Осы жылдың ақпанында Қазақстанның 2025 жылға дейінгі дамуының Ұлттық жоспары бекітілді. Бұл – еліміздің ұзақ мерзімді даму стратегиясын және жалпыұлттық басымдықтарын іске асыру үшін әзірленген іргелі құжат. Ол коронадағдарыстың салдарын жоюға, жаңа жағдайға тұрақты және инклюзивті экономиканы дамытуға бағытталған.
Негізі елдің 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары 2018 жылы қабылданған болатын. Алайда пандемия жаһандық экономикаға кері әсер етіп, елдердің даму сценарийіне түбегейлі өзгеріс енгізді. Ұлттық жоспарды құру осындай қажеттіліктен туындады.
Стратегиялық жоспарлау және реформалау агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетовтің айтуынша, Ұлттық жоспар азаматтардың әл-ауқаты, институттардың сапасы және мықты экономика сынды үш бағыт бойынша 10 жалпыұлттық басымдықтан тұрады.
– «Әділ әлеуметтік саясат» жалпыұлттық басымдығы нәтижелі жұмыспен қамтуға және әлеуметтік саламаттылықты қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі шараларды қамтиды. Бұл ретте, еңбек нарығын қалпына келтіру, жұмыссыздық деңгейін төмендету үшін тиісті шаралар қабылданады. Әлеуметтік қамсыздандыру саласы жаңа Әлеуметтік кодексімен реттелмек. Нәтижесінде, жұмыссыздық деңгейі 2025 жылға қарай 4,7 пайыздан аспайтын болады. Мемлекеттің әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар бойынша барлық әлеуметтік міндеттемесі толық көлемде орындалады. Инфляция деңгейін ескере отырып, әлеуметтік төлемдерді индекстеу жүргізіледі, – деді Қ.Келімбетов.
«Қолжетімді және тиімді денсаулық сақтау жүйесі» жалпыұлттық басымдығы адамдардың денсаулығын жақсартуды, қолдауды және қалпына келтіруді, сондай-ақ қазіргі және болашақ ұрпақтың игілігіне ықпал ететін тұрақты денсаулық сақтау жүйесі тұжырымдамасын дамытуды көздейді. Бұл ретте, дәрігерлердің жалақысын 2023 жылға қарай 2,5 есе өсіру міндеті тұр. Барлық өңірде 20 заманауи медициналық орталық, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында екі ғылыми-инновациялық көпбейінді клиника салынады. Қабылданған шаралардың нәтижесінде қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы 75 жасқа жетеді.
«Сапалы білім беру» басымдығы бәсекеге қабілетті адам капиталын дамытуды көздейді. Сондықтан 2023 жылға қарай мұғалімдердің жалақысын екі есе өсіру жоспарлануда. 2025 жылға дейін елімізде 800 жаңа мектеп салынады. Бұл апатты және үш ауысымдық мектептерді жойып, орын тапшылығы мәселесін реттейді. Бұдан бөлек, Назарбаев университетінің тәжірибесі бойынша 2 жетекші жоғары оқу орны құрылмақ.
– «Азаматтардың мүддесін қорғайтын әділ және тиімді мемлекет» жалпыұлттық басымдығы заңның нақты үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған құқықтық негіздерді жетілдіруді көздейді. Нәтижесінде, экономикалық қызметті ынталандыру, өмір сүру сапасын жақсарту және азаматтар құқықтарының қорғалу деңгейін арттыру үшін жағдайлар жасалмақ, – деді агенттік төрағасы.
«Мемлекеттік басқарудың жаңа моделі» басымдығы халық пен бизнестің мүддесін қанағаттандыруға бағдарланған мемлекеттік басқарудың сервистік және «адамға бағдарланған» моделін енгізуді құптайды. 2025 жылға қарай мемлекеттік органдардың барлық қызметі автоматтандырылады әрі электронды форматқа ауыстырылады. Мемлекеттік аппарат пен квазимемлекеттік сектордың саны 25 пайызға қысқармақ.
