Архив – адамзаттың ғасырлар бойы жинақталған тарихи жады, бүгін де, ертең де ұрпақтар мүддесіне қызмет ететін мәңгілік мұра. Кеңестік билік тұсында қазақ халқының өткен тарихының талай кезеңі, аумалы-төкпелі оқиғалары, олардың себеп-салдары, елі үшін, жері үшін жанпида тірлік кешкен даңғайыр тұлғалар, хандар мен билер, батырлар, ғұламалар, репрессия құрбандары және тағы да басқалар жайында көп нәрсе күңгірт, «жабулы қазан жабулы» күйінде келгені, тіпті оларды халық жадынан мүлде өшіру әрекеттері болғаны бәрімізге мәлім.
Еліміздің егемендікке қол жеткізуі өткеніңе үңіліп, ұмытылған тарихымызды екшеп-таразылауға, ақиқатын ашып, әділетті қалпына келтіруге серпіліс берді. Уақыт талабы архив қызметкерлеріне де үлкен міндеттер жүктеді. Бұрынғы орталықтың бұйрығын күтіп, бұйығы тіршілік кешудің заманы өтті.
Бүгінде тәуелсіз елдің архиві де – тәуелсіз.
Сол кезеңде Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті жанындағы Архивтер мен құжаттама Бас басқармасының басшысы С.Байжанов республикалық «Алаш-мирас» тарих-архив қоғамын құрып, еліміздің арғы-бергі тарихын, бастан кешкен шиыр-шырғалаңдары мен белестерін, ел-жұртымыздың даңқты ұл-қыздары мен тарихи тұлғалардың тағдыр-тәлейі жайлы архив құжаттарын жариялауға бастамашы болды. Ғылыми редакцияны Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, тарих ғылымының докторы, профессор Кеңес Нұрпейіс басқарды.
Орталық мемлекеттік архив директоры М.Ж.Хасанаев 90-жылдардың басында Қазақстан «Әділет» тарихи-ағарту қоғамын құруға атсалысып, сонымен қатар «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заңды іске асыру мақсатында құрамында М.Қозыбаев, О.Сүлейменов, Ш.Уәлиханов, С.Байжанов, С.Жандосов бар ведомстволық актілерді құпиясыздандыру жөніндегі ведомствоаралық комиссияның мүшесі ретінде талай игі істердің қозғаушысы, қолдаушысы болды.
Осы кезеңде архив ісі, оның мемлекеттік жүйеде алар орнын, атқарар міндеттері мен құқықтарын, қандай нысанамен қай бағытта жұмыс істеуі керек, кімдерге бағынады, қандай талаптар қойылады деген мәселелердің бәрін заң жүзінде дәйектеп, нақты құжаттардың қаз-қалпында сақталуына, ұрпақтарға тарихи мирас болуына жағдай жасау мақсатында Қазақстан Республикасының «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» заңы әзірленді. Заң жан-жақты талқыланып, енді қабылданады дегенде бірде Жоғарғы кеңес, бірде Бас басқарма таратылып, тек 1998 жылы 22 желтоқсанда ғана ресми құжатқа қол қойылды.
Архив ісін мемлекеттік басқарудың заңдастырылуы нәтижесінде 1999 жылы мамыр айында еліміздің архивтерін басқару органы – Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Мұрағаттар мен құжаттаманы басқару жөніндегі комитетінің құрылуы, облыстардағы, Нұр-Сұлтан (Астана), Алматы қалаларындағы архив басқармаларының (бөлімдері) қайта қалпына келтірілуі барысында архив жүйесін сақтауға, архив мамандарының, архив ісінің мәртебесін көтеруге қол жеткізілді.
Қазақстан аймағын төңкеріске дейінгі және кеңестік кезеңдерге тән басқаруды ұйымдастырудың өзіндік ерекшеліктеріне байланысты тарихи құжаттардың елеулі бөлігі шекаралас мемлекеттердің әртүрлі мұрағаттық мекемелерінде қалғандығын және Қазақстан тарихының жекелеген фрагменттері алыс шетелдердің (Қытай, Иран, Үндістан, Германия, Түркия, Франция, т.б.) архивтері мен ғылыми мекемелерінде сақталғандығын ескере отырып, Қазақстан тарихына қатысты Қазақстан Республикасы үшін тарихи және мәдени құндылығы бар құжаттарды шетел архивтері мен ғылыми мекемелерінен іздестіру және көшірмелерін алу жұмыстары алғаш рет жоспарлы түрде жүргізіле бастады. Кейін бұл жоба «Мәдени мұра», «Халық тарих толқынында» мемлекеттік бағдарламалары аясында жалғасты.
