Сенатта өткен кезекті «Үкімет сағатының» тақырыбы «Полицияның сервистік моделін заңнамалық қамтамасыз ету және Ішкі істер министрлігін бейінді емес функциялардан босату» тақырыбына арналды.
Кездесуді ашқан Палата Төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдіров ел Президентінің Қазақстан халқына Жолдауында полицейлердің жұмыс қағидаларын өзгерту міндетін алға қойғанын атап өтті.
«Құқық қорғау жүйесін дамыту әрқашан мемлекетіміздің құқықтық саясатының күн тәртібіндегі маңызды тақырып болғанын атап өткен жөн. Тәуелсіздік алған кезден бастап, Конституциямызда адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары басты құндылық болып белгіленгеннен кейін барлық заңнамалық қайта құру азаматтардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз етуге және қорғауға, сот төрелігіне тең қол жеткізуге, қылмыстық саясатты ізгілендіруге, құқық қорғау органдарының қызметін жетілдіруге баса назар аудара отырып жүргізіле бастады», деді Н.Әбдіров.
Отырыс барысында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев министрлікте жүргізіліп жатқан реформа барысы туралы баяндады. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының Жолдауында полиция қызметкерлерінің алдына қойылған міндеттер жүйелі түрде шешімін табуда. Осыған орай, арнайы Жол картасы әзірленген. Ең алдымен, Ішкі істер органдарының штаты 11 пайызға қысқарған. Нәтижесінде, 1 483 басқарушы лауазым жойылған. Баяндамадан белгілі болғандай, Global Peace Index халықаралық ұйымының рейтингі бойынша Қазақстан қауіпсіздік жағынан 163 мемлекет арасында 70-орында. Ал ТМД елдері ішінде 1-орынға ие.
«2020 жылы еліміздің Ұлттық статистика бюросы жүргізген сауалнама бойынша, азаматтардың 37%-ы полицияға толық, 38%-ы жартылай сенеді», деді министр.
Отырыста Ішкі істер құрылымдарына кадр даярлау мәселесі де басты назарда екені мәлім болды. Ведомство басшысы бұған дейін кадр даярлаған 12 оқу орнының 6-уы қалғанын хабарлады. Бүгінде Алматы, Қарағанды, Қостанай академиялары мен Ақтөбе қаласындағы заң институты, Шымкент пен Павлодар шаһарларындағы оқу орталықтары маман даярлайды.
Президенттің қызметкерлер жалақысын кезең-кезеңмен көтеру жөніндегі тапсырмасы да назардан тыс қалмаған. Е.Тұрғымбаевтың айтуынша, 2021-2023 жылдар аралығында полиция мен Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің жалақысы өседі.
«Бірінші кезекте аз қамтылған сержанттар, кинологтар, учаскелік полиция көмекшілері, күзет және басқа қызметкерлердің жалақысы 15%-дан 58%-ға дейін көтеріледі. Себебі олардың жалақысы өте төмен. Қалған қызметкерлердің жалақысы осы кезеңде 30%-ға өседі.
Тұрғын үй үшін өтемақы алатын бөліністер саны 27%-дан 78%-ға дейін өсті, енді 23 мың қызметкер өтемақы алады», деді министр.
«Біздің алдымызда халық сеніміне ие әрі технологиялық түрдегі заманауи ішкі істер органдары жүйесін құру маңызды міндеті тұр. Оның ішінде полицияның «қадамдық қолжетімділігі» қамтамасыз етілетін және учаскелік инспекторларға басты рөл берілетін жергілікті полиция қызметін сервистік жұмыс моделіне ауыстыру да бар», деп атап өтті Ерлан Тұрғымбаев.
«Мемлекет басшысы ішкі істер органдарын қажет емес функциялардан босатуды тапсырды. Бірқатар объектіні күзету функциясы бәсекелес ортаға берілді. Өткен жылы 72 нысан берілді. Олардың қатарында қалалық әкімдіктер, медициналық және басқа да нысандар бар. Осы жылы тағы 581 нысанды беру жоспарланды. Нәтижесінде, 3 мың полицияның штаттық бірлігі босатылады», деді министр.
Одан кейін көші-қон қызметінің кейбір функциялары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне берілетіні мәлім болды. «Бүгінде көші-қон полициясы 60 қызметті жүзеге асырады. Оның көбі полициямен байланысты емес. Мысалы, босқындармен жұмыс, оларға әлеуметтік көмек көрсету, еңбек иммигранттарына жеке тұлғаларға жалданып жұмыс істеуге рұқсат беру. Көп жағдайда рұқсат беру функциясы жергілікті әкімдік құзырында. Ал заңсыз көші-қонмен күрес, құжаттандыру, визалық жұмыс, реадмиссия және азаматтық беру функциялары ішкі істер органдарында қалады», деді Е.Тұрғымбаев.
Сотталғандарды медициналық қамтамасыз ету функцияларын Денсаулық сақтау министрлігіне беру де сөз болды. Министр бұл мәселе бойынша ұсыныс дайын екенін, осы жылы тиісті заңнама әзірленетінін жеткізді.
«Полиция қызметінің құқық бұзушылықтардың алдын алуды, қоғамдық тәртіпті сақтауды, халыққа уақтылы көмек көрсетуді көздейтін функцияларын заңнамалық деңгейде нақты анықтау аса маңызды», деп атап өтті сенатор Нұрлан Бекназаров өз сөзінде.
Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Владимир Волков осы «Үкімет сағатының» алдында Сенатта бірқатар іс-шара атқарылғанын атап өтті: ішкі істер органдарының қызметін жаңғырту, оның ішінде учаскелік полиция инспекторлары жұмысының сервистік моделін енгізу, қылмыстық-атқару жүйесінің қызметі, есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл, елдің шекара маңындағы өңірлерінде мал ұрлығының алдын алу мәселелері талқыланған.
Сенаторлар жүргізіліп жатқан реформа барысында қолданыстағы құқықтық нормаларды уақтылы әрі мұқият талдау қажет екенін және заңнамалық түзетулерді қабылдаудың орынды екенін атап өтті. Талқылау нәтижелері бойынша сенаторлар Үкіметке жіберілетін ұсынымдарды қабылдады.
Нұрлан Әбдіров іс-шара соңында кез келген өзгеріс пен реформа жағдайды мұқият талдауды және жергілікті ерекшеліктерді ескере отырып, басқа елдердегі оң тәжірибені енгізуді талап ететінін атап өтті. Ішкі істер органдары жеке құрамының жаңа сипатта – сервистік модельде жұмыс істеу үшін олардың кәсіби даярлығына, қайта даярлықтан өтуіне ерекше назар аудару қажет.
Іс-шараға Бас прокуратураның, Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің өкілдері, сондай-ақ өңірлік полиция департаменттерінің басшылары бейнеконференция байланысы арқылы қатысты.