• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 17 Наурыз, 2021

Індет жұқтырған адамды емдеуге қанша қаражат кетеді?

502 рет
көрсетілді

Алматы коронавирус індетінен құтылған жоқ. Бұл кесел мегаполисте қайта өрши бастағандықтан, шаһар 10 наурызда қайтадан «қызыл аймаққа» өткен болатын. Алайда қала билігі өз өлшемі бойынша Алматыны «қызылсары» аймақта тұр деп есептейді.

Сонымен дүйсенбіде қалада 342 адамның індет жұқтырғаны анықталса, сейсенбі күнгі эпидемиялық ахуалға сәйкес инфекция тағы да 297 тұрғыннан табылып отыр.

Індеттің қайта бас көтеруіне байланысты қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Табынбаев журналистер сауалдарына жауап берді. БАҚ өкілдерін ауруханалар мен дәріханаларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуден бастап, ұшақтан аман қалғандардың денсаулығы, індет жұқтырғандарды емдеу, ауруханаға жатудан бас тартқан тұрғындар мәселесі толғандырады.

«Жаңа жылға дейін ковидті науқасты емдеу үшін күн сайын баға құбылып тұрды. Қазіргі уақытта Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы тарифтерді анықтады. Коронавирус инфекциясының ауыр түрімен ауыратын бір науқасты емдеуге 930 мың теңгеден астам қаражат бөлінеді. Халі орташа пациенттерді емдеуге шамамен 450 мың теңге жұмсалады. Әрбір науқастың жағдайы белгіленген тарифтік мөлшерлемемен қаралады. Бүгінгі таңда Денсаулық сақтау министрлігі бөлген қаражат коронавирус инфекциясымен ауыратын науқастарға толықтай жетеді. Оған дәрі-дәрмектер, дәрігерлердің, медбикелердің жалақысы және барлық құрылғылардың жабдықтары кіреді», деді Н.Табынбаев.

«Пандемия басталған кезде Алматыда 500 төсектік орын ғана бар еді. 2 инфекциялық стационар жұмыс істеді. Ал 2020 жылдың шілде айында Алматының 27 бірдей медициналық ұйымы КВИ-мен ауыратын науқастарға стационарлық көмек көрсетті. Сонымен қатар, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының шешімімен 280 төсектік орынға арналған И.Жекенов атындағы модульдік клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы, содан кейін 300 орынға арналған Балалар қалалық модульдік клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы және 500 орынды РВ-90 инфекциялық ауруханасының екінші филиалы пайдалануға берілді», дейді Алматының бас дәрігері.

 

13 науқастың халі өте нашар

Соңғы мәліметтерге сәйкес стационарларда 1 239 адам (оның ішінде 64 бала) емделіп жатыр. Ересек 13 науқастың жағдайы өте ауыр. Былтыр Алматыда коронавирус инфекциясымен күрес аясында КВИ және пневмониямен ауыратын науқастарды қабылдау үшін жеткілікті орын қоры жасақталған болатын. Бастапқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде 298 мобильді бригада құрылды, онда 948 қызметкер жұмыс істейді. Бүгінгі күні қала бойынша 7 011 инфекциялық орын, оның ішінде 250 реанимациялық орын бар.

– КВИ және пневмониямен ауырған пациенттерді емдейтін ұйымдар медициналық оттегімен 100% қамтамасыз етілген. 6 стационарда оттегі газдандыру стансалары салынды, біз тағы 12 стансаны пайдалануға беруге дайындап жатырмыз. Осылайша, 1 деңгейлі инфекциялық ауруханалардың жансақтау және реанимация бөлімшелерін оттегі жабдықтарымен толық қамтамасыз ету жүзеге асырылды. Консервацияда ауырлығы жеңіл дәрежедегі пациенттерді емдеу үшін сыйымдылығы 1000 пациентке дейін қайта жабдықталған «Халық Арена» спорт кешені орналасқан, – деді Н.Табынбаев.

 

Екпе бюджет есебінен салынады

Алматыда ақпан айында 10 мыңға жуық маман вакцина алған. Н.Табынбаев сәуірде коронавирусқа қарсы екпенің 30 мың дозасы қолжетімді болған кезде екпе алатындардың тізімі көбейетіндігін атап өтті. Алдымен созылмалы кеселдері бар – жүрек, қан тамырлары және бауыр ауруы бойынша диспансерлік есепте тұрғандарға вакцина салынады. Қала жеткілікті түрде екпемен қамтамасыз етілсе, тұрғындарды жаппай вакциналау қолға алынады.

«Таяу уақытта өзіміздің отандық вакцинаны да коронавирусқа қарсы қолданамыз. Сондай-ақ Үкімет тарапынан қытайлық және америкалық вакцинаны елге әкелу мәселесі талқыланып жатыр. Қазір келіссөздер жүргізілуде. Біз осы екпеге үлкен үміт артып отырмыз. Халықты барынша жаппай екпемен қамтамасыз етсек, індеттің таралуын барынша тежеуге мүмкіндігіміз бар. Сондықтан, жалпы халықты вакциналау мәселесі біз үшін өте өзекті», деді Н.Табынбаев.

Қаланың бас дәрігері Алматыда ақпанда 1 750 медицина қызметкері егіліп, барлығы да қайта вакциналаудан өткенін айтты. Ал екінші кезең 2021 жылдың 1 наурызында басталды. Бұл кезеңге Спутник V вакцинасының қосымша 10 800 дозасы алынды. Қазіргі таңда 6 550 адамға екпе салынса, олардың 60 пайызы – «қауіпті аймақта» жұмыс істейтін медицина қызметкерлері, 18 пайызы – ұстаздар, 12 пайызы – құқық қорғау органдарының қызметкерлері.

Айта кетелік, коронавирусқа қарсы екпе мемлекеттік бюджет есебінен жүргізіледі.

 

АЛМАТЫ