• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 12 Наурыз, 2021

Халықты толық вакциналау арқылы «ұжымдық иммунитет» қалыптасады

731 рет
көрсетілді

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты мекеме өкілдерінің қатысуымен брифинг өтті. Онда дәрігерлер коронавирус инфекциясына қарсы вакцинация және онкологиялық науқастарды вакциналаудың ерекшеліктері туралы айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы директорының орынбасары Айнагүл Қуатбаева айтуынша, әлемде адамға қауіпті жұқпалы аурулардың барлығына қарсы вакцина жоқ. Вакцинаның тиімділігі 50 пайыз ғана болған күнде де адам өз өмірін сақтап қалудан  бас тартпауы керек. Екпенің көмегімен ауыр асқынулардың, мүгедектік, тіпті өлімнің алдын алуға болады. Халықты толық вакциналау арқылы «ұжымдық иммунитет» қалыптасады, ауруды тасымалдау деңгейі төмендейді. 

«Бүгінде планетаның 99,9% полиомиелиттен, ал Қазақстан безгектен арылды. Қызылша мен қызамық, паротит вирустарынан да түбегейлі құтылатын күн жақын. Егер ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін жаппай вакцина салдырсақ, әрқайсымыздың Covid-19 пандемиясын тоқтатуға үлкен үлес қосқанымыз болар еді», деді Айнагүл Қуатбаева.

Қазақстанда қазір науқас саны азайғанымен, алайда ауруханалардағы жағдайы ауыр пациенттер қатары өсуде. Өйткені коронавирус инфекциясы созылмалы ауруларды асқындыруда. Ал оның ағзаға салдары ауыр екені белгілі. 

«SARS-CoV-2 коронавирусы тұмау вирусы сияқты мутацияға ұшырайды. Егер біз тұмауға қарсы вакцинаны мысалға алсақ, онда өндірушілер әр 6 ай сайын вакциналардың құрамын  уақытқа  және аймаққа қарай тұмау штаммына байланысты өзгертеді. Егер SARS-CoV-2 вирусы маусымдық вирустар санатына ауысса, онда өндірушілер эпидемиялық белсенді штаммға байланысты Оңтүстік жарты шарда немесе Солтүстік жарты шарда вакцина құрамын өзгертеді», деді Фтизиопульмонология ұлттық ғылыми орталығы директорының клиникалық және ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Ләззат Ералиева.