• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 12 Наурыз, 2021

Әлиханның әз бейнесі

495 рет
көрсетілді

Сол замандағы солақай саясаттың иісі аңқып тұрған портрет. Полотноның ортасында ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның атылар алдындағы фотосына қарап жазылған бейнесі, жан-жағы баттастыра жапсырылған «Известия», «Омичъ» сынды газеттер мен ордер секілді іс қағаздардың көшірмелері. Тың идея, тың картина.

Бұл туындыны семейлік суретші Маржан Бақытбек бар-жоғы төрт-ақ сағаттың ішін­де бір деммен жазып шық­қан. Айтуынша, алашордашы­лар туралы деректі фильм кө­ріп, соның әсерімен қолына қыл­қалам алған.

– Әлихан бабамыздың соңғы фотосын көргенде кө­мейіме өксік тығылды. Ұлт азат­тығы үшін басын бәйгеге тіккен бабамызға қандай құр­мет көрсетсек те, лайық еді. Фотосына қараңызшы, қи­ын­­дықты көп көріп, уайымда болған адам екені көз­қа­расынан, самайына түскен ақ шашынан, терең әжімінен көрініп тұр. Ұлттық мүдде жо­лында тер төккен нағыз мем­лекетшіл адам екен, – дейді суретші қыз.

Әлиханның мұңды суреті әсер етсе еткендей, әйтпесе көп­шілігіміз жас кезіндегі келбетті, жанары өткір жігіт ағасын ға­на көріп жүрміз. 1937 жылы тү­сірілген фотода оның қазақ үшін қаншама қасіретті арқалап кетіп бара жатқанын оп-оңай аң­ғаруға болады. Ал соны бай­қап, ке­неп бетіне сонау сұрқай сая­сатпен жымдастыра отырып бейнелеген суретшінікі – ше­берлік, ұлт көсеміне деген құр­мет.

Аягөз ауданы, Баршатас ауылында дүниеге келген Мар­­жан Бақытбек Шәкә­рім атын­дағы Семей мем­ле­кеттік университетінің «Бейнелеу өне­рі және дизайн» факультетін үз­дік аяқтағаннан кейін шығар­ма­шылықтан бір сәтке де қол үзген жоқ. Үнемі ізденіс үстінде. Осы уақытқа дейін 50-60 картина жазған. Ол мән-мағынасыз суреттерден гөрі қазақтың тарихын бейнелегенді құп көреді.

– Салмақты ой айтатын кар­тиналар жазуға тырысамын. Ұлтты жігерлендіретін, ой салатын тақырыпты көтергім келеді. Аңыз-әңгімелердің желісімен иллюстрация жасауды ойластырып жүрмін. Әкем марқұм жүйрік баптап, тазы жүгірткенін көріп өс­кендіктен шығар, ұлттың жан-дүниесіне терең үңілемін, – дейді арман-жоспарымен бөліскен Маржан Бақытбек.

Қазақы отбасында өскен суретшінің туған апасы да шебер, ісмер кісі болған екен. Сырмақ сырудың, алаша басудың, құрақ көрпе құ­раудың қыр-сырын кішкен­тайынан көріп өскен. Бірақ ісмерлікті емес, қыл­қаламды таңдаған Маржанның мақсаты – ұлт үшін еңбек қылу.

 

СЕМЕЙ