• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 17 Наурыз, 2021

Мерғалым қажы

645 рет
көрсетілді

Павлодар облысындағы Ақсу қаласына таяу №6 ауылда шағын мұсылман зираты бар. Оның аумағында құлпытастар орнатылған ескі молалар жатыр. Солардың ішінде ерекше маңызы бар бір қабір – Павлодар-Ертіс өңірінен шыққан алғашқы қажылардың бірі Мерғалымдікі.

Мерғалым және оның балалары

Басындағы құлпытасында: «Хижра 1332. 22 Ражаб (1914 жыл­­­дың 2 шілдесі – автор). Бәйім­­бет руынан, Құттымбайұлы (әлхажә­л­­харамйн) Мерғалым Жан­болат­­ұлы, 81-нде пәниден бақиға сапар шекті» – деп жазыл­ған.

Осыған қарап, Мерғалым қажы­ның 1833 ­жылы туып, 1914 жылы өмірден озға­нын білуге болады.

Қажының шөбересі Еркебұлан Ибраги­мов­тің жеке мұрағатында Мерғалым қажы­ның 1910 жылы белгісіз павлодарлық фото­граф түсірген суреті сақтаулы екен. Тө­менде соны ұсынып отырмыз.

1887 жылы Мерғалым Мекке мен Мәдинаға баруға рұхсат сұрап және Павлодар уезі, Алтыбай болы­сының №4 ауылының тұрғыны деген куәлік алуға өтініш береді.

Ол уақыттарда қажылық сапар­ға бару­дағы қиындықтың бірі – жолдың қымбат­шылығы болатын. Екін­ші қиындық – Ресей империя­сы әкімшілігінің шетелдік төл­құ­жат рәсімдеудегі бюрократиялық кедер­гісі еді.

Келесі жылы (1888) Павлодар уезі, Алтыбай болысының адам­дары Қатпа Қуандықов, Тасқым­бай Сейтенов, Батыр­бай Сейте­новтермен бірге Мерғалым қасиет­ті Меккеге аттанады.

Семей облысынан Мекке – Мә­ди­наға дейінгі бұл сапар жылдан аса уақытты алатынын байқаймыз. Мысалы, Кұрбанғали Халид Семей­ден 1897 жылдың 15-ші ақпа­нында шығып, Мәдинаға тек 1898 жылдың қаңтарында жетеді. Ол – Ресей, Польша, Аустрия, Венгрия, Болгария, Түркия, Пәкістан, Иеру­­салим, Египет арқылы Сауд Арабиясына жеткен.

Мерғалым қажының ұрпақ­та­ры­ның айтуынша, ол екі мәрте қажылық жасаған.

Мерғалым қажының жерленген жері тура­лы мына бір қызықты әңгі­мені маған №6 ауылдың тұрғыны Қаратай Әбенов деген кісі айтты:

Мерғалым қажы тірі кезінде өзін ауылынан 60 шақырым қашық­тықтағы Күрең бие деген жерге жер­леуді балаларына өсиет етіпті. Себебі ауылдың жанындағы жерлерді бір кездері «кәпірлер» келіп алады деген. Бірақ неге екені бел­гісіз, қажының өсиеті орындал­май, балалары оны 1914 жылы ауы­лының жанындағы қорымға жерлейді. Бір қызығы, осыдан 45 жыл өткен соң, құрылысшылар осы арамен сол кездегі үлкен құрылыс Ермак ГРЭС-іне жол сала бастайды. Жоба бойынша бұл жол қажы жатқан қорымның үстімен өтуі керек еді. Жергілікті тұрғындар бұл жөнінде құрылыс басшыларына қорымды айналып өтіңіздер деп өтініш жасаса да, жол құрылысы тоқтамай, зиратқа жақындап қа­лады. Бірақ бір күндері жер қазып жатқан экскаваторлардың әуелі біреуі, сосын екіншісі істен шығып қалады. Осылай бірнеше күн тұр­ған соң, құрылысшылар ақыры қо­рымды айналып кетеді.

Мерғалымның ер балалары: Аяпберген, Ысмағұл, Ысқақ, Жү­ніс, Ыбырайым (Ибрагим).

1928 жылғы байлардың мал-мүл­кін тәркілеу жөніндегі мәліметтерге сүйен­сек, (Мерғалымның балалары Ысқақ пен Ыбырайым (архивтік құжаттарда Ибрагим болып жазылады – автор) және бұлардың әкесі Мерғалым өте ауқатты адам болған: шаруашылығында 1000 бас мал ұстаған; уезда аймағында Ер­тіс бойында дүкендері болған; сондай-ақ, Қоянды жермеңкесінде өзінің сауда орны болыпты.

