• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қаржы 16 Наурыз, 2021

Реттеуден реніш тумауы керек

326 рет
көрсетілді

Бизнесті жүргізу жеңілдігі индексі (2020 жыл) бойынша Қазақстан 190 мемлекеттің ішінде 25-орында тұр. Көп-көрім көрсеткіш, әрине. Бұл соңғы бірнеше жылдағы жүйелі жұмыстың жемісі екені анық. Алайда біздің елде бизнес жүргізу кей жандарға әлі де болса қиындық тудырып отырғаны белгілі.

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жү­р­сіновтің мәліметінше, бұрын рес­пуб­­ликада бизнеске қойылатын талап­тар­дың ұзын саны 30 мыңнан көп болған. Бертін құзырлы мекемелердің, мүдделі тараптардың тікелей араласуымен әлгі цифр 13 мыңға дейін қысқарды. Бұл да аз емес, әрине.

– Соңғы бес жылда прокуратура ор­ган­дарымен бірлесіп, біршама шаруа тындырылды. Бизнеске қойылатын та­лаптар мен тексерулер санын қыс­қарт­тық. Кәсіпкерлердің шығынын азай­туға елеулі үлес қостық. Десе де, бұл сала­дағы шағым мен мәселе азайған жоқ. Мемлекет тарапынан жыл сайын биз­неске қатысты жаңа талаптар енгі­зіледі. Бүгінде оның нақты саны қан­ша екенін ешкім білмейді. 2019 жылы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палата­сы Үкіметпен бірге талаптардың нақ­ты санын есептеп, қысқартуға тырыс­ты. Сөйтсек Қазақстанда бизнеске қатыс­ты 30 500 талап бар екен. Біз соны 13 мың­ға дейін азайттық, – дейді Р.Жүрсінов.

Бизнес-омбудсменнің пікірінше, бизнесті тексеру үдерісін автоматтандыру қадамы жыл сайын сәтсіздікке ұшырауда. Өйткені қызметтердің дені мемлекеттік органдардың талаптарын дұрыс ескермей цифрландырылған. Салдарынан цифрлық бей-берекетсіздік қалыптасып отыр. Бір кәсіпкерді жыл сайын тексереді. Ал құзық бұзушыларға назар аударылмайды. Есеп беру және тексеру жүйелері біріктірілмеген.

– Осыдан екі жыл бұрын Бас прокуратурамен бірге зерттеу жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша еңбек инспекциялары жүргізетін тексеріс­тің 63 пайызы өндірісте жазатайым оқиға орын алғаннан кейін ғана қолға алынады екен. Ал экологиялық инс­пекциялар тарапынан қолға алынатын тексерулердің 81 пайызы тиісті есепті тапсырмағаннан кейін ғана жүргізілетіні анықталды. Иә, бұл зерттеу осыдан екі жыл бұрын жасалды. Бірақ жағдай сол күйі өзгерген жоқ, – дейді бизнес-омбудсмен.

Р.Жүрсіновтің пікірінше, мемлекет­тің реттеу саясаты бизнестің сенім дәрежесіне негізделмеген. Мемлекеттік органдар көбінесе мәселелерді реттеуге тырысады. Ал бұл жағдай бизнестің мемлекетке деген сенімсіздігін тудырады. Мемлекет басшысының бұған ерекше назар аударып отырғаны да сондықтан. Президент 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында реттеу саясатының базалық қағидаттарын өзгерте отырып, бәрін жаңадан бастау керектігін тапсырды.

– Реттеу проблемаларын жүйелі түрде шешу үшін мемлекеттік реттеудің шегі мен шекарасын айқындап алуымыз керек. Мемлекеттік реттеуді енгізу үшін адамдардың өмірі мен денсаулығы­на, экологияға, құқық пен иманды­лық­қа қатысты тәуекелдер негіз болуы тиіс. Яғни тәуекел болмаса, реттеудің де қажеті жоқ. Тәуекел бар екен, мемлекет реттеуді енгізуге міндетті. Мемлекеттік реттеу бизнес үшін де, мемлекет үшін де аса бір жоғары талаптардан тұр­мауы керек. Ол технологияның даму деңгейіне сәйкес келуі шарт және ақылға қонымды, жүйелі және дәйекті болуы қажет. Бизнес үшін негізсіз кедергілер туғызбауы тиіс, – дейді Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл.

Шынында да, бизнеске қойылатын талаптар негізді, ашық, болжамды, тұрақты, орындалатын болуы керек. Сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілерінің теңдігін қамтамасыз етуі тиіс. Осы шарт­тар орындалған жағдайда ғана жаңа талап енгізілуі мүмкін.

– Тиісті құралдар болмаса заңның да жұмыс істемейтінін түсіну маңыз­ды. Сондықтан біз Міндетті талаптар тізілімін енгізуді ұсынамыз. Бұл бизнеске қойылатын барлық талаптың толық тізбесін қамтитын бірыңғай база болады. Реттеудің барлық түрін қайта қарауға үш жыл берілді. 2024 жылғы 1 қаңтардан талаптар жұмыс істей бастайды. Ал мемлекеттік реттеудің жаңа қағидаттарына сәйкес келмейтін талаптар заңсыз деп танылады, – деді Р.Жүрсінов.

Әрине, барлық саланы бірден қамту мүмкін емес. Сондықтан әуелгі жұмыс­ты кәсіпкерлер көп шоғырланған 4 саладан бастау ұсынылып отыр. Яғни алдымен сауда, ауыл шаруашылығы, қоғамдық тамақтану, көлік салалары қамтылады. Елдегі кәсіпкерлердің 60 пайызы дәл осы төрт салаға тиесілі.

– Бұл күш-жігерімізді белсенді іс-қимылдарға, бизнесті реттеудің тиімді жүйесін құруға бағыттаудың бірегей мүмкіндігі, – дейді бизнес-омбудсмен.