– «Патриотизм құндылықтарын дәріптеу» жалпыұлттық басымдығы ұлттық бірегейлікті сақтауға және әрбір азаматтың санасын жаңғыртуға бағытталған. Жастардың өзін өзі танытуы, қайырымдылық мәдениетінің деңгейін арттыру жайы қамтылады. «Ұлттық қауіпсіздікті нығайту» басымдығы 2025 жылға дейінгі Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы шеңберінде ұлттық мүдделерді тиімді қорғауды қамтамасыз етеді. Нәтижесінде, қоғамдық қауіпсіздік 80 пайызға дейін қамтамасыз етіліп, көлеңкелі экономика үлесі 15 пайызға дейін төмендейді, – деді агенттік басшысы.
Ұлттық жоспар аясында экономикалық қатынастардың жаңа жүйесін қалыптастыру жағдайында әртараптандырылған және инновациялық экономиканы дамытуға бағытталған құрылымдық реформалар іске асырылмақ. Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиевтің мәліметінше, реформалардың нәтижесінде экономикадағы орта кәсіпкерліктің үлесі 15 пайызға дейін өседі. Ал шағын және орта бизнесте жұмыс істейтіндердің саны 4 млн адамға дейін көбеймек.
– Экономиканың базалық салаларында қосылған құны жоғары өндірісті дамыту үшін сапалы жаңа тәсілдер іске асырылады. Экономиканы индустрияландыру жөніндегі жұмыстың негізгі нәтижесі өңдеуші өнеркәсіп өнімінің көлемін 1,5 есе ұлғайту болмақ. Агроөнеркәсіпте негізгі басымдық ауқымды және кешенді экожүйелерді қалыптастыруға арналады. Осы мақсатта 350 мың фермерлік және үй шаруашылығын тарта отырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу бойынша 7 ірі экожүйе құрылады. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 1,3 есе, қайта өңделген агроөнеркәсіп өнімінің үлесі 70 пайызға дейін ұлғаяды, – деді Ә.Ерғалиев.
Сондай-ақ экономика салаларын цифрландыру, жасанды интеллект және Big Data элементтерін енгізу жұмыстары жалғасады. Ел халқының 99 пайызы сапалы интернетке қол жеткізіп, облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалалар 5G жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылады.
– Туризмді дамыту шаралары оның үлесін ішкі жалпы өнімнің 8 пайызына дейін өсіруге мүмкіндік береді. Үйлестірілген макроэкономикалық саясат салық-бюджет тұрақтылығын сақтау және тиімді монетарлық саясатты іске асыру, сондай-ақ бәсекелі және тиімді қаржы нарығын дамыту есебінен қамтамасыз етілмек. «Экономикалық және сауда дипломатиясын белсенді дамыту» жалпыұлттық басымдығы Қазақстанның нақты бәсекеге қабілеттілігін арттыруды және оның әлемдік экономикалық қоғамдастықтың жауапты қатысушысы ретіндегі мәртебесін нығайтуды көздейді. Сыртқы экономикалық саясатта инвестицияларды белсенді және таргеттеп тарту, сондай-ақ қазақстандық экспортты ілгерілету маңызды басымдыққа айналады. Осыған орай 2025 жылға қарай тікелей шетелдік инвестиция көлемін 30 млрд долларға жеткізу жоспарлануда. Шикізаттық емес экспорт екі есе, яғни 41 млрд долларға ұлғаяды, – деді Ұлттық экономика министрі.
«Теңгерімді аумақтық даму» жалпыұлттық басымдығы өңірлердің әлеуетін ашуды және олардың әлеуметтік-экономикалық жүйелерінің бәсекеге қабілеттілігін нығайтуды көздейді. 2025 жылға қарай урбанизация деңгейі 62,6 пайызды құрайды деген болжам бар. Сонымен қатар әрбір тірек ауылға дейінгі барлық республикалық және жергілікті жол қайта жаңартылып, жөнделеді. 3,5 мыңнан астам ауыл жаңа өңірлік стандарттарға сәйкес жаңғыртылады.
Ұлттық жоспар 2025 жылға қарай экономиканың өсуін 5 пайызға қамтамасыз етпек.