Тәуелсіз елдің тарихын төл перзенті ғана шындық тілімен жазатыны мәлім. Пірі – халқы, сүйенері – архив. Кеңестік дәуірде мемлекеттік мұрағаттарда Қазақстан тарихының көкейтесті мәселелеріне қатысты репрезентативтік дерек көзінің толық болмауы және қалыптасқан саясат әсері отандық тарих ғылымының мүмкіндігін шектеп, толыққанды ғылыми зерттеулерге бөгет болды. Ғылыми зерттеулер аясын кеңейту мақсатында Ұлттық архив қорын толықтыру мынадай бағыттарда жүргізілді: біріншіден, түрлі себептермен шетелдерде сақталған Қазақстан аумағындағы мемлекеттік құрылымдардың ресми құжаттары; екіншіден, түрлі уақытта Қазақстан аумағында жасалған, бірақ шетел азаматтарының қолындағы жеке тектік құжаттар; үшіншіден, Қазақстан тарихына қатысты шетел қоймаларындағы архив деректерінің жиынтығы; төртіншіден, отандастарымыздың (қазақ диаспорасы) шетелдердегі ұйымдарының қызметі нәтижесінде жинақталған деректер; бесіншіден, қандастарымыздың шетелдердегі өмірі мен қызметіне қатысты жинақталған архивтік жеке тектік құжаттары.
Қазақстанның тарих ғылымы тәуелсіздік жылдары түбегейлі өзгеріске ұшырады, кеңестік ресми билік тарапынан тыйым салынып келген тарихымыздың «ақтаңдақ беттері» қайта қаралды, зерттеушілер назарынан тыс қалған немесе айтуға болмайтын мәселелер көтерілді. Сондай мәселелердің бірі – большевиктердің отарлаушы саясатына қарсы ұлт-азаттық қозғалысында үлкен мәні бар түрікшілдік немесе тұтас Түркістан идеясы және ол үшін күрескен қайраткерлер туралы айтылып, жан-жақты зерттеле бастады. Кеңес үкіметінің таптық идеяларын қабылдаудан саналы түрде бас тартып, түрік халықтары бірлігі арманын пір тұтып шетелге кеткен түркістандық қайраткерлердің эмиграциядағы саяси қызметі жалпы кеңестік тарих ғылымында біржақты баяндалғаны белгілі.
ХХ ғ. 20-жылдарында шетелге эмиграцияға кеткен түрік зиялыларының өмірі мен қызметі туралы зерттеулер, түркі зиялыларының еңбектерінің жариялануы (К.Нұрпейісов, К.Л.Есмағамбетов, Х.Оралтай, Ә.Бәкір, М.Қойгелдиев, Г.К.Көкебаева, Д.Қыдырәлі, С.Қ.Шілдебай, Ә.Қара, Б.Садықова, А.Кәкен, Х.М.Тұрсын) ұлттың жадын жаңғыртуға мол мүмкіндік берді. Қазақстанда бұл тақырып саяси эмигранттардың ішіндегі ірі тұлға Мұстафа Шоқай есімімен тікелей байланысты.
2001 жылы тәуелсіздіктің 10 жылдық мерекесінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің қолдауымен М.Шоқай архивінің (Франция) микрофильмдері Ұлттық архив қорына қосылды. Бұл архивті М.Шоқайдың жары Мария Яковлевна 1953 жылы қазіргі «Жаңа Сорбонна – Париж ІІІ» университетінің Шығыс тілдері мен өркениеттері институтының университетаралық кітапханасына тапсырады.
М.Шоқайдың архивінде мақалалары, татар, әзербайжан, грузин, башқұрт, өзбек, армян, осетин, т.б. халықтардың эмиграциядағы өкілдерімен жазысқан хаттары, эмиграциядағы түрлі партиялар мен ұйымдар туралы, Украина, Кавказ, Түркістан және Еділ-Орал халықтарының ұлт-азаттық күресіне қатысты материалдар, неміс лагерьлеріндегі түркістандық әскери тұтқындар тізімі, олардың М.Шоқайға жазған тілхаттары жинақталған. Сорбоннадағы бұл архив шоқайтану бағытының деректемелік негізін қалайды.
Архивтер мен құжаттаманы басқару жөніндегі уәкілетті органның ұйымдастыруымен 2004-2005 жылдары демеушілер қаржысына ұлыбританиялық коллекционер М.Басхановтан «Яш Түркістан» журналының 1931-1936 жылдар аралығындағы 67 түпнұсқа нөмірі сатып алынды, сонымен қатар «Яш Түркістан» журналының толық көшірмесі (117 саны), Надир Даулеттің «Ресей түріктерінің ұлт-азаттық күрес тарихы: 1905-1917 жылдар» (түрік тілінде) кітабының көшірмесі, т.б. құнды кітаптар Түркияның ISAM кітапханасынан алынды. Ұлттық архив қорына түркиялық қазақ ғалымы Әбдіуақап Қара 1927-1931 жылдар аралығындағы «Иеңи Түркістан» журналының толық нұсқасының көшірмелерін сыйлады.
«Яш Түркістанның» бес жылдығына (1934 ж.) орай жазған мақаласында М.Шоқай: «Қазір «Яш Түркістанды» оқымайтын Түркістан эмиграциясының бірде-бір ошағы жоқ. Араб елдерінен, Түркиядан, Персиядан, Үндістаннан, Ауғанстаннан, Қытайдан, Қиыр Шығыстан және басқа да елдерден түсіп жатқан хаттар «Яш Түркістанның» таралым ауқымына, оған үлкен құрметпен қарайтынына толық дәлел бола алады», дейді.
Яғни М.Шоқайға қатысты деректер әлемнің түкпір-түкпірінен табылары сөзсіз. М.Шоқай – тек қазақ халқы емес, өзбек, қырғыз, тәжік, түркмен, әзербайжан, грузин және басқа да бодан халықтардың бостандығы үшін күрескен тұлға. Оның өмірі мен қызметіне, эмиграциядағы түркі зиялыларының өмірі мен қызметіне қатысты құжаттарды іздестіру жұмыстары Өзбекстан, Ресей Германия, Мажарстан, АҚШ, Польша, Түркия мемлекеттерінің архивтері мен ғылыми мекемелерінде жүргізілді.
Өзбекстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивінен (Ташкент) М.Шоқайдың Ташкент ерлер гимназиясында оқуы, Ақпан революциясынан кейін Ташкентке оралуы, түрлі саяси күштермен қарым-қатынасы туралы жекелеген құжаттардың көшірмесі Ұлттық архиві мен Жамбыл, Түркістан облыстарының мемлекеттік архивіне алынды.
Ресей мемлекеттік тарихи архивінде (РГИА, Санкт-Петербург), Ресей мемлекеттік әскери архивінде (РГВА, Мәскеу), Санкт-Петербург қаласының тарихи архивінде, РФ Мемлекеттік архивінде (ГАРФ, Мәскеу) М.Шоқайдың Санкт-Петербург университетінде оқуы, түрік жастарының шерулеріне қатысуы, Мемлекеттік Думаның Мұсылман фракциясы жанындағы бюро жұмысына араласуы, эмиграциядағы қызметі туралы құжаттар анықталды, тізімі жасалып, жекелеген құжаттардың көшірмелері алынды.
Германия Федеративтік Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Саяси архивінде, Федеральдық әскери архиві және Федеральдық архивінде Герман өкіметінің Түркістанның саяси және экономикалық жағдайы, Ресей империясындағы мұсылман халықтардың азаттық күресі, түркі-мұсылман эмигранттарының өкілдері: Эмин Расул-заде, Мұстафа Шоқай, Ғаяз Исқақи, Рашид Рахмати, Заки Валиди, Сеид Ахмад туралы мәліметтер анықталды.
Будапештегі Орталық еуропалық университеттің Ашық қоғам архивінен (Мажарстан) «Азат Еуропа», «Би-Би-Си» (BBC), «Америка дауысы» радиоларында кеңестік жүйе, ұлттар мәселесі, т.б. тақырыптар бойынша берілген хабарлар мәтіні, зерттеу бөлімінің ғылыми қызметкерлері жүргізген зерттеулері, шетел баспасөзіндегі мақалалар анықталып, көшірмелері алынды.
Іздестіру нәтижелері бойынша Түркия Республикасының Республика архивінен, Тарих құрылымы архивінен Түркияда жарық көрген Қазақстанға қатысты ғылыми мақалалар мен кітаптардың тізімі, түркістандық мұғажырлардың өмір тарихына қатысты деректер, қоныс аударған қазақтар, Түркістаннан келген қажылар, Түркістан, Каспий және Жетісу әскерлеріне қатысты және басқа 238 парақ құжат алынды.
«Түрік әлемі зерттеулері қорынан», «Аяз Тахир Түркістан Еділ Орал қорынан», Баймырза Хайт кітапханасынан Қазақстан тарапына 26 кітап, 28 журнал сыйға тартылды.
Түркияға келген алғашқы қазақтардың мекені болған Ниде облысының Ұлыкышла ауданындағы Алтай ауылынан қазақтар көшіне қатысты жалпы саны 2 қолжазба, 43 фотосурет, 3 бейнекөрініс алынды. Түркияда тұратын қазақтар қорын біраз жыл басқарған Сыдықхан Ұлычай 5 кітап, 6 журнал, 1 қолжазбаны сыйға тартты. Олардың арасында Мария Шоқай естеліктерінің түрік тіліндегі нұсқасы, «Иеңи Түркістан» журналының 6 саны (түпнұсқа даналары), Ахмед-Заки Валидидің «Түркістан жағрафия тарихы» дәрістер жиынтығының қолжазбасы бар. Түркия деректері Қазақстан Республикасының Ұлттық архивінде сақтаулы.
АҚШ-дағы Соғыс, революция және бейбітшілік жөніндегі Гувер институты архивінен (Стэнфорд қ. Колумбия штаты) 1917-1918 жылғы азамат соғысына, Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі әскери тұтқындарға қатысты құжаттардың 112 парақ көшірмесі Қазақстан Республикасының Ұлттық архивіне сақтауға берілді.
Польша Республикасы Қорғаныс министрлігіне қарайтын Болеслав Валигори атындағы Орталық Әскери архивінде, Жаңа актілер архивінде жүргізілген жұмыс нәтижесінде ХХ ғасырдың 20-30 жылдары қуғын-сүргінге ұшыраған халықтардың Еуропаны паналаған өкілдерінің саяси қызметін үйлестіріп отырған «Прометей» Лигасының құжаттары анықталды. Әскери архивтен эмиграциядағы Мұстафа Шоқайдың қызметі, «Түркістан Ұлттық бірлігі» ұйымына қатысты құнды құжаттардың көшірмесі (605 парақ) алынып, Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивіне берілді.
2010 жылы 8 шілдеде «ТҮРКСОЙ» Халықаралық түрік мәдениеті ұйымының Бас хатшысы Д.Қасейіновтің ұйымдастыруымен Түркия азаматы Мұзафар Ақшора Орталық мемлекеттік архивіне М.Шоқайдың 6 мақаласын, жеке басына, қызметіне қатысты 10 құжат пен Солтүстік Кавказ, Әзербайжан, Армения, Грузия Ұлттық бірлестіктері өкілдерімен жазысқан 93 хатын сыйға тартты.
Башқұртстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивінен Валидов Ахмед-Заки Ахмедшаховичтің (Заки Валиди) (1890-1970) жеке архив қоры анықталды, жекелеген хаттарының көшірмесі Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік архивінің қорында сақтаулы.
Мысыр сапарынан әлемдік деңгейде танымал болған тегі қазақ, атақты энциклопедист-ғалым, ориенталист, библиограф, Ататүрік академиясының құрметті мүшесі, қазақстандық Насролла ат-Таразидің жеке архиві әкелінді. Насролла ат-Тарази 1922 ж. Таразда туған. 1917-1930 жылдары Кеңес басқыншыларынан Түркістанды азат ету майданының басшысы, ислам дінін насихаттаушы ғалым Шейх Мубашшир ат-Тарази аль-Хусейнидің ұлы, 1920 жылдың қыркүйегінде Кеңес большевиктері тақтан тайдырған Бұхараның соңғы әмірі Саид Мұхаммед Әлімханның күйеу баласы. Түркістанды азат ету үшін жасаған әрекеттері үшін жазалаудан қашқан әкесі 1930 жылы Насролланы алып Ауғанстанға мұғажырлық жасауға мәжбүр болады. 1943 жылы Насролла әкесімен бірге түркістандық 52 адаммен қамауға алынып, 1948 жылы босатылады. 1950 жылы Насролла әкесі, отбасы және туыстарымен Пәкістан арқылы Мысыр жеріне тұрақты қоныс тебеді.
Жеті тілді меңгерген (пушту, француз, парсы, араб, түрік, қазақ, өзбек) Н.Ат-Тарази ислам тарихы, оның Орталық Азия мен Қазақстан жеріне тарауы, шығыс тілдері мен әдебиеті, ескі тарихи қолжазба құжаттарды оқудың қыр-сыры мен аударма өнері туралы еңбектердің авторы.
Насролла Ат-Таразидің жеке архив қорында оның жарық көрген кітаптары, жасаған баяндамаларымен қоса, өлеңдерінің, естеліктерінің қолжазбалары, Тұран елі, Түркістанның тарихы туралы, оның өткені мен бүгініне тоқталған ой-толғамдары бар.
Насролла Мубашшир ат-Таразидің архивінің бір бөлігі Ұлттық архивінде, енді бір бөлігі Орталық мемлекеттік архивінде сақтаулы.
Египет Араб Республикасының «Дарул-кутуб» кітапханасынан Абдул Азиз Шыңғысхан ат-Түркістанидің «Түркістан – Орталық Азияның жүрегі» кітабы, 1952-1953 жылдары Мубашширхан ат-Таразидің ұйымдастыруымен шығып тұрған «Түркістан дауысы» (Саут ат-Туркистан) журналының, т.б. Түркістан тарихына қатысты мемлекеттік мұрағат кітаптардың көшірмелері алынды. Бұл құжаттар Орталық мемлекеттік архив қорында сақтаулы.
Сонымен қатар еліміздің Президентінің Архивінде ХХ ғ. орта шенінде еркіндікке жетуді армандаған қазақтың үлкен тобын Шығыс Түркістаннан Батысқа бастап барған халық батыры Қалибек Хакімнің ұлы, ұлт-азаттық жолында күрескен Алаш азаматтарының тарихын, шетелдерге босып барған қазақтардың шежіресін жазған Хасан Оралтайдың архиві; Шығыс Түркістан Республикасын құру жолында жанын пида еткен, отаршыл-әкімшіл күштерге қарсы ұлт-азаттық күресін жүргізген қазақ қаһарманы Оспан батырмен тағдырлас Қажы Жанымхан Тілеубайұлының баласы, Түркиядағы қазақ диаспорасының белгілі өкілі Дәлелхан Жаналтайдың (1922-2012) жеке архиві сақтауға алынды.
Хасан Оралтайдың архивінің қомақты бір бөлігі Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапхана қорында сақтаулы екені белгілі. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында академик Рымғали Нұрғали әкелген Хасан Оралтайдың архив қорында барлығы 411 том, 6441 жеке құжаттар: кітаптар, энциклопедиялар, сөздіктер, қолжазбалар, фотоқұжаттар, аудиоқұжаттар, мерзімді басылымдар, қызметтік іс-қағаздар, хаттар, т.б. топтастырылған.
Шығыс Түркістан, Қазақстан, Үндістан, Түркия, Германия, т.б. елдердің тарихына қатысты қазақ, түрік, ағылшын, орыс, неміс, өзбек, ұйғыр, шағатай, қытай, т.б. тілдердегі құжаттарда осы елдердегі қазақтардың тарихы, тұрмысы, экономикасы, саяси жағдайы, діни сенімдері, т.б. мәселелер жайлы құнды деректер бар.
Алматы қаласындағы Орталық мемлекеттік архивте ХХ ғ. 30-40 жылдары Шығыс Түркістанда қуғынға ұшырап, одан Үндістан мен Пәкістанда тұрақтап, 1953-1954 жылдары Түркияға Пәкістандағы қазақтар көшін ұйымдастырушылардың бірі, 1991 жылы атажұртына оралған дін және қоғам қайраткері Халифа Алтай Ғақыпұлының (1917-2003) архиві сақтаулы.
Шығыстүркістандық, Қытайда қуғын-сүргінді бастан кешірген этнограф-ғалым Жағда Бабалықұлының (1917-2010), сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысы, Ақсуат ауылында дүниеге келген, Оспан батырдың кеңесшісі болған, Қытай өктемдігіне қарсы қазақтар арасында насихат жұмыстарын жүргізген, «ұлтшылдығы» үшін 1950- 1976 жж. саяси қуғын-сүргінге ұшырап, жазалау лагерінде отырып шыққан Шахкәрім Акрамидің (1921-2003) құжаттары бар. Ол Алтай, Тарбағатай партизандық қозғалыстары, Баркөл бүлігі, қазақ тарихы, Ислам тағылымдары туралы еңбектер жазған. Жағда Бабалықұлының архивінің қомақты бір бөлігі Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінде сақтаулы.
1941 жылы кеңес-герман соғысының басында Польшамен шекаралас Брест-Литовск маңында тұтқындалып, 1943 жылы Германияға оқуға кеткен, талай «өлімнен өнерімен тірі қалған», ал соғыстан кейінгі жылдары Мұстафа мен Мария Шоқайдың Ножан-сюр Марн қаласындағы үйінде тұрған, 1950 жылдан өмірінің ақырына дейін Ыстанбұлда тұрақтап, ширек ғасыр бойы Ыстанбұл симфониялық оркестрінің скрипкашысы болған Әлім Алматтың (Ғалымжан Әбсаламов) (1917-2018) өмір тарихын тарихшы К.Илясова біршама зерттеді, кітап шығарды. Отандасымыздың архивін жинақтап алу ісі әрі қарай да жалғасын табуы тиіс.
Өткен ғасырдың 20-40 жылдары эмиграциядағы түркістандықтардың рухани жетекшісі болған М.Шоқай архиві арқылы оның қоршаған ортасын, түркі зиялыларының есімдерін нақтылап, архивтерін жинақтау жұмысы – алдағы уақытта жалғаса беретін ауқымды іс-шара.
Шетелде сүйегі қалған асылдардың қатарында аты көпшілікке мәлім де беймәлім мынадай тұлғалар бар (Амантай Кәкен ағамыздың архив деректері бойынша беріліп отыр):
Хакім Тыныбеков 1914 жылы Ақмола облысының Қорғалжын ауданында туған. Соғысқа дейін КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалының ғылыми қызметкері болып қызмет атқарған. Түркістан ұлттық комитетінде (ТҰК) «Милли Түркістан» журналының редакторы, кейін барлық мұсылман комитеттерінің орталық органы – «Түрік бірлігі» газетін ұйымдастырушылардың бірі болған.
Қорғалжын өңірінде туып-өскен, елін, жерін қорғаймын деп соғысқа аттанып, тұтқынға түскен, еліне келгенде «халық жауы» атанып, әуелі ату жазасына, сосын 25 жылға сотталған. Венада өзінің ана тілін қорғап, баяндама жасаған, Қазақ елінің, жалпы түрік жұртының жарқын болашағын аңсаған. Сол Хакімге өз елінде сенімсіздік көрсетілді, айдауға жіберілді, сонда жүріп дүниеден өтті.
Қарыс Қанатбаев 1911 жылы Батыс Қазақстан облысында туған. Тау-кен инженері. ТҰК-нің бас хатшысы. Вали Каюмнен бөлініп шыққан соң Түркістан ұлттық кеңесінің президенті болған.
«Қобызшы Қорқыт» – ақын Мәжит Айтбаев, 1913 жылы Қызылорда облысында туған, «Милли әдебиет» журналының редакторы. «Абылай» поэмасының авторы, бірнеше кітабы жарық көрген.
Мәулікеш Қайболдин («Асан қайғы») Ленинград университетінің философия факультетін бітірген. Өлеңдері мен әңгімелері Қазақстан мен Мәскеудегі газет-журналдарда, немісше жазған өлеңдері Берлиндегі неміс тіліндегі журналдарда жарық көрген. Оның «Жұмақтан келген жәрдем» деген романы бар.
Осы және есімдері әлі де ауызға алына қоймаған тұлғалар өміріне қатысты деректерді жинақтау, ғылыми-зерттеулер аясын кеңейту, зерттеп-зерделеу архив ісі саласы қызметкерлерінің қасиетті борышы.
Ғазиза ИСАХАН,
Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік архивінің ғылыми-зерттеу бөлімінің жетекшісі