• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 19 Наурыз, 2021

Тарихи қадам

572 рет
көрсетілді

2019 жылдың 19 наурызы – тәуелсіз мемлекет тарихының жаңа тарауы, даму даңғылындағы тағы бір белесі ретінде тарихқа енді. Бұл – жас қазақ мемлекетінің іргесін қалап, оны жаңа заманға сай қуатты ел болып қалыптасуы жолына бар қажыр-қайраты мен өмірін арнаған Елбасының өз өкілеттігін саясаттағы сенімді серігі Қасым-Жомарт Тоқаевқа сеніп тапсырған, жұрттың жадында мәңгі сақталатын айрықша күн.

Елбасы осы қадамы арқылы да өзінің өзге жұрттарға өнеге көрсете алатын, ұлты үшін, елінің болашағы үшін тағдырлы қадамдарға бара алатын сұңғыла басшы, сарабдал саясаткер екенін тағы бір рет дәлелдеді. Көреген басшы өз таңдауын жасарда жаңылмапты. Оның көрегендігі де осында.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев саяси сабақтастықты сақтай отырып, Елбасы арқалап келген мемлекет басқару жүгін  әрі қарай нық сеніммен алып кетті. Бұған содан бергі екі жылдың бедеріндегі Прези­денттің қызметі куә.

Әлемдік тәжірибеге сүйеніп, саяси-экономикалық үдеріс­терге зер салсақ, мемлекетті кем дегенде төрт жыл басқар­ған адамның ғана еңбегін объективті бағалауға болады. Жаһандық статистикада қамтылған 204 мемлекеттің бас­қару моделіне жүргізілген талдау осыны көрсетіп отыр. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан Прези­денті ретінде қызметке кіріс­кеніне екі жыл ғана уақыт өтті. Жоғарыда айтып өткенімдей, бұл баға беруге жеткілікті кезең емес. Дегенмен осы елдің азаматы ретінде Президенттің ат­қарған жұмыстарын баға­лауға негіз бар. Осы екі жылда бұрын болмаған ішкі және сыртқы сынақтар мен тәуекелдер орын алды. Тіпті экономикалық және ұлттық қауіпсіздікке ықпал ететін түрлі ішкі және сыртқы факторлар пайда болды. Сондықтан екі­жылдық мерзім де оңай болған жоқ. Бірақ кедергілерге қарамастан, елімізді кездес­кен қиындықтардан аман-есен алып өтіп, алға жетелеп, кәсіби маман, білікті басшы екенін дәлелдеді.

Жалпы, Президенттің жұ­мы­­сын үш өлшем бойынша ба­ғалаған дұрыс. Біріншісі – сая­си еркіндік, екіншісі – эконо­микалық еркіндік, үшіншісі – азаматтық қоғам еркіндігі.

Саяси еркіндік туралы сөз қозғар болсақ, Мемлекет бас­­­шы­сының бастамасымен Ұлт­тық қоғамдық сенім ке­ңесі құрылды. Кеңес аясында елі­міздегі саяси еркіндікті ны­ғайтуға бағытталған жұмыс­тар атқарылды. Мәселен, саяси партияларды тіркеу кезін­дегі кедергілер азайды, Парла­мент Мәжілісінде әйелдер мен жас­­тарға 30 пайыздық квота берілді. Парламенттік оппозиция институтын енгізу және ауыл әкімдерін саялау туралы бастаманы да осы қатарға жатқызуға болады.

Экономикалық еркіндік бағы­тындағы іргелі жұмыстың бірі – Президент жанындағы Рефор­малар жөніндегі жоғары кеңес­тің құрылуы. Бұл бағытта да қы­руар шаруа тындырылуда. Пре­зид­енттің тікелей тапсырмасымен қолға алынған жерге, Са­лық кодексі­не қатысты енгізіл­ген өзгеріс­тер – осыған дәлел. Шет­елден жұмыс күшін тартуға бай­ла­нысты түбегейлі шешім қа­был­­данғанын да атап өту керек.

Азаматтық қоғам еркін­дігі тұрғысынан да біраз жұмыс ат­қарылды. Соның негіз­гі­лерінің бірі – митинг туралы заң­наманың жеңілдетілуі.

Екі жылда ұлттық қуат­ты ны­ғайтуға бағытталған іс-шара­­ларға да куә болдық. Оның үш өлшемі бар. Біріншісі – халықаралық қатынастарға үлес қосу қабілеті, екіншісі – дағдарысты ахуал немесе күрделі жағдай туғанда елдің өмір сүру қабілеті, үшіншісі – қолда бар күш-қуатын, ресурсын пайдалана отырып, бас­қа елдерге ықпал ету қабі­леті. Қазақстан Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен осы қабілеттің үшеуі де сыр берген жоқ. 

 

Қайырбек АРЫСТАНБЕКОВ,

Экономикалық саясат институтының директоры, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі