2020 жылы экологиялық әсер деңгейі 2019 жылдың көрсеткішімен салыстырғанда төмендеді. Ауаны ластаушы заттар шығарылымы 1 405 тоннаға төмендеп, 6 624 тоннаны құрады.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ энергия үнемдеу және энергия тиімділігі бағдарламаларын іске асыру шеңберінде теміржол көлігінің қоршаған ортаға теріс әсерін төмендетуге бағытталған іс-шараларды орындауда. Бұл ретте табиғат қорғау қызметіне жыл сайын шамамен 700-800 млн теңге сомасында қаражат бөлінеді және игеріледі. Мысалы, Evolution сериялы тепловоздарды енгізу ескі үлгідегі тепловоздармен салыстырғанда атмосфералық ауаға шығарындыларды 2,2 есе азайтуға мүмкіндік береді. Тұйық үлгідегі дәретханалармен жабдықталған жаңа жолаушылар вагондарын сатып алу темір жол төсемінің бактериялық ластануын болдырмайды. Қазандықтарды қатты отыннан газды отынға ауыстыру, өндірістік ғимараттарды қалалық жылумен жабдықтауға қосу, қазандық жабдықтарын жаңарту атмосфералық ауаның стационарлық көздерден ластануын төмендетуге ықпал етеді.
– 2020 жылы қоршаған ортаны қорғау саласындағы үздік әлемдік тәжірибелерге сай келетін «Стационарлық көздерден атмосфераға ластаушы заттар шығарындыларын басқарудың интеграцияланған ақпараттық жүйесін енгізу» жобасы іске асырылды. Ластауыш заттардың экологиялық шығарындыларын есептеу процесін автоматтандыру нақты есептеулер жүргізуге, айыппұл санкцияларын төлеу тәуекелдерін жоюға, адам факторын төмендетуге және т.б. мүмкіндік береді, – деді компанияның бас инженері Батыр Котырев.
Бұдан басқа, полигонға шығарылатын қалдықтарды және қоршаған ортаға әсерін азайту үшін компанияның құрылымдық бөлімшелері мен еншілес ұйымдары қалдықтарды бөлек жинау, одан әрі кәдеге жарату және мүдделі ұйымдарға тапсыру бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. 2020 жылы қайта өңдеу және пайдалану үшін 143 тонна қалдық сатылды.
– Табысты экологиялық менеджменттің қажетті шарты персоналдың экологиялық білімі мен мәдениетін үздіксіз арттыру процесі саналады. 2020 жылы компанияның ішкі тренерлері 3 700-ден астам жұмыскерді оқытып шығарды, – деп атап көрсетті Б.Котырев.
Статистика агенттігінің деректері бойынша, теміржол көлігі ең экологиялық таза көлік саналады.