Қазақ халқы Кеңес өкіметінің тұсында бірнеше алапат аштықты бастан кешірді. Соның бірі – 1921-1922 жылдардағы аштық еді. Бұл аштық – тек Қазақстанның 5 губерниясын ғана емес, Ресейдің 30-дан астам губерниясын қамтыды. Әсіресе, Ресейдің Самара, Саратов, Поволжье, Оңтүстік Украина, Қырым, Башқұртстан, Приуралье және Батыс Сібір аймақтары аштықтан қатты зардап шекті. Аштық жайлаған осы 35 губернияны мекендеген 90 миллион халықтың 40 миллионы (ресми мәліметтерде 28 млн) аштықтың ауыр зардабын тартса, оның 5 миллионнан астамы алапат аштықтың құрбаны болды.
1920 жылғы 28 тамызға дейін жүргізілген демографиялық санақ пен осы жылдың күз айларында аяқталған ҚАКСР ауыл шаруашылығы санағының нәтижелеріне сәйкес жасалған ҚАКСР Статистика басқармасының қорытындысы бойынша 1920 жылы ҚАКСР-де барлығы 4.938.383 адам тіркеуге алынса (сол кездегі Түркістан АКСР-іне қарасты Сырдария және Жетісу облыстарының халқын қоспағанда), 1923 жылы ҚАКСР-дегі халық саны – 3.786.910 адам болған. Бұдан 1920-1923 жылдар аралығында ҚАКСР-де халық санының 1.151.473 адамға кемігенін байқаймыз (Осы мәліметке қарай отырып, шамамен алғанда азайған 1,151 мың халықтың қаншасының аштықтан, қаншасының жұқпалы аурулар мен індеттерден қайтыс болғанын және қаншасының көршілес республикаларға босып кеткенін терең зерттеп, нақтылау қажет деген қорытынды жасаймыз).
Аштық басталған соң-ақ, В.И.Ленин бастаған большевиктер партиясы шұғыл дабыл қағып, аштыққа қарсы күрес жұмыстарын бастады. Осы жұмыс аясында, 1921 жылы 18 маусымда Бүкілресейлік ОАК декреті бойынша Ашыққандарға көмектесетін Орталық комиссия (ЦК Помгол) құрылып, оны БОАК төрағасы М.И.Калинин басқарды. Мұндай комиссиялар РКФСР-ға қарасты барлық автономиялы ұлттық республикалар мен облыстарда, губерниялар мен уездерде түгел құрылды. Соның бірі – 1921 жылы 8 шілдеде құрылған ҚАКСР ОАК жанындағы Ашыққандарға көмектесетін төтенше комиссия (АКТК) еді.
Комиссияны Қазатком төрағасы С.Меңдешев басқарса, оның алғашқы құрамына мүше болып Азық-түлік (И.О.Шлейфер), Жер-су (В.Н.Харлов), Әлеуметтік қамсыздандыру (Ә.Т.Жангелдин) халық комиссарлары және ЖШИ халкоматының өкілі кірді. Барлық губаткомдар мен уаткомдардың және ауаткомдардың жанынан ашыққандарға көмектесетін жергілікті комиссиялар құрылды. Болаткомдардың, ауылдық және селолық кеңестердің жанынан ашыққандарға көмектесетін өзара көмек комитеттері мен ұяшықтар ұйымдастырылды.
1921 жылы 6 қазанда өткен ҚАКСР Кеңестері ІІ съезінің 4-ші мәжілісінде Азық-түлік халкомының міндетін атқарушы И.О.Шлейфер «Аштықпен күрес туралы» баяндама жасады. Съезд Шлейфердің баяндамасын талқылап, «Аштықпен күрес туралы мәселе жөніндегі қарар» қабылдады.
1921 жылы 25 қазанда ҚАКСР ОАК Президиумы АКТК құрамын кеңейтіп, оны Ашыққандарға көмектесетін орталық комиссияға (АКОК) айналдырды (Комиссия 1922 жылдың 26 қыркүйегінде таратылып, оның орнына Аштық салдарымен күресетін орталық комиссия құрылды). АКОК құрамына ашыққандарға көмектесуге ықпал жасай алатын барлық мемлекеттік билік органдарының өкілдері енгізілді.
1922 жылы 12-17 ақпан аралығында аштыққа ұшыраған губерниялар өкілдерінің қатысуымен Орынборда өткен Ашыққандарға көмектесетін комиссиялардың І бүкілқырғыздық (бүкілқазақтық) съезінде АКОК төрағасының орынбасары С.Д.Сергеев аштықпен күрес туралы баяндама жасады. Ал арада 2 күн өткен соң Орынборда басталып 27 ақпанға дейін созылған Екінші облыстық партконференция делегаттарының алдында С.Меңдешев «ҚКСР-дегі аштық және онымен күрес туралы» баяндама жасады. Біз бүгін Қазаткомның тұңғыш төрағасы болған С.Меңдешевтің стенографиялық есепке түскен осы баяндамасын (ҚРПА, 139-қор) орыс тілінен аударып, редакцияға ұсынған Сәбит Шілдебайдың материалын жариялап отырмыз.