1893, 1895, 1901, 1904 жылдары Мер­­ға­лым­ның ұлы Ысқақты Пав­лодар уезі, Алтыбай болысы, №4 ауыл­дың биі етіп сайлайды. 1898 жылғы Щербина экспедициясының мәліметі бойынша, Мер­ғалым Жан­болатов пен оның балаларының шаруа­шылығында 471 жылқы, 32 түйе, 485 ірі қара және 410 қой бол­ған. 1908 жылғы сайлаудың нәти­жесі бойынша, Алтыбай болы­сының басқарушысы болып Ысқақ Мер­ғалымұлы Жанболатов сайланады. Ол осы қызметте кеңес билігі орнаған 1918 жылға дейін болған. Ыс­қақтың інісі Ыбырайым – 2,3-ші гильділі құрметті көпес болған.

 

Қуғын-сүргін және тәркілеу

1928 жылы тамызда Қазақ АССР-і Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлары Ке­ңесі «Ірі байлар мен жартылай феодалдардың мал-мүлкін тәр­кі­леп, жер аудару туралы» декрет қабылдайды. Павлодар уезі бойынша №1 осы тізімге Ыбырайым және Ысқақ Жанболатовтар кіреді.

ҚР Орталық мемлекеттік мұра­ға­тында Жанболатовтарды тәркі­леп, жер аудару туралы құжаттар сақ­талған.

Ыбырайым Жанболатовты тәркілеп, жер аудару туралы акті

Отбасы құрамы: Ыбырайым – 44 жас­та. Әйелі Нұрила – 43 жас­та. Екінші әйелі Биғаш – 28 жас­та. Қызы Хафиза – 13 жаста. Бауы­рына салып алған інісі Жүніс Жанболатовтың баласы Шәмші – 19 жаста. Шәм­шінің әжесі Бипа – 77 жаста. Барлығы алты жан. 200 бас ірі қарасы, 250 бас ұсақ малы, ағаш үйі, екі киіз үйі, 5 арбасы, 2 жайдақ арбасы бар. 6 адамды жұмысқа пайдаланады, тасымал мен саудадан 50 000 рубль алтын ақшамен кірісі бар. Алашорда қозғалысына қолдау білдірген.Толықтай тәркіленіп, Ақтөбе уезіне жер аударылуға жатады.1928 жыл, 2 қыркүйек.

Ысқақ Жанболатовты тәркі­леп жер аудару туралы акті

Отбасы құрамы: Ысқақ – 60 жас­та. Әйелі Жамал – 57 жаста. Екін­ші әйелі Қалима – 39 жаста. Ұлы Насыр (Насретдин) – 17 жас­та. Ұлы Зей­нолла – 14 жаста. Ұлы Шияз – 3 жаста. Қызы Шағбан (Шағабану) – 13 жаста. Қызы Күләш – 8 жаста. Қызы Күл­ғайша – 1 жаста.

Ұлы Қабыш (Ғабдулхамит) – 43 жаста. Әйелі Қалима – 31 жаста. Ұлы Қасаб – 4 жаста. Қызы Зейнеп – 16 жаста. Ұлы Інсәт – 1 жаста.

Ысқақ ұзақ уақыт болыс бас­қару­шысы болған.Тәркіленіп, Ақ­төбе уезіне жер аударылуға жатады.

Сапар үстінде бұл отбасы (Сі­бір өңіріндегі Славгород ауда­ны, Қарабұлақ ауылы – автор) ота­ға­сы Ысқақтың қайтыс болуына байланысты тоқтауға мәжбүр бо­лады. Осыдан соң Ысқақтың екін­ші әйелі Қалима отағасы Ыс­қақ­тың қайтыс болуына және күн­көрістің жоқтығына байланысты туған жерлеріне қайта оралуға рұх­сат сұрап өтініш жазыпты (1928.6.12.). Бірақ елге қайтуға рұқ­сат берілмейді.

Бұл әулеттің бұдан арғы тағ­ды­ры тек трагедияға толы. Кеңес билігінің жазалау­шы ұйым­да­рының шешімімен Ысқақ болыс­тың отбасы Сібірдің Туруханск айма­ғына жер аударылады. Тәр­кіленіп Украина жерінен келген бір топ отбасымен бірге Ысқақтың үй іші Енисей өзенімен жүзіп кете барады. Жолшыбай іш сүзегі ін­деті басталып, осы аурудан Ысқақ отбасындағы әйелдер мен кіш­кентай қыздар тегіс қаза болып, денелері суға тасталады. Осы ін­дет­тен аман қалған Зейнолланы үл­­кен аға­сымен екеуін Туруханск ай­­мағындағы елсіз жағалауға тас­тап кетеді. Осы жерде ағасы қайтыс болып, тек Зейнолла ғана аман қа­лады.

