• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әдебиет 16 Наурыз, 2021

Ақ бұлттар арасындағы арман

527 рет
көрсетілді

Іркес-тіркес жөңкіген ақша бұлттар арасында ұшып бара жатыр екен дейді. Қайда барады? Жерге қашан түседі? Пән­дәуи тірлікпен күнде аралас-құ­ралас жүрген ауылдастарына қашан қайтады? Бұл арасын ажыратып алуға ынтасы да, ықыласы да жоқ, өн бойын белгісіз бір көгілдір әлемге еніп кетсем-ау деген құштарлық билеген Ақтоты ақ торғындай осы жұмбақ әлемнен кері қайтқысы келмеді. Жанының сыңсыған күйі жүрегін беу-беулеткен бей­нетті күндерінің барлығы осы­мен бітсе екен деп тілейді. Жеңілдеп қалыпты, тұла бойында өкініштің табы да, сызы да білінбейді. Тек бір ғана уайымы бар сияқты. Ол ненің уайымы?

Ақтоты ұйқысынан сергек оянды. Қара қасы керіліп, сүмбіл шашы төгіліп, жұмыртқадай аппақ көрпесінде ұзақ жатты. Әншейінде қалай оянды, солай көрпесін серпіп тастап орнынан жылдам тұрып кетуші еді. Бұл жолы таңалакеуімде көрген түсінің тәтті елесі талмауратып, тұсап тастағандай.

Осындайда абысыны Гүл­дариға түсін жорып бере қоюшы еді. Бүгінгі түсін ол ешкімге жорт­қысы жоқ. Аппақ әлем. Аппақ бұлттар. Қауырсындай қалықтап бара жатқан ол өз денесінің сал­мағын сезінбеген. Қандай ғажап әлем еді десеңші. Ақтоты енді таңның тез атып, түсінің лезде аяқталып қалғанына өкінді. Ол орнынан жеңіл көтеріліп, айна алдына барып өзіне-өзі қарағанда жүзінен уайымның көлеңкесін көрді. Иә, осы бір көлеңке қыр соңынан қалмай-ақ қойды.

Қалай болып еді өзі? Иә, сол күні олар бір топ жора-жолдас­тарымен көл жағасына барып, демалып қайтып келе жатты. Бәрі де көңілді болатын. «ГАЗ-2» жүк автокөлігінің қорабына мінген ауыл жастары даланы жаңғыртып ән салған. Әсіресе, Керімбала тым көңілді еді-ау. «Балқадишаны» шырқады. «Қор­ланды» сорғалатты. Ән әуе­ніне елітіп, қиялменен қиыр-қиыр қыр асты. Көл жағасында көсіліп іш­кен шарап буы қосылып, сезім моншақтарын селдетті. Көңіл күй тасқыны тау қопарды.

Осындай шаттықтың ке­ме­рінен асып-тасыған бір мезе­тінде жүк машинасы оқыс бұлтың етті. Осы сәл ғана секірістің өзі бүкіл тағдырды тәлтек етуге жетіп жат­­ты. Естерін жиғанда машина төң­керіліп, адамдар әр-әр жерде тарыдай шашылып қалған екен. Үркек көңіл әлдеқандай зілзаланы сезіпті-ау. Керімбала жесір қалған. Ал Ақтоты екі аяғы тізесінен кесілген Мырзаханды құшақтап аңырап қалды. Содан бері бұл шаңырақтың бар ауыртпалығы Ақтотының мойынына артылған. Шиеттей балалары бар, ата-ене­сінің, қала берді Мырзаханның күтімі бір өзіне артылған соң да Ақтоты шидей болып жүдеп кетті. Таңертеңнен қара кешке дейін бір тынбайды. Сиыр сауады, нан жабады, тамақ пісіреді. Жұмысына барады. Одан қала берді қи илеп, тезек дайындайды.

Па, шіркін, Ақтоты қандай ке­ліншек еді?! Тал шыбықтай бұралған, қаз омырау, бота көз, шие ерінді, аққу мойын, құлын мүсінді, ерке болмысты оған та­­ңырқайтындар көп-ті. Сол сым­бат-сұлулығынан аз күнде тоналып, шөміштей шөмиіп шыға келді. Баяғы сыңғырлаған наз­ды күлкі моншақтай шашылып түсті. Осының барлығы да Мырзаханның жүрегінен өтіп, алаңжарлы көңілін астан-кестен етті.

Бір күні үй жинап жатқанда Мырзахан оның білегінен шап беріп ұстай алды. Бұл күйеуіне шошына қараған.

– Ақтоты, тоқташы! – деді Мырзахан даусы дірілдеп.

– Иә, не айтпақсың?

– Отыршы, қасыма.

– Мырзахан, қасыңа отыра беретіндей уақытым жоқ қой.

Міне, осы сөз Мырзаханды үрейлендірген еді. Ол айтарын айта алмай, түйіліп қалды. «Біліп едім-ау, біліп едім».