Баяндамаға кіріспес бұрын, мен өз баяндамамда Қырреспубликадағы аштықтың жалпы мәліметтері мен себептеріне және мөлшеріне, осы апатқа қарсы күрес жөніндегі жұмысымыз және алдымызда тұрған кезекті міндеттеріміз туралы жалпы жағдайларға қатысты тоқталатынымды ескертуім керек. Біз конференция біте салысымен өтетін алдағы ҚазОАК сессиясына (2022 жылы 28 ақпан – 4 наурыз аралығында 2-сайлаған Қазаткомның 2-сессиясы өтті. Бұл сессия құжаттары «1 сессия» деп жарияланды. Бірақ кейіннен, бұл сессияны «2-сайланған Қазаткомның 2-сессиясы» деп тану туралы шешім қабылданған болатын. Себебі, 2021 жылы 10 қазанда өткен 2-сайланған құрамның алғашқы мәжілісі 1-сессия деп танылды. Бұл сессияда Ашыққандарға көмектесетін Орталық Комиссия төрағасының орынбасары С.Д.Сергеев «Аштықпен күрес туралы» баяндама жасады) қойылатын практикалық іс- шараларды әзірлеудеміз. Қырреспубликадағы аштықтың орын алуына ұзаққа созылған құрғақшылықтың салдарынан астық пен шөптің күйіп кетуі себеп болды. Аштық Орынбор, Ақтөбе, Қостанай, Орал, Бөкей губерниялары мен Адай уезін қамтыды. Күйіп кеткен жердің жалпы ауданы 1.048.100 шаршы верст, ашыққан халықтың саны 2.653.300 адам болды. Аштық Қырғыз Республикасы толықтай экономикалық сарқылу жағдайында болған кезде пайда болды. 18-20 жылдары Қырреспублика аумағын қамтыған Азамат соғысы, 20 жылы астық пен шөптің шықпай қалуы, 20 және 21 жылдары малдың жұтқа ұшырауы республиканың ауыл шаруашылығын толық құлдырауға алып келді. Орталық статистикалық басқарма бізге Қырғыз Республикасының ауыр жағдайына қатысты төмендегідей көрсеткіштерді береді:
1917 жылы егістік – 5.840.000 десятина;
1920 жылы – 3.075.000 десятина;
1921 жылы – 2.098.000 десятина болды.
Демек, 17 жылдан 20 жылға дейін егіс алқабы 20%-ға, 17 жылдан 21 жылға дейін 47%-ға қысқарған.
17 жылы – 29.700.000 бас мал;
20 жылы – 9.700.000 бас мал;
21 жылы – 6.200.000 бас мал болған.
17-20 жылдар аралығында малдың азаюы 67%, 17-21 жылдары – 83% құрайды. Егер аштыққа ұшыраған 5 губернияны алып қарасаңыз, төмендегідей картинаны көресіз:
1917 жылы егістік – 2.307.000 десятина;
1920 жылы – 1.701.000 десятина;
1921 жылы – 1.130.000 десятина.
Егіс алқабы 17-20 жылдары 24%-ға, 20-21 жылдары 33%-ға және 17-21 жылдары 55%-ға қысқарған.
17 жылы – 12.044.000 бас мал;
20 жылы – 4.657.000 бас мал;
21 жылы – 2.506.000 бас мал.
Мал басының азаюы 17 жылдан 20 жылға дейін 60%-ға, 20-дан 21-ге дейін 46%-ға және 17-ден 21-ге дейін 78%-ға орын алған.
Егістік көлемі мен мал басының азаюын орта есеппен бір қожалыққа шаққанда төмендегідей көрсеткіштер пайда болды:
17 жылы бір қожалық егістігі – 5,5 десятина;
20 жылы бір қожалық егістігі – 4,2 десятина;
21 жылы бір қожалық егістігі – 2,8 десятина.
17 жылы бір қожалықта – 28,7 бас мал;
20 жылы бір қожалықта – 11,5 бас мал;
21 жылы бір қожалықта – 6,2 бас мал.
Бұл сандар ауыл шаруашылығындағы апатты жағдайды айқын көрсетеді. 1921 жылы ҚАКСР-дегі 2.098.000 десятина егіс алқабынан, тіпті орташа есеппен алғанда әрбір десятинасынан 32 пұт алғанның өзінде астық көлемі 70 миллион пұттан аспайтын еді, ал азық-түлік пен тұқым қажеттілігі 100 миллион пұтты құрайды.