Бұл кезде Ыбырайымның отбасы Ақтө­беден Ресейдің Красноярск өлкесіне жер аударылады.

 Ыбырайымның немересі Ерке­бұлан Ыбырайымовтың әңгіме­сінен: Бұл кезде менің әкем Шәм­ші Ыбырайым атамызбен бір­ге Красноярск өлкесіндегі Клюквен­ная деген станцияда болған. Бұлар оты­зыншы жылдардың аяғында Красноярск қаласындағы зауытта бір қазақ жігіті комсорг болып жүр деген хабар естиді. Әкем осыдан соң, туыс-туғандарымыздың бірі болып қала ма деген оймен қалаға барады. Шынында да комсорг болып жүрген бұл жігіт Зей­нолла еді. Осылай табысқан туыс­тарды Ұлы Отан соғысы қайтадан айырады. Зейнолла соғысқа қатысып, одан соң Мәскеу қаласында тұрып, Татьяна ат­ты әйелге үйленеді. Біз ол кісіні Таня тәтей деп атаушы едік, қазір ол кісінің бар-жоғын біл­меймін. Адресін жоғалтып алдым. Зейнолла 60-шы жыл­дардың басын­да жү­рек ауруынан қайтыс болды. Ол кісі­ден екі қыз бар: Ғалия – 1946 жылы туған, Халима – 1951 жылғы.

Әкем Шәмші соғыстан соң­ Фрунзе (қазіргі Бішкек) қала­сындағы немере туысы Қапарға (Смағұл Мерғалымұлы Жан­бола­товтың баласы) барады. Қапар со­ғысқа дейін Қыр­ғыз­станның Ден­саулық сақтау халкомында кадр­лар бөлімін басқарып жүріп, жала бо­йынша ОГПУ-ға ұсталып, 4 ай түр­меде отырып шығады. Соғыстан соң Қапар тағы да Фрунзеге келіп, менің әкемді ержетіп қалған және туберкулезбен ауыратын баласы Арыстанбекпен сол жаққа, ауа райы жылы жерге шақырады. Арыс­танбектің туған шешесі бұған дейін аурудан қайтыс болып кеткен. Соғыстан кейінгі жылдары әкем менің шешеме, Үйсін руы­ның қызы Инсарға үйленеді. Ал Арыс­танбек сол сырқатынан айыға алмай, өзін сонша жақсы көретін менің анамның қолында қайтады. Менің анам да (Инсар) 1971 жылы 54 жасында ерте қайтыс болды.

Біз, Ыбырайымның Шәмшіден та­раған ұрпақтары Қырғыз жерінде тұрып жатырмыз. Қарындасым Күлсім және менің қыздарым көп жылдардан бері Аустрияда тұрады. Сержан атты ұлымның отбасы менімен бірге. Бір туысқанымыз Алматыда. Бізге 80-ші жылда­ры Мерғалымның үлкен ұлы Аяп­бергеннің баласы Баукен жиі келіп жүретін. Оның ұрпақтары қазір Павлодар облысында тұруы керек, бірақ ешқандай хабарымыз жоқ.

 

Сөз соңы

Кейінгі кезде тарихтың ең бір аласапыранды кезеңін суреттейтін, жаныңды тебірентіп, сол бір қасі­ретті жылдарды бастан кешкен кейік­перімен бірге күй кешіп, кө­зіңе жас келтіретін фильмдер есім­де жоқ. Дегенмен «Анаға апа­рар жол» фильмін осындай дү­ние дер едім. Қазір біздің ұлан-бай­тақ Отанымыздың кез келген ауы­лында сол замандардың барлық сұм­­дығын – кеңестік төңкерістің, қуғын-сүргіннің, ашаршылықтың қасіретін, соғыстың зардабын бас­тан кешкен адамдар, отбасылар молынан табылады. Жоғарыдағы Мерғалым қажының әулеті бас­тан кешкен трагедия осының бір дәлелі. Бір қуанарлығы, Пав­лодар облысының Ақсу ауданы аумағындағы Мерғалым қажы зираты сакралды орындар тізіміне кіріп­ті. Бұл әрине, жақсы жаңалық.

 

Дәурен АЯШИНОВ,

тарихшы-өлкетанушы

 

Павлодар облысы