ұжымшарлар мен жеке­мен­шік шаруалардың астықтарын түк қалдырмай, тіпті тұқым және тағам ретін­де пайдалануға арналғандарын да күштеп алып қойып отырған.

Округтік атқару комитеті төрал­қа­­сының 1929 жылғы 31 қазандағы оты­рысының хаттамасында Округтік ат­қа­ру комитеті астық дайындауды жүр­гізу бойынша округтік атқару коми­те­тінің нұсқауын бұрмалаған және орын­дамаған уәкілдерге қатысты реп­рес­сияны күшейтуді, жазалау органдары тарапынан кедейлер мен орта шаруалардың артық астықты тапсыруы бағытындағы жұмысты жанданды­ру­ды, кулактар мен байлардың тауарлық астығын толығымен тартып алуды ұсынған. Ауыл шаруашылығы өнім­де­рін мәжбүрлі түрде дайындату және салықты қатаң түрде төлету, жаппай ұжымдастыру мен қазақ халқын күштеп отырықшыландыру саясаты жағдайды одан әрі ушықтырып жіберді. Архивтік мәлі­мет­терге қарағанда, 1928 жылғы 1 қа­занда округте барлығы 2 мың 583 шаруа­шылықты біріктірген 177 ұжым­шар болса, 1930 жылғы 1 қаңтарда 15 мың 55 шаруашылықтың басын біріктірген 339 ұжымшар болған.

Күштеп ұжымдастырумен қатар кулактардың мүліктерін тәркілеу саясаты қатаң жүргізілді. ОГПУ округтік бөлімінің 1930 жылғы 26 қаңтардағы хатында «кулактарды тұрғылықты жерлерінен дереу көшіруді» бұйырған БК (б) П Қазөлке комитетінің нұсқауы туралы хабарланады. Осы жұмыстарды ұйым­дастыру үшін округтік орталық­тар­да жедел «үштіктер» құрылды. 1930 жылғы 19-20 ақпанда осындай «үштік» Максим Горький ауданы бойынша 213 және Тереңкөл ауданы бо­йынша 202 бай-кулак шаруашылықтарын Павлодар округі мен аудандарынан тыс жерлерге көшіру туралы қаулы қа­был­дайды. Сөйтіп 1930 жылғы 16 наурыз жағдайында-ақ округте 117 шаруа қожалығы жойылады. ОГПУ Павлодар қалалық бөлімшесінің 1931 жылғы 2 сәуірдегі мәліметінен: «Кө­ші­рілгендердің, тәркіленгендердің жағ­да­йы аса сұмдық, азық-түлік мүлдем жоқ. Жергілікті жерлерде көшіру кезінде барлық мүлік тәркіленген. Көшіріл­ген­дер­ге бөлінген колонияға (№1 ауылға) балаларымен бірге, орыс және қазағы бар 200 адам әкелінді. Әрбір қыстауға 5 отбасынан орналастырылды, кейбір отбасында бір үзім нан жоқ, балалары аш. Көшірілгендердің көбі осындай жағдай жалғасатын болса, балаларымызды тағдырдың тәлкегіне тастаймыз да, өзіміз аштан өлмес үшін бас сауғалаймыз дейді», дегенді оқуға болады.

Ұжымдастыру шаралары мал шаруа­шы­лығының құлдырауына әкеліп соқты. Павлодар ауданы «Песчаное» ұжымшарында 1932 жылғы 15 сәуірдегі жағдай бойынша «бірде-бір ұжымшар мүшесінің жеке қожалығында мал мүлде қалмаған. Малдың көбі арам өліп, болмаса сатылып кеткен немесе етке өткізілген». Жалпы аудан бо­йынша 1931 жылғы 1 шілде мен 1932 жылғы 1 ақпан аралығында мал басы 40 мың 814 бастан 24 мың 820 басқа дейін қысқарған.

Ашаршылық туралы мәліметтер 1930 жылғы құжаттарда тіркеле бастаған. Ал 1931 жылдың соңы мен 1932 жылдың басында Ертіс өңірінде ашаршылықтан жаппай өлгендер алғашқыда бір-бірден, кейіннен оңдап, жүздеп тіркеле бастаған. Мұндай жағдай, әсіресе, қазақтардың арасында көптеп байқалған. 1932 жыл­ғы 31 қаңтарда БК (Б) П Павлодар аудан­­дық комитетінің бюросы мына жағ­­дай­ды жария етеді: «а) қазақтар ара­сында ашаршылықтан 498 адамның өлгендігі туралы факті бар; б) ұжымшар мүшелерінің аштықтан ит, мысық етін, қой терісін және тіпті адам етін де жегендігі туралы мәлімет бар; в) ұжым­шарлар ыдырап, аштықтың салда­рынан мал жаппай қырылуда, 1-ші, 2-ші ауылдарда 627 мал басынан бар-жоғы 36, ал №11 ауылда 2 мың 396 бас­тан 806 бас қана қалған». 1932 жылы жасалған БК(б)П аудандық комитеті комиссиясының материалдарын­да Павлодар ауданының ауылдарында ха­лықтың жаппай ашығуы туралы келесідей мәліметтер көрсетіледі: «№1 ауылда барлығы 39 шаруа қожалығы ғана қалған. 1931 жылғы қарашадан бастап ауылда әртүрлі сүзек, шешек т.б. аурулар кең етек жайған. Ауыл Сағынай және Көшен-Шүрек руларынан тұрады. Комиссия Сағынай руының орналасқан жерін зерттеп, жерленбеген 44 мәйітті анықтады. Көшен-Шүрек руынан қалғандар Сағынай руының орналасқан жеріне көшірілген, Көшен-Шүректерде 30-дан астам жерленбеген мәйіт қалған. Жерленбеген мәйіттерді қорымға жиі тастап отырған, ал бұған шамалары келмегенде мал қораға апарып тастай берген...». БК(б)П Павлодар аудандық комитетінің комиссиясы ауданда ашыққан 4 мың адамды анықтаған. 1932 жылғы 1 маусымдағы жағдай бо­­йынша 21941 кері қайтушы Павлодар қаласы арқылы өткен, оның көбі аштан және аурудан қайтыс болған, бір бөлігі аудандарға жіберілген.

 

Қаншайым МАҚАЖАНОВА,

Павлодар облыстық мемлекеттік

архив басшысының орынбасары