Мен енді ашыққан губерниялардағы жоқшылық көлеміне көшейін.
1921 жылы 1.130.000 десятина егістіктің әрбір десятинасынан орта есеппен 2,5 пұт астық алғанда, барлығы 2.809.200 пұт астық жиналды.
Халық үшін есептелген азық-түлік қажеттілігі 13.475.700 пұтты құрайды. Осыдан 10.660.500 пұт астықтың жетіспейтінін көруге болады.
1.365.430 десятина жерге себетін тұқым қажеттілігі 7.003.196 пұт деп есептелді. Жалпы жетіспеушілік 17.669.696 пұтты құрап отыр. Мемлекеттік тамақтандыруға қосылатын ашыққандардың санын анықтау туралы мәселе анағұрлым күрделі болып тұр. Жалпы алғанда халықтың үш түрі – отырықшы, көшпелі және жартылай көшпелі бола отырып, олар шаруашылық жағдайларына байланысты экономикалық топтарға бөлінеді. Орталық статистикалық басқарма АКОК ұсынысы бойынша әрбір жеке қожалықтың (1920 жылғы ауыл шаруашылығы санағының деректері және осы деректерге 1921 жылы енгізілген түзетулер бойынша) отырықшы аудандарда бір қожалыққа тиісті егіс көлеміне қарай және көшпелі аудандарда мал санына қарай қайсы экономикалық топқа жататынын анықтап шықты. Сонымен, барлық осы мәліметтерді жергілікті жерлерден алынған мәліметтермен үйлестіре отырып, біз ашыққан 1.400.000 адамға барлығы 9 миллион пұт нан қажет екендігін анықтадық. Бірақ қазіргідей саяси-экономикалық жағдайда осыншама нан аламыз деп айту қиын. Өйткені Кеңес Республикасының өзі өте қиын жағдайда, себебі қалыпты уақытта бүкілресейлік астықтың 30%-ына дейін беретін және 1920 жыл мен 1921 жылғы жиын-терім кезінде 87 миллион пұт берген Поволжье, Прикамье сияқты және т.б. ең жақсы губерниялардың өзі аштықтың табиғи апатын бастан кешуде. Енді олардың өздеріне нан жетіспей отыр.
Империалистік соғыс пен азамат соғысы қиратқан шаруашылықпен бірге Кеңестік федерацияның индустрия және темір жол сияқты халық шаруашылығы да толық бұзылды. Шет елдерден астық пен басқа да қажетті заттарды алуға да сенудің қажеті жоқ.
Капиталистік мемлекеттер және буржуазия кеңестік Ресейдің аштыққа ұшыраған шаруалары мен жұмысшылары үшін өте сараң. Олар Ресейді күйретіп, шаруашылықты қиратқан Колчак, Деникин, Врангельдің түрлі ақгвардияшыл әскерлерін қолдауға миллиондаған қаражат жұмсады. Ал аштарға көмектесу ісінде бұл капиталистік үкіметтер мен буржуазия жекелеген адамдардың өркөкірек мәлімдемелері мен қарарларынан әрі аспай отыр. Мұндай қатынас тіпті артық астықты не істерін білмей, оны отын ретінде жағатын елдерде де болды. Нуланс (Жозеф Нуланс (29.03.1864-9.09.1944) – француз саясаткері, қоғам және мемлекет қайраткері. 1920-1924 жылдары Депутаттар палатасында сенатор) төрағалық ететін Ашыққандарға көмектесетін халықаралық комиссия деп аталған комиссияның қаулысы ерекше менмендікпен ерекшеленді. Бұл қаулы Ресейдің ашыққан шаруалары мен жұмысшылары шын мәнінде көмекке мұқтаж ба дегенді тексеру туралы болды. 1921 жылдың желтоқсанына дейін Кеңестік Ресей үшін шетелден келген барлық көмек бір жарым миллион пұт нан өнімдері мен 4 миллион рубль алтынды құрады.
Аштық қашан басталды?
1921 жылы мамырда егіcтік түрі қолайлы болды және астық түсімі орташа немесе орташа деңгейден төмен болмайды деп күтілді, бірақ шілдеде басталып ұзаққа созылған құрғақшылық, содан кейін көптеген жерлерде қара бұлттай қаптаған шегірткелер толқыны егінді толығымен жойды. Қырреспубликадағы аштықтың алғашқы сәті шаруаларды жаппай қоныс аударумен, мұқтаждыққа ұрынған аш босқындардың қалаларда шоғырлануымен қатар жүрді, олардың арасында ауру мен өлім етек алды. Көшеде қараусыз қалған көптеген киімсіз балалар пайда болды. Аштыққа байланысты, 1921 жылы 15 шілдеде қызметіне кіріскен ҚазОАК жанындағы АКОК құрылды. Орталық комиссия аштыққа қарсы күрес жөніндегі жоспарды дайындауды және халкоматтардың аппараттарын пайдалана отырып, оларға тапсырмалар беру басшылығын ұйымдастыруды өз мойнына алды. Комиссариаттар ішіндегі жұмысты біріктіру және жұмысты күшейту үшін осы комиссариаттардың жанынан аштарға көмек комиссиялары құрылды.
