Жаңа Экологиялық кодекс Қазақстандағы, оның ішінде Павлодар облысындағы экологиялық ахуалды жақсарту үшін тиімді құралға айналады. Бұл туралы жаңа Экокодекстің нормаларын түсіндіру жөніндегі жиын барысында өңір тұрғындары, экоұйымдары мен өнеркәсіптік кәсіпорындары өкілдеріне айтылды.
Павлодар облысына жұмыс сапарымен келген ҚР экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов жаңа Экологиялық кодекстің нормалары жергілікті экологиялық мәселелерді шешуге қалай ықпал ететінін түсіндірді.
«Павлодар облысы қоршаған ортаға айтарлықтай әсер ететін ірі өнеркәсіптік өңір болып табылады. Ауаның ластануына энергетика мен металлургияның ірі кәсіпорындары зиянын тигізеді. Жаңа Экокодекстің негізгі бағыттары ең озық қолжетімді технологияларды енгізу, экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату, «ластаушы төлейді және түзетеді» қағидатын енгізу, экологиялық шешімдерді қабылдау кезінде халықтың рөлін күшейту болып табылады. Бұл мүлдем жаңа реформаторлық тәсілдер», деп атап өтті вице-министр.
Ахметжан Пірімқұлов жаңа Экокодекс жағымсыз салдарды болдырмауға бағытталғанын атап өтті. Оның айтуынша, ластаушы заттар үшін айыппұл төлеу тым қымбат болады және олар жаңа экологиялық технологияларды енгізуге мәжбүр болады.
«Ең озық қолжетімді технологиялар ірі кәсіпорындарды экологияландыру үшін енгізілетін болады, олардың көпшілігі өткен ғасырдың 50-60 – шы жылдарынан бастап жұмыс істейді. Бұл маңызды шара. Сондай - ақ, біз Қазақстанда да, бүкіл әлемде де қоғам экологиялық проблемаларға ерекше назар аудара бастағанын байқаймыз, ал жаңа Экологиялық кодекс тұрғындар пікірін толық ескеруге және іске асыруға мүмкіндік береді», деп толықтырды вице-министр.
Экология министрлігі басшысының орынбасары жаңа Экологиялық кодексті іске асырудың жалпы республика үшін және жеке-жеке әрбір өңір үшін маңызы зор екенін ерекше атап өтті. Экокодекс аясында Кәсіпкерлік, Қылмыстық, Су кодекстерінің бірқатар нормалары қайта қаралады және 140-қа жуық НҚА қабылдау жоспарлануда.
«Жауапкершіліктің күшеюімен және қоғамның рөлінің артуымен бірге кәсіпорындарда экологиялық технологияларға көшу мен эмиссиялар көлемінің төмендеуінен басқа таңдау қалмайды, бұл экологиялық жағдайдың жақсаруына әкеледі», деп түйіндеді Ахметжан Пірімқұлов.