Маңғыстау облысында мұнай қалдықтарымен ластанған 10 полигон толықтай тазартылды. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Twitter парақшасында жазды.
«Экологиялық маңызы зор жұмысты Министрлік мен «ҚазМұнайГаз «ҰК» АҚ арасындағы Қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясындағы жүзеге асырдық. Кеңес кезеңінен бері мұнда мұнай қалдықтарымен ластанған жерлер 47 гектарға жеткенін атап өтуіміз керек. Компания соның әзірге 6 гектарын, яғни 350 мың тонна топырақты тазартты», деп хабарлады министр.Оның сөзінше, енді топырағы қайта өңделген аумақ мемлекеттік бақылау органдарының қарауында болмақ. «Қазмұнайгаз» 2024 жылға дейін мұнаймен бүлінген жерлерді толық қалпына келтіруге беруге уәде етіп отыр. Маңғыстау облысы еліміздегі экология мен қоршаған ортаны қорғау мәселелері өткір тұрған өңірлердің бірі. Сондықтан министрлік табиғат пайдаланушылардың жауапкершілігін арттырып, жергілікті халықпен тығыз байланыстағы жұмысты жалғастыра береді», деп жазды М. Мырзағалиев.