Елордада карантиндік шектеулердің бұзылғанын анықтау және оларға жол бермеу жөніндегі мониторингтік топтар күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Осыған қарамастан қаланың кейбір мекемелері бас санитарлық дәрігердің қаулысын елемей, жұмыс тәртібін бұзып, санитарлық талаптарды сақтамай отыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Мәселен, 14 наурызда Есіл ауданында «Millionaire» караоке-мейрамханасы жұмыс режимін бұза отырып жұмыс істеді. Заң бұзу туралы материал ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабына сәйкес әкімшілік шаралар қабылдау үшін «Есіл ауданының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы» РММ-ге жіберілді.
Карантин режимін бұзу Алматы ауданында орналасқан «STORM» ойын клубында, сондай-ақ Сарыарқа ауданындағы «Көктал парк» кафесінде де анықталды.
Айта кету керек, демалыс күндері елордада 10-ға жуық мекеме карантиндік шектеулерді бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Естеріңізге сала кетейік, 10 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан эпидемиологиялық жағдай бойынша «қызыл аймаққа» енді. Карантиндік шектеулердің бұзылғанын анықтау және оларға жол бермеу жөніндегі мониторингтік топтардың жұмысы күшейтілген режимге ауыстырылды.