– Бір ауыз ғана сөз айтамын. Тыңда мені, – деді Мырзахан дау­сын қатайтып.

Ақтоты амалсыз тізе бүкті. Мырзахан қипақтап біраз отырды. Әлден соң бойын жиып алды.

– Тоты, білемін, саған қиын болып жүр. Ойлап-ойлап, бағыңды байламайын дедім. Мендей кәріп жанды қайтесің? Теңіңді тап та бағыңды аш. Ризамын саған! Ешқандай өкпем де жоқ. Бақытың, көрер қызығың әлі алда. Маған байланып қалма. Ана екі бала мен қызды әке-шешем жетімсірете қоймас, – деп Мырзахан қобалжи тіл қатты да қол арбасын бұрып әкетті.

– Мырзахан! Сен не деп тұр­сың? – деп Ақтотының көзі шарасынан шығып кете жаздады.

Ақтоты жүгіріп келіп күйеуін құшақтай алды. Екеуі бір мүсінге айналып, ұзақ тұрды. Бірін-бірі жұбата алмады. Сүт пісірімдей уақыт өткенде Ақтоты есін жинап:

– Мырзаш, мұны қайдан шы­ғардың? – деп қыстыға жылап жіберді.

– Қабағың ашылмай жүр ғой, – деді Мырзахан өксіп отырып.

– Өзің білесің, жұмыс көп. Содан шығар. Балалар әлі қол­қанат бола алмай жатыр. Олар есейсе, жұмысым жеңілдейді ғой. Бұдан былай қабағымды ашып жүремін. Саған уәде беремін. Ал сен Мырзаш, мұныңды қой. Ата-енемді, сүйіп қосылған сені, ана балаларды тастап, мен қайда кетемін? – деп Ақтоты күйеуінің иығына басын сүйеді.

Оның ыстық алақанын сипап отырып, Мырзахан телегей теңіз ой кешті.

Сол бір ғана сәттік мұңдасу олар­дың өміріне сәуле шашты. Ақтоты қаншама шар­шап-шал­дығып жүрсе де үйге жайраңдап келуді әдетке айналдырды. Қояр да қоймай жүріп, Мырзаханды қалаға апарып, ая­ғына протез жасаттырып берді. Мырзахан енді ауыр жұмыс істей алмаса да төрт мүшесі түгел адамдай үйге өзі кіріп-шығатын болды. Үйдің ұсақ-түйек жұмысына араласқалы оның да шырайы кіріп қалды.

Сүйген жарына құшақ болып ашылып, шуақ болып шашылатын құпиясы қырық қатпарлы қазақтың қайсар қыздары-ай де­сеңші! Ыстық ықыласымен, адал жүрегімен, адал махаббатымен Мырзаханның алпыс екі тамырын иітіп, Ақтоты шекесі торсықтай тағы бір ұлды дүниеге әкелгенде бүкіл ауыл болып қуанды.

– Әй, Мырзаханның жүрегін қалай жібіттің? – деп еді-ау сонда Керімбала күрсініп отырса да әлденені меңзеп.

– Ер жігіттің жүрегі мұз емес қой, еріте білу керек, – деген сонда Ақтоты жайраң қағып.

Бақытын да, базарын да қайта тапқан Ақтотыға риясыз көңілмен алғыс айтқан қариялар көп-ті. Солардың баталары қабыл болды ма, Ақтоты қатал тағдырдың сынақтарын жеңе білді. Үш ұл жетілді. Жоғары білім алып, таң­­даған мамандықтары бойын­ша біреуден ілгері, біреуден кейін қызметтерін атқарып жүр. Олар үш отау болды. Қыз қия­­сына қонды. Ақтоты ата-ене­сін ақыреттік сапарға арулап жө­нелтті. Ризашылығын беріп кеткен ата-енелері де арттарына қа­райлаған жоқ.

Бүгінде Ақтотының өзі де келін жұмсап, немере сүйіп отырған ақ жаулықты әже. «Осы күнге же­темін деп кім ойлаған? Бұл мен үшін ақ бұлттар арасындағы алыс арман ғана еді. Құдайға шүкір, өміріме ризамын» дейді тағдыр салған қиындықтарды қайсарлығымен, өжеттігімен жеңе білген Ақтоты.

Аспанды ақ бұлттар торлаған сайын ауылдағы Ақтоты жеңешем еске түседі. «Қайран біздің аналар, арды ойлаған» деп Мұқағали  ақын бекер жырламаған-ау, сірә. Айт­пақшы, ауылға барып, сол ақ­жүрек жеңешемнің қолынан айран ішіп қайтуға кетіп барамын. Менімен бірге баруға қайсысың әзірсіңдер?

Асықсаңшы, ауылда жау­лықтарындай кіршіксіз ақ-адал жүректі Аналар күтіп отыр ғой...

 

Сабырбек ОЛЖАБАЙ

 

Түркістан облысы