Жергілікті жерлерде жұмысты орындау үшін атқару комитеттерінің жанынан ашыққандарға көмектесетін губерниялық және аудандық комиссиялар ұйымдастырылды. Балаларды орналастыру ашыққан балаларға қызмет көрсету саласындағы жұмыс бойынша Орталық Комиссияға бағындырылған, ашыққан балаларға көмек көрсету жөніндегі осы комиссияның секциясы ретінде болған ҚазОАК жанындағы Балалардың өмірін жақсарту жөніндегі орталық комиссияға тапсырылды.
Апат мөлшерін анықтау үшін Жер-су халкоматына, Азық-түлік халкоматына және Орталық статистикалық басқармаға күйіп кеткен және жиналған астықтың мөлшері туралы, сондай-ақ тұқымдық және азық-түлік астығына қажеттілік туралы статистикалық мәліметтерді әзірлеу тапсырылды. Орталық Комиссияның тапсырмасы бойынша губернияларда азық-түлік дайындауды ұйымдастыру және үйлестіру Азық-түлік халкоматы мен Қырғыз Орталық одағымен (Қырғыз Орталық одағы – ҚАКСР Тұтынушылар қоғамының орталық одағы) бірге және олардың жергілікті органдарына жүктелді. Сонымен қатар кооперация органдарына сатып алу және тауар алмасу арқылы өз бетінше дайындау ісіндегі халықтың ынтасын біріктіру тапсырылды. Мұндай тапсырма кооперация ісі еді. Партиялық және кәсіподақ ұйымдары мен Қырглавполитпросвет (Қырглавполитпросвет – ҚАКСР Ағарту халкоматының Бас саяси-ағарту комитеті) үлес пен табыстың пайыздық аударымдары арқылы [халықты] қайырымдылық жасауға шақыру жолымен азық-түлік қорын арттыруға ықпал жасау үшін жұмылдырылды. АКОК тапсырмасы бойынша Азық-түлік халкоматы мен Орталық Одаққа азық-түлікті тіркеу мен сақтау, аткомдар мен Орталық одақтың жергілікті жерлердегі органдарына олардың қатысуымен бөлу жүктелді. АКОК тапсырмасы бойынша тамақтандыру пункттерін, асханаларды ұйымдастыру Азық-түлік халкоматына, Әлеуметтік қамсыздандыру халкоматына, Қырғыз Орталық одағына және олардың жергілікті жерлердегі органдарына тапсырылды. АКОК тапсырмасы бойынша ашыққан мұқтаж адамдар үшін үйлер мен түнеу орындарын ашу, сондай-ақ материалдық қорларды қабылдау, сақтау және бөлу әлеуметтік қамсыздандыру органдарына жүктелді. Ашыққандардың табыс табуы үшін кең ауқымды қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру және жүргізу Еңбек халкоматының қатысуымен Қырөндірісбюросына, Жер-су халкоматына, коммуналдық бөлімге жүктелген, сондай-ақ Кирглавкустпромға (Кирглавкустпром – ҚАКСР Қолөнер мен ұсақ өндіріс ісі жөніндегі бас басқармасы) және кооперативтік ұйымдарға ашыққан білікті жұмыссыздарды шикізатпен, құрал-жабдықтармен, тапсырыспен қамтамасыз ете отырып, оларды ұсақ қолөнер мен өндіріс артельдеріне біріктіру жүктелді.
Алқаптарға егін себу және мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы құрал-саймандарын сақтау жөніндегі іс-шаралар, сондай-ақ апаттардың алдын алу үшін материалдық жұмыстарды ұйымдастыру жүргізілуде.
Ашыққандарды эвакуациялау Қырэвакқа тапсырылды. Аштыққа ұшыраған халыққа медициналық көмек көрсету, сондай-ақ мәйіттерді жинауды ұйымдастыру Қырғыз Денсаулық сақтау халкоматына жүктелген. Сонымен қатар АКОК Қырреспубликадағы барлық медициналық-санитарлық мекемелердің жұмысын біріктіруді осы комиссариатқа тапсырды. Салық жинауды үйлестіру және даярлау Қырқаржы халкоматына жүктелді.
(Жалғасы бар)